Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балаларым акцентпен сөйлейтін": Қазақстандық әйел Лондонда қазақ тілі мектебін ашты

Қазақстандық Әсел Молдағалиева жақында Лондоннан қазақ тілі мектебін ашты. Балалары ана тілінде ағылшынша акцентпен сөйлей бас­тағанын байқаған Әсел дереу қазақ тілі сы­ныбын ашуды ұйғарғанын айтады. Жат жұртта жүрсе де, қазақ тілінің жанашыры болып жүрген әйел бұл істі қалай бастағанын айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Turkistan газетіне сілтеме жасап.  

Әселдің мамандығы – есепші. Алайда мұғалімнің жұмысын бір кісідей білетінін айтады. 

“Өйткені жаңа ортаға түскен төрт баламның оқу үлгерімін жоғарылату үшін қолымнан келгеннің барлығын жасадым. Жұбайым дипломат болып жұмыс істейтіндіктен, оның жұмыс бабы бойынша Вашингтонға қоныс аудардық. Онда төрт жыл тұрған соң, Лондонға көшіп келдік. Бастапқыда барлық сабақ ағылшын тілінде өтетіндіктен үлкен ұлдарыма оқу бағдарламасын түсіну қиын болды. Оған қоса, ол кезде олар ағылшын тілін жетік білмейтін. Балаларымның қиналып жүргенін көріп, оларға көмектесудің жолдарын іздестіре бастадым”, – дейді ол. 

Әйел уақыт өте келе балаларының қазақ тілінде ағылшын акцентімен сөйлейтінін байқағанын айтады. Сол себепті қазақ тілі сыныбын ашуды қолға алған. 

“Сөйтсем, шетелде тұрған қазақтардың балалары да қазақша акцентпен сөйлейді екен. Кейіннен олар толығымен қазақша сөйлегеннің орнына арасына үш-төрт тілді қосып сөйлейтінді шығарды. Мұны түсінуге болады, себебі жаңа тіл үйреніп жүрген баланың сөз арасында сол тілдегі сөздерді автоматты түрде айтып қалатыны белгілі. Вашингтонда тұрғанда балаларым испан тілін оқыған болатын, ал қазір осында біреуі неміс, ал енді бірі француз тілін оқып жүр. Мейлі, көп тіл білсін, десек те қазақ тілін ұмытпасын, акцентпен сөйлемесін деген мақсатпен қазақ тілі сыныбын ашуды қолға алдым”, – дейді ол. 

Әсел Молдағалиева қазақ тілін балаларға үйрету үшін мемлекеттік мектептен арнайы кабинет жалдауды жөн көрген. Бұл идея сабақ оқуда мектеп атмосферасының ықпалы зор дегеннен туындаған көрінеді. 

“Жалпы мамыр айында осындай идея туындаған соң, ең алдымен сабақ өткізетін орын іздей бастадым. Ол орын жай ғана кабинет немесе шағын кафе болмауы тиіс екенін әу бастан түсіндім. Себебі балалар ондай жерлерде оқи алмайды, олар мектептің атмосферасын сезінуі керек. Мектеп атмосферасын сезіне алған бала үшін оқуда көп қиындық болмайды. Сондықтан бірден мектеп іздестірдім. Осында орналасқан A* Russian School мемлекеттік мектебінің директорымен кездесіп, өз идеямды ортаға салып, ұсыныс білдірдім. Ол кісі бірден қолдап, сенбі және жексенбі күндері мектеп кабинеттерін жалға беретін болып келісті. Сөйтіп, қыркүйек айының ортасынан бастап, сабақ жүргізуді бастап кеттік”, – дейді әйел. 

Бұдан соң, ол Facebook-тегі Ұлыбританияда­ғы қазақтар қолданатын топқа мұғалім іздеп жүргенім туралы хабарлама жариялаған.

“Он шақты қандасымыз бірден жауап берді. Мені қатты қуантқаны – осында он бес-жиырма жылдай уақыт тұрып жатқан кейбір қыз-келіншектер қазақилығын сақтап, қазақ тілін ұмытпаған екен. Олардың "біздің де көмектескіміз келеді" деп ұсыныс білдіргеніне риза болдым. Қазір сол кісілердің біреуі ерікті ретінде біздің сыныпта сабақ беріп жүр. Сосын осында докторантура және магистратура бөлімінде оқитын екі қыз сабақ береді”, – дейді Әсел. 

Әсел бірінші сабаққа он бала қатысқанын, алғашында екі топқа бөліп оқытқанын айтады.

“Десек те, әлеуметтік желіге жариялаған хабарландырудан естіп-білген ата-аналар әлі күнге дейін хабарласып жатыр. Сыныпқа апта сайын бір-екі баладан қосылып жатыр. Қазір он жеті бала оқиды, оларды үш топқа бөліп оқытамыз. Бір сабақтың құны – 16 фунт стерлинг, теңгемен шаққанда шамамен 9 мың теңге. "Бір сабақ" деген жай естілуі мүмкін, бірақ біз бір сабақты мейлінше қызықты етіп өткізуге тырысамыз. Сабақ арасында түрлі ойындар ойнатамыз, сөздік қорын молайту үшін флеш карталар қолданамыз”, – дейді ол. 

Сондай-ақ мектептің ресми сайтында қазақ тілі сабақтарында қазақша үйреніп қана қоймай, салт-дәстүрлерді таныс­тыратыны туралы жазылған екен. 

“Салт-дәстүрін жете таныған бала тарихын таниды, сол себептен осы бір ай ішінде балаларға бесікке салу, қырқынан шығару, тұсау кесу дәстүрінің маңызын айттық. Өткенде тіпті көрімдіктің не үшін берілетінін түсіндірдік. Балалар қазақ тілінде еркін сөйлей алатын деңгейге жеткен соң, Қазақстан тарихы­мен таныстырмақпыз. Сосын Қазақ­стан­нан шыққан танымал тұлғалар туралы сабақтар өтпекшіміз. Сондай-ақ еліміздегі көрікті жерлер туралы мәлімет беріп, елге барғанда қайда қыдырып баруға бола­ты­нын, Қазақстанның қай қаласы ар­хео­ло­гиялық мұрасымен әлемге танымал екенін айтып бергіміз келеді”, – дейді ол.

Айнұр Мұхади
Жұма, 15 Қазан, 2021 14:40
Талқылау