Маңғыстаулық фермерлер ауыл шаруашылығы басшысының отставкаға кетуін талап етті: Министр өзі не дейді
ҚР ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Маңғыстау облысындағы фермерлердің отставкаға кету туралы талабына жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұған дейін КТК телеарнасы шаруалардың сапары Ауыл шаруашылығы министрлігінің шенеуніктері үшін күтпеген жағдай болғанын хабарлаған болатын. Маңғыстау облысынан келген шаруа Әділбек Сағындықов Қарашөкеевтің қызметінен кетіп, кәсіби маманға жол беруге міндетті екенін мәлімдеген болатын.
"Орныңыздан кетуіңіз керек. Ал сіздің орныңызға халқына жаны ашитын жақсы маман табу керек. Ренжімеңіз, бірақ Маңғыстау тұрғындары сіздің жұмысыңызға көңілдері толмағандықтан ашулы. Біздің қалауымыз – тезірек әрекет етіп, аймаққа қолдау көрсетулеріңіз. Қыстың екі айы ғана қалды, аман өтуге көмектесіңіз. Өткен жылмен салыстырсақ, Маңғыстауда малдың тек төрттен бірі ғана қалды. Егер қалған мал басы Ақтөбеге немесе Оралға сатылды десем, өтірік айтқаным емес", – деді маңғыстаулық фермер Әділбек Сағындықов.
Министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясы барысында төрт сағат бойы шаруалармен кездесу өткізіп, оларға қажет қолдау шаралары туралы әңмілескенін айтты.
"Мен Үкімет мүшесі болсам да, менің тағайындалуым немесе отставкаға кетуім туралы шешімді басшылық қабылдайды", – деп жауап берді министр.
Айта кетейік, маңғыстаулық шаруалар жазғы құрғақшылық пен малдың жаппай қырылуынан кейін мемлекеттің дұрыс қолдау көрсетпегеніне наразылықтарын білдірді.
Фермерлер қырылған малды қайта санауды талап етіп отыр. Олар өлген малдың саны 1700-ден көп екенін айтуда. Сондай-ақ шаруалар жемнің құны жоғары екенін мәлімдеді. Тіпті ең қымбат шөп – Маңғыстау облысында көрінеді. Егер осылай жалғаса берсе, қыста аймақтағы қалған мал қайта қырылатынын сөз қылды. Шаруалар шенеуніктерден мәселеге шұғыл араласып, бағаның төмендеуін қолға алуды сұрап отыр.
Естеріңізге сала кетейік, Ербол Қарашөкеев биыл 1 қыркүйекте ауыл шаруашылығы министрі болды. Бұл лауазымды одан бұрын атқарған Сапархан Омаров Қазақстанның барлық аумағындағы шаруалардың құрғақшылық салдарынан жапа шегуіне байланысты отставкаға кеткен.