"Біз екі тәулік ұйықтамадық": Қазақстанда еріктілер интернет өшкен кезде жақындарымен байланысуға арналған қызмет құрған
Қазақстанда интернет өшкен кезде волонтерлер байланыссыз қалған адамдарға “Бауырмен байланыс” Telegram арнасын ашып, көмек қолдарын созды. Шетелдің түкпір-түкпірінен 316 ерікті бес күн бойы жұмыс істеп, түскен 7 мыңға жуық өтініштің 50 пайызын қарастырып үлгерген. Олар ел ішінде байланыссыз қалған адамдардың жақындарына хабарласып, қал-жағдайларын сұрап, туыстарына кері байланыс берген. Соңғы бес күндегі жұмысының қорытындысымен осы жобаның үйлестірушісі, блогер Күнікей Нұрлан Stan.kz тілшісімен бөлісті.
Қазақстандық блогер Күнекей Нұрлан ел бойынша интернет болмаған кезде басқа адамдардың да байланыссыз қалғанын түсініп, жұбайымен бірге VPN-ге арналған бірнеше қосымшаны жүктеп, Қазақстан халқына жақын адамдарымен байланыс орнатуға көмектесуді шешеді.
Бастапқыда блогер адамдарды жақындармен байланыстыруға көмектесу жайлы ойын Instagram-да стористен айтқан. Содан соң оған адамдар кері байланысқа шыға бастайды, осылайша жақындарына хабарласуын сұраушылар саны көбейе түседі.
“4 қаңтарда ұялы байланыс жұмыс істеді, бірақ көптеген адамда интернет болған жоқ. 5 қаңтарда интернет толығымен өшірілді және VPN көмегімен күйеуім екеуміз шетелде жүрген, сол жерде тұратын адамдарды Қазақстандағы туыстарымен байланыстыруға тырыстық. Оларға жақындарының жағдайы туралы айтып, олардың туыстары үйде аман-саулықта отырғанын хабарлап жаттық”, – дейді Күнекей Нұрлан.
Бұл қызметті блогер өзі құрған “Бауырмен байланыс” атты чат арқылы жүзеге асырады.
“Бауырмен байланыс” деп аталатын телеграм арна аштық, қазір 10 мыңнан аса оқырманы бар. Чатқа өтініштер жазылды. Біз өтініш жіберген адамның атын жазып, хабар бағытталған адамның номерін жариялап, оған арналған хабарды чатқа жаздық, волонтерлер бірден өтінімді қабылдап, қоңырау шалып, сол жерде өтінімнің статусын жазып отырды. Мүмкіндігінше барлық өтінішті қарастыруға тырыстық”, – дейді жоба құрушысы.
Мұндай өтініштердің саны көп болғандықтан, блогер өзіне көмектесетін еріктілерді іздейтінін мәлімдеген. Қол ұшын созғандар Ресей мен Өзбекстан, Түркия азаматтары арасынан да табылған.
Еріктілердің көбі шетелдіктер болған. Олардың қатарында студенттер, кәсіпкерлер, зейнеткерлер, Қазақстан және одан тыс елдердің азаматтары бар.
“Біз Skype және басқа да халықаралық қоңырау шалуға арналған қосымшалармен ұялы байланыс арқылы қоңырау шалдық. Адамдар кез келген ақшаны жұмсауға дайын, бірақ қоңырау шалуда қиындықтар болып жатты. Неге екені белгісіз. Алайда "Билайн Қазақстан" мен "Билайн Ресей" сияқты операторлар арқылы байланысуға болады, ал басқа ұялы операторлардың нөмірлеріне және басқа елдердің қалалық нөмірлеріне хабарласа алмадық. Біз ешқандай қаржылық көмек алмаймыз, тек еріктілер телефондарының балансын толтыруды сұрадық”, – дейді ол.
“5 күн бойы 295 ерікті өтініш қабылдау чатында отырды, 1600-ден аса ерікті чатқа қосылды, шамамен 7 мың өтініш түскен, соның 50 пайызын қарастырдық”, – дейді бес күндік жұмысын қорытындылай келе блогер.
Оның айтуынша, осы күндері психологиялық қысымнан шаршаған. Колл-центрге тиесілі құзіреті болмағандықтан, бұл жағдайға, адамдардың эмоциясына қалай кері байланыс жасау қажеттігін білмеген.
Оның сөзіне қарағанда, бұл жұмыстағы ең әсерлі әрі мұңлы сәт үлкен кісілерге, егде тартқан адамдарға хабарласу кезі болған.
Мыңдаған хабарламаның ішінде блогердің есінде сақталғандары мен көңілін елжіреткендері де бар.
“Оларды жақсы көретінімді жеткізіңіз!”, “Ұлымды жоғалтып алдым, хабарға шықпай жатыр”, “Өтінемін, хабарласуға көмектесіңіздерші, ақылымнан адасатын болдым!” деген сынды сансыз эмоцияны қоңыраудан естігенін жасырмады.
“Біз хабарласқан кезде олар жылап, балаларының қайда екенін білмейтінін айтты. Оларға жақындары шет жақта екенін, қалдарын білу үшін бізді хабарласуды сұрағанын айтамыз. Әңгіме барысында біз жалпы жағдайды, олардың қауіпсіздіктерін, азық-түлік тапшылығы бар-жоғын анықтаймыз. Және үйден шықпауға кеңес береміз. Біз тіпті күні-түні кезекшілікте жүрген әскерилер мен дәрігерлерге хабарластық. Көпшілігінің жағдайы ойдағыдай. Алайда біз хабарласып, байланыс орната алмағандар да табылды. Күйеуім екеуміз екі тәулік ұйықтамадық. Күйзеліс. Адамдар не болып жатқанын білмей телефонның ар жағында жылағанын естиміз. Бізде психологиялық білім жоқ, психологиялық көмек көрсете алмаймыз. Біз тек адамдар өзінің туыстарымен байланыс орнатуына көмектескіміз келеді. Волонтерлік қызмет менің уақытымның белгілі бір бөлігін қамтиды. Сол арқылы мен өзімді психологиялық тұрғыда тұрақты сезінемін”, – деді блогер.
Евроньюс басылымына берген сұхбатында блогер өзінің стористерін көрген шетелдіктер "Қалайша сізде интернет қолжетімді, Қазақстан вакуумда тұрғандай болып тұр ғой" деп жазып жатты дейді.
Қазірдің өзінде “Бауырмен байланыс” арнасында 316-дан аса волонтер бар, дейді қазақстандық блогер.
“Біз уақытша қоғамдастықпыз. Алдағы уақытта еріктілер мен белсенділер көмегімен қаланы қалыпқа келтіруге атсалысамыз”, – деді Күнекей Нұрлан.
Телеграм арнаны қазақстандық блогерлер қолдады, сондықтан біздің ауқымымыз кең болды дейді ол. Олардың қатарында танымал блогерлер Нагима Ахметова мен Евгений Чебатков бар.