AAPL
137.59 $
0.17 %
TSLA
709.42 $
-0.05 %
NDAQ
143.08 $
0.7 %
GOOGL
2207.68 $
-1.35 %
FRHC
40.71 $
-0.97 %
AAPL
137.59 $
0.17 %
TSLA
709.42 $
-0.05 %
NDAQ
143.08 $
0.7 %
GOOGL
2207.68 $
-1.35 %
FRHC
40.71 $
-0.97 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Дәрігердің жұмысы 3-5 жыл аралығында тексеріліп отырады": Сарапшы алдағы жылдары медицина саласына қандай өзгерістер енгізілетінін айтып берді

Елімізде медициналық қызметкердің жауапкершілігін сақтандыру алгоритмі әзірлену үстінде. Бұл бастама "Салауатты ұлт" әр азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау" атты ұлттық жобасы арқылы қолға алынатын болады. Алдағы жылдары медицина саласына қандай өзгерістер енгізілмек? Stan.kz тілшісіне Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің ғылыми консультанты, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мақсұт Құлжанов айтып берді. 

 Жалпы ұлттық жоба мен мақсаты туралы айтып берсеңіз.

– Ұлттық жоба денсаулық сақтау жүйесін дамыту бойынша 2025 жылға дейін нақты, қол жеткізуге болатын міндеттерді қамтиды.  Біріншіден, ұлттық жобаның мақсаты – халықты сапалы және қол жетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету. Екіншіден, эпидемиологиялық жағдайға медициналық жүйемізді бейімдеу. Үшіншіден, елімізді дәрі-дәрмекпен және медициналық жабдықтармен толықтай қамтамасыз ету. Төртіншіден, салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың пайызын арттыру. Спорт саласын жетілдіріп, спорттық кешендердің жеткілікті болуын, әсіресе балаларға қолжетімді болуын қарастыру. Жоба осы басты төрт бағытты құрайды. 

 Ұлттық жобада халыққа, әсіресе, ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бойынша қандай шаралар қабылданатын болады? 

– Ұлттық жоба бойынша ауылдағы халықты медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмыстар жүргізілетін болады. Осының аясында, пойыздар мен көліктерге орнатылатын медициналық жабдықтарды екі есе көбейткелі отырмыз. Үш миллионға жуық адам қамтамасыз етілетін болады. Сонымен қатар, шалғай жатқан ауылдарға медициналық диагностиканы жеткізуді қолға алатын боламыз. Бұл дәрігерлердің пациенттердің диагнозын дер кезінде анықтап, ауруын асқындырып алмай емдеуіне мүмкіндік береді. 

Бұнымен қоса, медицина саласында көп жылдан бері қалыптасып келе жатқан реабилитация саласын жандандыру мәселесі қолға алынып отыр. Ең бастысы, қан аурулары, инсульт жағдайларын реабилитацияландыру жағдайларын 90 пайызға арттыру жұмыстары жүргізілетін болады. 

Бағдарлама бойынша инфрақұрылымның жағдайын жақсарту жұмыстары қолға алынбақ. Елімізде 5 жылдың ішінде 20 заманауи аурухананың құрылысы бой көтеретін болады. Әрбір облыста заманауи, ең жақсы жабдықталған ауруханалар салынады. Ауылдарға 140-қа жуық фельдшерлік пункттер, дәрігерлік амбулуторияларды ашу көзделіп отыр. Негізінде біраз ауылда ешқандай медициалық көмек көрсету орындары жоқ. Соны қамтамасыз етіп, ауылдағы  медициналық көмектің деңгейін арттыратын боламыз. 

 Ана мен бала денсаулығын сақтау жөніндегі шаралар ұлттық жобада көзделген бе? 

– Біріншіден, жүкті әйелдерді жеке және аралық босанғанға дейінгі бақылаумен қамту жұмыстары қолға алынады. Екіншіден, 1 жасқа дейінгі балаларды проактивті бақылаумен және скринингтермен қамтамасыз етіп, балаларды оңалту орталығын ашу жоспарлануда. Бұл мүмкіндігі шектеулі балаларды медициналық оңалтумен қамтуды 3 есеге ұлғайтуға мүмкіндік береді. 

Әйелдер жүкті болған соң ерте тізімге алынып, ана мен бала денсаулығы бақылауға алынуы тиіс. Сонда керек шаралар уақытында жүргізіліп, жүкті әйелдердің өлім саны азаятын болады. Сондай-ақ, отбасында жүктілік пен балалардың санына жоспар жүргізілуі керек. Әр отбасы жағдайына қарауы керек, егер жылда-жылда бала туыла берсе, ананың жағдайы нашарлайды. Аз дегенде бала туылғаннан кейін екі жылдан кем емес уақытта жүктілік жоспарлануы керек. Осы жұмыстар бойынша тиісті шаралар жасаймыз деп мақсат қойып отырмыз. 

Ең басты мәселе – кадр жетіспеушілігі. Әсіресе, ауылдардағы медициналық ұйымдарда тиісті мамандар жетіспейді. Кейбіреулері біраз жұмыс істегеннен кейін барған жерінде тұрақтап қалмайды. Қайтып қалаға қайтады. Осы жағдайларды шешу бойынша нақты шаралар қабылданатын болады.

 Қазақстанда дәрігерлерді лицензиялау қызметі қашан басталады?  

– Бізде лицензияны медициналық мекемелерге береді. Елімізде әлі де лицензия жөнінде әңгіме болып, дискуссиялар жүріп жатыр. Көп елдерде дәрігерлерді лицензиялау жоқ болғандықтан оның қажет, қажет еместігі әлі де зерттелетін болады. Ең бастысы, қазіргі таңда сертификация жүйесі жұмыс істеп тұр. Сертификация арқылы дәрігерлеріміздің сапалы қызмет ете алатынын білуге болады. Ол 5 жылға беріледі. Сол жылдар ішінде маман білімін жетілдіріп, істейтін жұмысын оңтайландыруы керек. Бізде осы жүйе ғана бар. Лицензия жөнінде айтуға әлі ерте.  

 Қандай негізде дәрігерлерге лицензия беріледі. Лицензия берілгеннен кейін ақ халаттыларды лицензиясынан кім және қалай айыратын болады? 

– Қазіргі заң бойынша лицензия бір рет қана беріледі. Сертификация кезінде дәрігердің жұмысы 3-5 жыл аралығында тексеріліп отырады. Мәселен, Германия елін алып қарайтын болсақ, медициналық ассоциациялар дәрігерлерге жауап береді. Яғни, сіз белгілі бір ұйымға тіркелген болсаңыз, жауапты мемлекет емес ассоциация болады. Біз сондай қадамға барамыз ба, жоқ әлде мемлекет жауапты бола бере ме, нақтыланып жатыр. 

 Қазақстандықтарда қашан дәрігерлердің жұмысын қосымша арқылы бағалау мүмкіндігі пайда болады және ол не береді?

– Дәрігерлердің жұмысын қосымша арқылы бағалау мүмкіндігі болады. Бұндай жүйе басқа елдерде бар. Бірақ бізде нақты қашан болатыны белгісіз. Бірақ қазіргі таңда технологиялар ақпараттың ашылмай қалуына мүмкіндік беріп отырған жоқ. Өз басым, қосымшаның болуына қарсы емеспін. Қазіргі таңда әр емханада науқастарды қолдау қызметі деген бар. Алдын ала хабарласып, қандай сұрақтары бар соған жауап алуына болады. Бір шетінен дәрігерлердің жұмысына бақылау жүргізе алады. Мекемелердің қызметі бойынша рейтинг жасайтындар да қосымша арқылы бағалау мүмкіндігі мәселесін қозғап отыр. Негізі дұрыс, бір жағынан жарнама секілді болады. Рейтингіңіз жоғары болса, сізге адам көп барады деген сөз. Бұл бастама жекеменшік жүйеде жақсы жұмыс істейтін шығар. Бірақ әлеуметтік мекемеде жұмыс істейтін дәрігерлердің арасында бұндай бәсекелестік тудырудың керегі жоқ деп ойлаймын. Бұл үшін көп ақпарат жинау керек, өте күрделі жұмыс. 

 Қазақстанда медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі қашан енгізіледі? Бұл жұмыс қалай жүргізілетін болады? 

– Медициналық қызметкерлердің жұмысын сақтандыру бойынша бастама қолға алынатын болады. Қазіргі таңда талқылау жүріп жатыр. Тиісті өзгертулер енгізу бойынша заң жобасы жүргізіледі. Нақты уақытын айту қиын, алдағы бір-екі жылда міндетті түрде іске қосылатын болады. Негізінде сақтандыру қызметі екі жүйе бойынша жұмыс істейді. Бірінші жүйеге сәйкес маманның науқасқа кесірі тиген-тимегені сот арқылы анықталатын болады. Яғни, сотта дәлелденетін болса ғана науқасқа ақша төленеді. Еуропа елдері қолданатын тәжірибе бойынша бұндай мәселелерді дәрігерлердің ассоциациясы шешеді. Олар барлығын жан-жақты зерттейді. Науқасқа операция кезінде не болмаса, диагностика кезінде зақым келгені анықталады. Әр адамның организмі бөлек, белгілі бір стандарт жоқ. Кейде стандартты операция жасаған кезде науқастың органдары бұны қабылдамауы мүмкін. Бұны кездейсоқ зиян тигізушілік деп атайды. Сондай-ақ, операция кезінде инфекция кіріп кетуі мүмкін жағдайлар болады. Яғни бұл жұмыс сотпен, дәрігерлер ассоциациясымен, сақтандыру компаниясымен жүргізіледі. Кейде дәрігерді қатыстырмастан науқас денсаулығына зақым келсе сақтандыру компаниясымен келісіп, өтемақы ала алады. Біз осылардың бәрін ескере отырып, нақты шаралар қабылдайтын боламыз. 

– Ұлттық жобада салауатты өмір салтын қалыптастыру және насихаттау бойынша қандай шаралар қабылданатын болады?

 Қазіргі таңда қантты пайдалану үлкен мәселе болып отыр. Жейтін тамағымыз бен ішетін сусындарымызда қанттың деңгейі өте жоғары. Осыны азайтуымыз керек. Кейбір сусындарда 30-40 пайызға дейін қант қосылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша, қандай тағам болмасын қанттың деңгейі 5 пайыздан көп болмауы керек. Бұны индустрия мен ауыл шаруашылығы өндірісі құлақтарына ілмейді. Қанты көп тағамдар диабет, қан аурулары мен онкологиялық ауруларға әкеледі. Екіншісі шылым мен алкоголь мәселесі. Бізде темекімен күрес мәселесі жақсы жүріп жатыр. Ал алкогольмен қарсы аса бір жұмыстар істеліп жатқан жоқ. Әрбір қазақстандық жылына 7 литр таза алкоголь ішеді. Осы жағдайдың алдын-алу үшін тиісті шаралар қабылдаймыз. 

Сондай-ақ, спорт пен денсаулық сақтау жүйесіне адамдарды тарту бойынша жұмыстар жүргізіледі. Қазір көп облыстар мен қалаларда спорттық кешендердің санын көбейту жұмыстары қолға алынып жатыр. Қазіргі таңда халықтың 13 пайызы ғана спортпен айналысса, осы үлесті 30-40 пайызға дейін арттыру бойынша шаралар қабылданатын болады. Бұнымен қоса балалар арасында 70 пайызға дейін көтеруді көздеп отырмыз. Осының арқасында спорттық инфрақұрылым дамытып, әсіресе балалардың спорттық кешендерге қол жетімділігін қамтамасыз ететін боламыз. Әр қаладағы әр ауданда спорттық секторлар ашылатын болады. Мың шақты ауылға спорттық нысандар салынатын болады. Кейбір мамандар спорт академияларын бітіріп, жалақысы аз болғандықтан ол салада жұмыс істемейді. Сол себепті спорт мамандарының жалақысы екі есе көбейтілмек. Бұнымен қоса мектептегі дене шынықтыру сабағынан беретін мұғалімдердің жалақысы 100 пайыз көбейтілетін болады. 

Сонымен қатар спортпен айналысамын деген мүгедек балалар мен ересектерге жағдай жасалатын болады. Қазіргі таңда осы топтағы адамдардың екі-ақ пайызы ғана спортпен айналысады, соны 14 пайызға арттыруды көзге алып отырмыз. 

Еске салсақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасы бойынша мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобалар форматына көшу жүзеге асырылды. "Салауатты ұлт" әр азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау" атты ұлттық жобасында жедел шешімдерді талап ететін және халықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған мәселелер бойынша мемлекеттік бағдарламамен сабақтастық сақталған.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр