Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысындағы тас жолдан 50-ден астам адам эвакуацияланды

Ақмола облысында синоптиктердің ескертуін елемей жолға шыққан 51 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап. 

Ақтөбе облысында толғатқан аяғы ауыр келіншекке көмекке келе жатқан дәрігерлер қар құрсауында қалған. Шығыс Қазақстанда жағдай тіпті қиын. Мұнда қаңтарда жаңбыр жауып, жолдар көктайғаққа айналды.

Алай-дүлей боран болатынын синоптиктер алдын ала ескерткен. Бірақ демалыс күндері жолға шыққан жолаушылар қиындыққа тап болды. Діттеген жеріне жетуге асыққан 10 бірдей көлік Қарағанды - Нұрсұлтан тас жолында  соғылып қалған. Әйтеуір бәрі дін аман.

Соңғы екі күнде ақтүтек бораннан республикалық маңызы бар 16 жолдың 37 бөлігі  жабық болды. Дегенмен жолда қалып құтқару қызметінің көмегіне жүгінгендер көп.

“Мобильді жылыну бекеттері ұйымдастырылды. Зеренді, Атбасар, Жақсы Бурабай аудандарында жолда қалған 51 адамды құтқаруға тура келді. Далада адасып қалып, күркесін жел ұшырып әкеткен балықшыны түнімен іздеп таң ата таптық. Ескертуді елемей, өміріне қауіп төнетінін білсе де жолға шығатындар көп”, – дейді Ақмола облысы ТЖД бастығының орынбасары Қанат Доспаев.

Ақтөбе облысында қар құрсауында қалған 33 адамның бесеуі – бала. Ересектер қыраулы қыста  ауа райына  қарамастан балаларын бірге ала шыққан. Осы уақытта аймақтағы барлық трасса  жабық болған. Олар мінген сегіз көлікті құтқарушылар қардан аршып алыпты. Қарғалы ауданының шеткі ауылында толғағы қысқан келіншекке дәрігерлер жете алмай әуреге түскен. Құтқарушылар дер кезінде үлгеріп, ақ халаттылар келіншекті үйінен босандырып алды.

“Қарғалы ауданында жедел медициналық көмек көлігі қар құрсауына түсіп, босанғалы жатқан әйелге жете алмаған. Сондай хабарлама келіп түсті. Жедел жәрдем көлігін қар құрсауынан босатып, белгіленген уақытта босанғалы жатқан әйелге әзер жеткен”, – дейді Ақтөбе облысы ТЖД бас маманы Нұрбек Оралбаев.

Қарағанды облысында көктайғақ пен бораннан мектепте сабақ тоқтады. Білім басқармасы баланы үйден шығармауын сұраған хабарламаны таң атпай таратқан. Көктайғақ салдарынан 26 жол апаты тіркеліпті.

Талқылау