Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қыста не істейтінімізді білмейміз": Батыс Қазақстанда шаруалар субсидияға бөлінген ақшаны ала алмай жүр

Батыс Қазақстанда шаруалар тиісті субсидияларды мүмкіндігінше тезірек төлеуді талап етуде. Өйткені қаражат малға азық дайындауға және банк алдындағы қарыздардан құтылуға қажет, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Ауыл шаруашылығындағы онсызда болып жатқан құрғақшылық, азық-түліктің жетіспеушілігі, шөптің жоғары бағамен сатылуы сынды оқиғалар жағдайды шиеленістіре түсуде. 

Негізі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер субсидияларды жазда алуы керек болғандарын айтады. 

"Субсидияның қандай оймен, қандай себептермен берілмей жатқанын білмеймін. Көрші облыстардың барлығы алып алды. Олар қазірдің өзінде жем-шөпке, техникаға қаражат салып жатыр. Шаруалар үшін бұл өте ауыр. Әсіресе жұмысын жаңадан бастап жатқандар үшін тіпті қиын. Өйткені олар субсидияға сеніп қалды. Біреу техника алғысы келді, біреу шөп шапқыш алғысы келді. Қазір қолымызда ақша да, жем де жоқ. Бұл қысты қалай өткеретінімізді білмейміз. Малды аман алып шығатынымызға күмәнданып отырмыз", – деді шаруа қожалығының басшысы Талғат Байкенов.

Қазақстан фермерлер Қауымдастығы филиалының басшысы Серік Жарылғаповтың айтуынша, 6 тамызда ауыл шаруашылығы басқармасы әкімнің қаулысын әділет департаментіне жолдаған. Бірақ ол әлі тіркелмепті. Әртүрлі қателіктер барын айтып, құжатты қайтарып жіберген көрінеді. 

Мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша жергілікті шаруашылықтардан 1 миллиард 800 миллион теңгеге өтінім келіп түсті. Шілде айында облыстық бюджеттен субсидия төлеуге 2,2 миллиард теңге бөлінді. Бірақ олар жететін жеріне жетпеген. 

"Биылғы жылы нормативтік-құқықтық актілер бойынша заңнамалық деңгейде өзгерістер енгізілді. Барлық нормативтік-құқықтық актілерді орталық уәкілетті орган, яғни Әділет министрлігі тіркейді. Бюджетті нақтылағаннан кейін қаулы жобасы әзірленіп, үкіметтік емес ұйымдармен келісілді. Сондай-ақ әділет министрлігіне жіберілді", – деп хабарлады облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин.

Жоғарыда айтқандай қаулы тіркеліп, нормативтік құқықтық актілер эталондық банкте жарияланғаннан кейін күшіне енеді. Шенеуніктерге барудан шаршаған фермерлер алдағы күндері ақша түседі деп үміттеніп отыр. 

Талқылау