Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Франция мен Қазақстан достығының көрінісі": Француз аспазы ерекше қажеттіліктері бар жандарға арнап шеберлік сағатын өткізді

Бас аспаз, Қазақстандағы Эскофье ізбасарлары халықаралық қауымдастығының президенті Лоран Дельмас ерекше қажеттіліктері бар жандар тәрбиеленетін "Отбасы үйінде" француз тағамдарын дайындау бойынша шеберлік сағатын өткізді. Іс-шараға “Алматы француз альянсы” қоғамдық бірлестігінің еріктілері, журналистер мен Францияның Қазақстандағы өкілетті елшісі Дидье Канесс қатысты. 

Бүгінде туғаннан бастап балалар үйінде және арнайы мекемелерде тәрбиеленген мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап ашылған “Отбасы үйінде” 19 жастан 35 жасқа дейінгі он бес тәрбиеленуші бар. “Отбасы үйі” “РУХ бейімдеу, оңалту және реабилитация орталығының” бастамасымен 2017 жылы құрылған. Орталықтың басты мақсаты –жастайынын ата-ана қамқорлығынсыз қалған ақыл-есінде кемістігі бар жандарды қоғамға бейімдеу, олардың бойында отбасылық құндылықтарды сіңіру және кәсіби дағдыларды қалыптастырып, еңбекке, жауапкершілікке баулу. “Отбасы үйінің” жетекшісі Алма Бекпанның сөзінше, қазіргі күні төрт тәрбиленуші орталықтан толыққанды еңбекке жарамды азамат ретінде тәрбиеленіп шыққан, алдағы уақытта тағы бес адамды қамқорлыққа алу жоспарланған. 

“Негізінен, біздің мекеменің ресми түрде “өз бетімен өмір сүру орталығы" деп аталады, бірақ біз оны “Отбасы үйі” деп атап кеттік. Біз үшін туғаннан жетім балалардың бойында отбасы сезімін, түсінігін, отбасылық қарым-қатынасты қалыптастыру маңызды болды. Өйткені олар жастайынан жанұя деген не екенін білмей өсті. Мемлекеттік мекемелерде қонақ ретінде балаларға сыйлық алып келген әрбір ерікті, әрбір адам олар үшін әпке, аға сынды көрінеді. Бірақ түптеп келгенде олар туыстық сезімнің қандай болатынын түсінбейді. Мұндағы жандар – сот үкімімен өздігінен шешім қабылдауға қабілетсіз деп танылғандар. Дегенмен, біз осы жылдың тамызында алғашқы түлектерімізді ұямыздан ұшырдық: төрт тәрбиеленушіміз қайта өз бетімен өмір сүруге қабілетті деп танылды. Оларды бір жыл бойы қоғамда өз бетінше өмір сүруге дайындап, дағдылары мен қабілеттеріне сай жұмысқа орналастырдық”, – дейді Алма Бекпан.

Тәрбиеленушілер үшін анаға айналған Алма Бекпанның сөзінше, мұндағы жандар үшін осындай шеберлік сағаттарының маңызы зор. 

“Тәрбиленушілердің ең жасы 19-да, ең үлкені – 35-те. Олардың әрқайсысы үшін осындай шараларға қатысу, өз қолымен бірнәрсе жасау өте қызық. Лоран мырза бір емес, осымен бесінші рет келіп, шеберлік сағатын өткізуде. Байқап отырсақ, бұдан еуропалықтардың жарымжандарға деген ерекше ықыласын көруге болады. Яғни оның өз елінде мүгедек, жетім балаларға көмектесу қалыпты жағдайға айналған”, – деп қосты ол. 

Айта кетсек, ерекше іс-шараға Францияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Дидье Канесс те қатысты. Елші еріктілермен бірге картоп аршып, көкөніс турасуға жәрдемдесті. 

елші

“Бұл қайырымдылық іс-шарасы жайлы бас аспаз Лоран Дельмастің өзі айтты. Ол, бұдан бөлек, басқа да жобалардың белсенді қатысушысы. Міне, осындай бір кездесуімізде Лоран мені шақырған болатын. Сәті түсіп, Алматыда болған уақытта іс-шараға қатысуды жөн санадым. Осындай адамдардың жүздері жадырап, езулерінен күлкі көрудің өзі бір қуаныш. Бұл жоба Қазақстан мен Франция достығының көрінісі деп айтуға болады. Францияның Қазақстандағы елшілігінің мақсаты елдің экономикалық әлеуметін дамытып, саяси қарым-қатынасты ұстап тұру ғана емес, оның әлеуметтік жағдайына көмектесу, екі мемлекеттің достастығының нығайту”, – дейді елші. 

Өз кезегінде қайырымдылық шарасын ұйымдастырушысы, бас аспаз Лоран Дельмас қазақстандықтарды осындай игі бастамаларға белсенді түрде қатысуға шақырды. 

“Алматыда тұрғаныма 4 жылдан асты. Бұл осымен ұйымдастырылып жатқан 35-ші қайырымдылық іс-шарасы. Бос уақытымда үйде отырмай, оны игі істерге арнауды жөн көрдім. Негізі мен бұл жандарды, олардың бастарынан өткен жағдайларды түсінемін. Менің басты мақсатым тек тамақтың қалай дайындалатынын көрсету ғана емес, бұдан бөлек, оларды ынталандыру, жүректерінде жылулықты ояту, жан дүниесіне құлақ түру. Ең бастысы, осындай шараларға жастарды шақырып, оларға үлгі болып, өмірді ойын-сауықтан басқа қырынан көрсеткім келеді”, – дейді бас аспаз. 

Айта кетсек, шараны ұйымдастыруға “Алматы француз альянсы” қоғамдық бірлестігінің  өкілдері, атап айтсақ, Альянс басшысы Вивьен Фуке, жоба коордиторлары Адина Баянбаева, Анар Хамзина атсалысты. 

“Негізінде, бұл шараға қатысу біздің өз шешіміз. Осы тұрғыда Лоранның еңбегі әрқайсысымызды қанаттандырды деп айтуға болады. Өз еліміздің азаматтары емес, шетелдіктер басқаларына үлгі болып, осылайша қайырымдылық шарасын ұйымдастырғанда қарап отыра алмайды екенсің. Ең басты мақсат – мұндағы тәрбиеленушілерге бір күн болса да қуаныш сыйлау. Сондықтан осындай игі істерге барынша көп адамдарды шақырғым келеді. Менің ойымша, қазір адамдар жақсылық жасап жарысу керек”, –дейді “Алматы француз альянсы” қоғамдық бірлестігінің өкілі Анар Хамзина.

Ресми деректерге сүйенсек, еліміздің аумағында ақыл-есінде кемістігі бар жандарға арналған 31 мекеме жұмыс істейді. Мұндай орындарда 10 000-нан аса адам ем қабылдауда. 

STAN.KZ
Бейсенбі, 14 Қазан, 2021 14:47
Талқылау