Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құны 30 миллионға дейін жетеді: Халық саны аз ауылдарда су тазарту жұмыстары қалай жүргізіледі

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бейбіт Шаханов тұрғындарды ауыз сумен қамту жұмыстары жайлы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бейбіт Шаханов халық саны аз ауылдарда жергілікті су тазарту жүйелері орнату жұмыстары жайлы баяндады. 

“Жұмыс атқарырылып келе жатыр. Қазіргі таңда 403 ауылда су тазарту жүйелері орнатылған. Тағы 1129 ауылда орнатуды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 220 ауылға биыл орнатылатын болады. 2025 жылға дейін қалғаны орташа су тазарту қондырғыларымен қамтамасыз етілетін болады. Судың сапасы мен жер астындағы тереңдігіне байланысты орташа бағасы 5 миллионнан 30 миллионға дейін жетеді”, – дейді ол. 

Оның айтуынша, бұл жұмыс елдімекендердегі суларға да байланысты болып отыр екен. Жер асты суы болатын болса олар сүзгіштерден өткізіледі. Тіп жер бетіндегі өзен мен көлдердің суы тазаланатын көрінеді. 

Бейбіт Шаханов сондай-ақ ауылдарды сумен жабдықтаумен қамтуды мониторингілеу үшін auylsu.kz дейтін интерактивті карта әзірленіп, қолданысқа жіберілгенін айтты. 

“Онда түрлі параметрлер бойынша жағдай көрсетілген. Оның ішінде сумен жабдықтаумен қамтылуы, қаржыландыру, қаражат қажеттілігі, халық санын желілердің ұзындығы, тозу деңгейі және басқа мәліметтер бар. Бүгінгі күні аталған карта интернетте қолжетімді. Келешекте тұрғындар су сапасы мен интерактивтегі картадағы мәліметтердің алшақтығына шағым түсіру тетігін іске қосу көзделіп отыр”, – дейді ол. 

2020 жылдың қорытындысы бойынша елдегі сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік 94,1% құраған. Оның ішінде ауылдарда – 90,1%, қалаларда – 97,5%. Бұл, 17,7 миллионнан астам адам қамтылды деген сөз. 

Сондай-ақ ол аймақтардың халықты ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіштеріне тоқталды.

"Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарында қала халқы 100% сумен жабдықтау қызметтерімен қамтылған. Ауызсуға ең төмен қолжетімділік Жамбыл облысында байқалуда – 88,9%. Сондай-ақ ауылдық жерлердегі сумен жабдықтауға ең жоғары қолжетімділік Алматы (98,3%), Атырау (98,5%) және Қызылорда (97,6%) облыстарында тіркелді. Ауылдық жерлердегі сумен жабдықтауға ең төменгі қолжетімділік Қостанай (64,7%), Шығыс Қазақстан (81,4%), Солтүстік Қазақстан (82,2%) және Жамбыл (82,2%) облыстарында байқалуда", – деді комитет өкілі.

Талқылау