Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 2008 жылда болған қатты ыстық биыл тамызда тағы қайталанды

Бір ай ішінде Қазақстанның басым бөлігінде өте ыстық және құрғақ ауа райы байқалды. Тамыз айында орташа айлық ауа температурасы, елдің көп бөлігінде, әсіресе батыс және оңтүстік аймақтарда климаттық нормадан 1-6°C жоғары болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

2021 жылғы тамыз температура режимі бойынша 2008, 2010, 2012, 2014, 2016 жылдардағы сценарийді қайталады. Жауын-шашынның таралуы бойынша мұндай құрғақ ауа райы, соңғы рет 2014, 2016 жылдары байқалды.

“Аққұдық метеостанциясында (Маңғыстау облысы) 8 тамызда ең жоғары ауа температурасы +45,7°С тіркелді, бірақ 2011 жылы бұдан да жоғары болды – +46,5°С-ты құрады. Тамыз айы салқындаусыз өтпеді. Атап айтсақ, айдың ортасында және соңында Солтүстік антициклон елдің солтүстігінде, орталығында және шығысында ауа температурасының төмендеуіне себеп болды. Солайша түнгі уақытта ауа температурасы +3+7°С белгісіне дейін, күндіз +15+20°С-қа дейін төмендеді. Республиканың оңтүстік-шығысындағы суықтың толқыны, тамыз айының ортасында байқалды: ауа температурасы түнде +3+10°С-қа дейін, күндіз +20+25°С-қа дейін, Алматы және Жамбыл облыстарының таулы аудандарында +13+18°С-қа дейін жетті”, – дейді синоптиктер.

Нұр-Сұлтан қаласына келсек, бұнда ең төмен ауа температурасы 30 тамызда (+17,3°C), ал ең жоғары температура 7 тамызда (+33.9°C) байқалды.

Айта кетсек, рекордтық көрсеткіштер тіркелген жоқ. Өйткені 2012, 2014 жылдары Солтүстік астанада бір ай бойы күндізгі максимум +36+38°С құраған болатын.

STAN.KZ
Сейсенбі, 07 Қыркүйек, 2021 11:12
Талқылау