Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көмірге таласқан: Алматы облысында жүк тиегішке мініп алған әйелдің видеосына әкімдік жауап берді

Алматы облысында көмір алу үшін көліктің жүк көтергішіне мініп алған әйелдің әрекетіне әкімдік түсінік берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бұған дейін Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылының тұрғыны көмірге келіп, жүк тиегіштің көтергішіне мініп алған бейнежазбасы желіге тараған болатын. Ол көмірді жүк көлігінің бортына төгу кезінде де тиегіштен түспеген.

Instagram-ға жарияланған жазбада: "Бұл ақылға қонымсыз. Көмірдің дұрыс бөлінбеуі салдарынан адамдар амалсыз осындай әрекеттерге баруға мәжбүр", - делінген.

Кербұлақ ауданының әкімдігі бұл жағдайға қатысты түсінік берді.

"Халықтан дүрлікпеуді сұраймыз. Иә, желіде әйелдің жүк тиегіш көліктің көтергішіне мініп алған бейнежазбасы тарады. Мұның бәрі арандатушылық болды. Бүгінгі таңда Кербұлақ ауданының тұрғындарына көмір сату 2 нысанда жүзеге асырылады: "Санчез" (Шұбаркөл) ЖК, "СаудаКөмір" ЖШС (Қаражыра). Қазан айында Сарыөзек бекетіне 42 вагон жеткізілді. Бүгінде Сарыөзек станциясында 10 вагон бар. Барлығы кезекті сақтау арқылы жүзеге асырылуда", - деді Кербұлақ ауданының әкімі Ғалиасқар Сарыбаев.

Айта кетейік, Кербұлақ ауданының тұрғындарына жылу беру маусымына көмір қажеттілігі 74 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде 52,8 мың тоннасы немесе 71%-ы сатылды.

Облыс бойынша көмірдің орташа бағасы 14-14,5 мың теңгені құрайды. Теміржол қатынасы жоқ өңірлерде көмір жақын маңдағы тұйықтардан автокөліктермен жеткізіледі, бұл көмірдің бағасына да әсер етеді. Мұндай өңірлерде жеткізу қызметін есепке алмағанда, баға 19-20 мың теңгеге дейін барады. 

Талқылау