"Жарты жолға келгенде далада қалуымыз мүмкін": Алматыдағы қыздар педагогикалық университетінің студенттері бас көтерді
Қазақ Ұлттық Қыздар Педагогикалық университетінің 2021 жылы қашықтан оқуға түскен студенттері өздерінің жанайқайын жеткізу үшін оқу орнына жиналды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген студенттер оқу орнының жыл ортасында өздерін дәстүрлі оқыту форматына көшіргеніне наразы. Студенттердің талабын Stan.kz тілшісі тыңдап қайтты.
Студенттердің басым бөлігі оқу орнына екінші жоғары білім алу үшін Қазақстанның басқа аймақтарынан түскендіктерін айтады. Оның үстіне көпшілігінің күн сайын келіп оқуға мүмкіндіктері де жоқ екен. Себебі студенттердің 80%-дан астамы – оқу ақысын төлеу үшін және бала-шағасын бағып қағу үшін жұмыс істейтін аналар. Кейбірі тіпті бала күтімі бойынша декреттік демалыста отырған көрінеді.
"Қыздар педагогикалық университетінде қашықтан білім алып жатқан жалпы саны 600-дей студентпіз. Бізге алдын ала ескертпестен, оффлайн режимге ауыстырып тастап отыр. "Оқуды жалғастыруға мүмкіндіктерің болмаса, шыға беріңдер" дейді. Бірінші семестр аяқтала салысымен айтқан кезде біз басқа ЖОО-на ауысып үлгерер едік. Ал қазір екінші семестр басталып кеткендіктен, бізді ешбір оқу орны қабылдамайтыны анық. Университеттің ресми сайтында екінші мамандық алу бойынша қашықтан оқудың кереметтілігін жеткізген жарнама кім-кімді болса да қызықтырары рас. Онда ешқандай оқу орнына келіп әуре болмайсыздар, өте ыңғайлы, қолайлы деп көрсетілген. Біз де сол жарнаманы көріп, оқуға келген едік. "Кейін дәстүрлі форматқа ауысып кетулерің мүмкін" деген мәселе бізге алдын ала ескертілген жоқ”, – дейді университет студенті Мақпал Дүйсенова.
Сөзінше, студент оқуының ақысын өтеу үшін несие алған.
“Оқу орны басшылығының айтуынша, бұл университет шығарған шешім емес. Бұл талапты қойып отырған – еліміздің білім және ғылым министрлігі. Өзімнің бірінші мамандығым – журналист. Ауылды жерде өз мамандығым бойынша жұмыс істеу мүмкін болмағандықтан, мұғалімдікті оқуға бел буған едім. Шынымды айтсам, бұл маған оңайға соғып жатқан жоқ. Оқу ақысын несие алып төлеп отырмын", – деп қосты ол.
Студенттер дәрістер мен семинарлар, сонымен қатар практикалық сабақтар толық көлемде өткізілетіндіктен, онлайн режимінде алатын білім дәстүрлі форматтан еш кем түспейтінін алға тартады. Бүгінде оқу құнының 50 пайызын төлеп, алғашқы семестрді сәтті аяқтаған студенттер өздерінің жарты жолда қалуы қисынсыз екендіктерін айтады.
"2022-2023 оқу жылында 100% оффлайн оқу керектігі туралы талап қойылып отыр. Көпшілігіміз орта мектепте мұғалім болып жұмыс істейміз. Университетте оқу мерзімі мектептегі 3 және 4 тоқсанның аяқталуымен сәйкес келеді. Бұл мектеп мұғалімдері мен оқушылары үшін маңызды кезең екенін ескерсек, онда біздің жұмыстан шығуымызға тура келеді. Ал жұмыстан шықсақ, оқу ақысын төлеудің өзі қиынға соғайын деп тұр. Қашықтан оқу кезінде бір жылдық оқу ақысына 336 мың теңге төлесек, дәстүрлі оқу форматында 536 мың теңге төлеуіміз керек болып тұр. Яғни оффлайн оқытуға байланысты оқыту құны 2 есеге дейін өспек. Біз осы талаптарды орындай алмасақ, жарты жолға келгенде далада қалуымыз мүмкін. Осыған байланысты біз, еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтен оқып жатқан студенттерге сабағын толық аяқтап, диплом алуына мүмкіндік беруін өтініп сұраймыз", – дейді орыс тілі және әдебиеті мамандығы бойынша білім алып жүрген Мадина.
Мұндай жағдайға 1700 студент тап болған. Аталған жағдайға байланысты университет басшылығы пікір білдірді.
"Бүгін қашықтан білім алу технологиясының қолданылуымен (бұдан бұрын сырттай білім беру бағдарламасы) білім алып жатқан әріптестеріммен кездесу өткіздім. Әріптестерімнің көбісі оқу бағдарламасының дәстүрлі (оффлайн) форматта өтуіне қарсылықтарын білдіруде. 2021 жылы Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, аталған бағдарлама бойынша университет өзіне білімді 80% дәстүрлі (оффлайн) форматта, 20% қашықтықтан өткізу міндетін алды. Бұл өзгерістер еліміздегі педагогикалық кадрлардың сапасын арттыру мақсатында жасалып жатқан жүйелі саясаттың маңызды бөлігі. Университетіміздің басты мақсаты – білім алушылар алдындағы міндетімізді сапалы түрде орындау. Әріптестердің көп бөлігі жұмыс істеп жүрген мамандар болғандықтан, Университет өз тарапынан мүмкіндігінше ыңғайлы күнтізбе қойып, төлемақыдағы күтілетін өзгерістерді де төменгі шетте ұстауға әрекет жасайды", – дейді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гүлмира Қанай.