Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев: Реформалардың мақсаты ІЖӨ өсімі мен әлемдік рейтингтерден орын алу емес

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев инвесторлармен елді одан әрі трансформациялау жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Тоқаев

Мемлекет басшысы елімізді одан әрі трансформациялау жөніндегі ойын ортаға салды. Қасым-Жомарт Тоқаев заң үстемдігі мен оның тең дәрежеде қолданылуы жаңа бағдардың сөзсіз негізі болатынын атап өтті.

“Бұдан былай экономикалық реформалардың басты міндеті – ішкі жалпы өнім өсімінің абстрактілі сандары мен әлемдік рейтингтерден орын алу емес, халқымыздың табысы мен тұрмыс сапасын арттыру. Әрине, бұл мақсатқа кәсіпкерлердің жаңа шоғырын қалыптастырмай, жоғары сапалы инвестиция тартпай қол жеткізу мүмкін емес. Фаворитизмді, элитаның ерекше мүдделері мен артықшылықтарын, сыбайлас жемқорлық пен олигополияны жоямыз деп, халық пен адал бизнеске берген уәдеміз толықтай орындалады”, – деді Қазақстан президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев барлық халықаралық рейтинг агенттіктері еліміздің инвестициялық ахуалы сенімді екенін тұрақты түрде растайтынын атап өтті. Президенттің пікірінше, қаңтар оқиғасындағы қайғылы жағдайларға қарамастан, елдің саяси және экономикалық жүйесі беріктігін көрсетті.

“Барлық деректің жуырда ресми жариялануы біздің бүкіл іс-әрекетіміздің толық ақталғанын және тек еліміздің тұтастығын сақтауға, азаматтарымыздың өмірі мен бизнесіміздің мүлкін қорғауға бағытталғанын айқын дәлелдейтініне сенімдімін. Қазақстанда ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан еліміздің достары – сіздерге бұл белгілі деп ойлаймын. Сол күндердің шынайы картинасы туралы ақиқат аса маңызды”, – деді мемлекет басшысы.

STAN.KZ
Сейсенбі, 22 Ақпан, 2022 21:22
Талқылау