Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балаларымды тартып алып, өзімді қуып шықты": Алматылық әйел азаматтық некедегі күйеуінің әрекетіне шағымданды

Алматы тұрғыны Айсұлу Дайрабаева өзінің 2 және 1 жастағы балаларын бұрынғы күйеуі бермей отырғанын айтады. Қостанай облысында тұратын азамат әйелді алдап шақырып алып, одан балаларын күшпен тартып алған. Артынан әйелді үйінен қуып шығады. Тіпті бүлдіршіндерді анасына көрсетпей отыр екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Балаларының әкесімен Алматыда азаматтық некеде тұрған әйел осы уақытта екі қызды дүниеге әкелген. Айтуынша, балаларының әкесі алғашқы некесінен сәбилі бола алмапты. 

“Екі қызым бар. Үлкені 2 жаста, кішісі 1 жаста. Басында Алматыда бірге тұрдық. Кейін ол Қостанайға барып-келіп жүрді. Оның заңды некеде әйелі болған. Араларында балалары болмағаннан кейін ажырасып кеткен. Кейіннен менімен бірге тұра бастағаннан кейін анасымен танысуға бардық. Бірақ мені қабылдамады. Ол кезде аяғым ауыр болатын. Осылайша мені қуып жіберді. Сөйтіп Алматыға қайта келдім. Кейін босанғаннан кейін ол қарындастарымен келіп, баланы көрді. Өз тегін берді. Балаға ішіп жылып, анасымен сөйлесу үшін Қостанайға кетіп қалды”, – дейді Айсұлу. 

Ақыр аяғында күйеуі оны үш айдан кейін Қостанайға шақырып алады. Алайда әйелді күтпеген оқиғаға ұшырайды. 

“Ол кезде балам 6 айлық болатын. Барғанымда әпкесі мен қарындасы асты-үстіме түсті. Баланы тамақтандырды. Ақыр аяғында бәрі жабылып менен қыздарымды тартып алып қойды. Менің амалсыз Алматыға қайтуыма тура келді. Кейін барып шу шығарып, балаларымды аламын дегенде ғана ол сотқа жүгінді. Өзі спирттік ішімдік ішеді. Маған бәрі “балаларыңды сондай адамның қолында қалай қалдырасың?” деп айтып жатыр. Бірақ бұл оңайға түспеді. Сотта маған балаларымды көрсеткен жоқ, отырысқа олардың әкелері қатыспады. Мен талапкер ретінде қатыссам, олар маған жауапкер ретінде қарайды. Тергей береді, сұрай береді. Менен балаларды тартып алуға көмектескен әпкелерінің үстінен арыз жазғанмын. Оларды ешкім ешқайда шақырған да жоқ, тергеген де жоқ. Мен барсам, соттың онлайн өтетінін айтып, қайтарып жібереді. Судьяға шақырыңыз десем, сот онлайн өтеді, неге келесіз деп айтып қайтарып жібереді”, – дейді әйел. 

Сөзінше, бұған дейін екі рет сот отырысы болған. Екі сотта да балаларының әкесі жеңіске жетіпті.

“Себебі адвокат жалдап алған. Судья маған материалдық жағдайымның жоғын айтып, ұрысты. Артымда үйім мен жалақымның балаларды асыруға жететінін дәлелдейтін құжаттарым болуы керектігін жеткізді. Мен одан кейін де бірнеше рет сот шешіміне қарсылығымды білдіріп, арыз жаздым. Бірақ қараудан бас тартып отыр. Балаларымның әкесінің материалдық жағдайы жасалған. Бұнымен қоса ол маған балаларымды көрсетпей отыр”, – дейді әйел. 

Айсұлу Дайрабаева Алматыда пәтер жалдап тұратын көрінеді.

“Адвокат жалдаған болатынмын. Бірақ олар Қостанайдың алыс екенін айтып, ол жаққа бармай отыр. Заңгерді Қостанайдан табу керек болып тұр. Сол жақтағы адвокатпен сөйлескенімде айналыса алмайтынын, ұзақ процесс екенін айтты”, – деп қынжылды әйел. 

Бармаған жерім, баспаған тауым қалмады деген әйел көмекті журналистерден сұрауға тура келді дейді. 

Stan.kz редакциясы осы жағдайға қатысты Қостанай облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына сұрау хатын жіберген болатын. Олар әйелдің сот шешіміне шағымданбағанын жеткізді. 

“Соттың 2021 жылғы 15 сәуірдегі шешімімен кәмелетке толмаған балалар - 2019 жылдың 5 наурызында туған Ы. мен 2020 жылдың 20 наурызда туған А. әкесімен бірге тұрады. 2021 жылғы 27 мамырда сот шешімі заңды күшіне енді және апелляциялық тәртіппен шешімге шағым жасалмады. Сонымен қатар 2021 жылғы 24 тамызда сот өндірісіне кәмелетке толмаған балалардың анасының әкесіне балалардың тұрғылықты жерін анықтау туралы талап-арызы келіп түсті және соттың 2021 жылғы 18 қазандағы шешімімен талапты қанағаттандырудан бас тартылды. Өтініш беруші қайтадан өтініш жасай отырып, балалардың әкесімен бірге тұратын жері туралы сот бұрын қабылдаған шешімді қайта қарау үшін негіз болатын жаңа мән-жайларды келтірмеген. 2021 жылғы 18 қазандағы сот шешімі заңды күшіне енген жоқ. Сот шешімімен келіспеген жағдайда тараптардың апелляциялық тәртіппен шағым жасауға құқығы бар”, дейді судья Г. Сейдахметова. 

Сондай-ақ, осы мәселе бойынша заңгер Альбина Бахтиярқызының пікірін білген едік. Оның айтуынша, әкесінің анасына балаларын көрсетпеуі заңға қайшы нәрсе. Бұған қоса, ол істе шикілік барын жеткізді. 

“Егер ол ана құқығынан айырылмаған болса, ешқандай психикалық мысалы ауыр ауруларға шалдықпаған болса, онда ананың балаларымен көрісуіне еш кедергі жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, неке және отбасы кодексіне сәйкес, ана да, әке де бала тәрбиесінде тең құқылы. Ата-ана ретінде бірдей міндеттер мен құқықтар бар. Егер әкесі балаларын анасына көрсетпей жүрген болса, анасы да балаларымен кездесудің кестесін сот арқылы жасай алады. О бастан анасына ешкім заң жолында дұрыс бағыт көрсетпеген сияқты. Себебі тәжірибеде сот 90% жуық баланы анасымен қалдырады”, – дейді адвокат. 

Сонымен қатар адвокат алматылық әйелге тегін заңгерлік кеңес беруге дайын екенін айтты. 

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 17 Қараша, 2021 13:11
Талқылау