Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда сот шешіміне дейін жолаушыны "қара тізімге" енгізуге тыйым салынады

Қазақстандықтарға ұшаққа отыруға тек сот шешімі арқылы тыйым салуға болады. Бұл туралы көлік мәселелері жөніндегі заң жобасына толықтыру енгізуді таныстырған индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Берік Қамалиев айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Заң жобасы нормаларын талқылау кезінде Альберт Рау қазақстандықтар ұшақ бортындағы қандай қылығы үшін "қара тізімге" енетінін сұрап, күмән келтірді.  

"Ұсынылып отырған толықтыруға сәйкес, мұндай тізімге тек сот шешімімен енгізіледі. Халықаралық тәжірибе қандай? Бізге түрік және өзге әуе желілері қатынайды. Жанжал шығарғандарды тізімге қалай қосады? Қандай әуе компаниясының шемімі керек?", – деп сұрады депутат.

Берік Қамалиев әуе компаниялары өз "қара тізімін" жасайтынын мәлімдеді. Шектеудің көбі Air Astana компаниясының жолаушыларына қойылған.

"Қазір 99 пайыз жағдайда "Эйр Астана" осылай жасайды. Олардың өз тізімі бар. "Эйр Астанаға" қатысты бір жағдай болды. Шымкенттен бір әйел ұшып келді. Тіркеу кезінде ол өзінің қорланғанын айтты. Әдетте әуежай қызметкерлері тіркеу жүргізуі тиіс. Бірақ "Эйр Астанада" әуекомпания тіркеуді өзі жүргізеді. Әйел қара тізімге енгізілген. Біз анықтағанымызда, оның баласының аутист екені анықталды. Сондықтан тек сот шешімі бойынша ғана әуекомпаниялар ереже бұзған адамдарды тізімге енгізуі керек", – деп түсіндірді Қамалиев.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта әуе компаниялары жолаушыны тек сот шешімімен ғана "қара тізімге" енгізетін болады. Олар әуежайға жеткенде хаттама толтырып, сот шешімі шыққанға дейін уақытша тізімге қоса алады.

“Халықаралық тәжірибе бойынша кез келген әуежайда хаттама толтырылса, мәселен, Франкфуртте "қара тізімге" енгізуге негіз бар деген сөз", – деді вице-министр.

Талқылау