"Мұндай жауыздардың бостандықта жүргені қорқынышты": Оралда такси көлігінде зорланған қыз оқиғаның жәй-жапсарын айтып берді
Оралда inDriver бағдарламасымен көлік шақырғаннан кейін зорланған қыз оқиғаның мән-жайын өз аузымен айтып беруге келісті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
26 жастағы әйел 7 тамыз күні кешкісін құрбысының үйінде қонақта болғанын айтады. Үйіне қайтатын уақыт жақындағанда ол такси шақырады. Алайда шақырылған жүргізуші жалғыз келмейді. Көліктің алдыңғы орнында тағы бір ер адам болады.
"Мен оны жолаушы екен деп ойлап, көлікке отырдым. Алғашында олар өздерін мәдениетті қылып көрсеткенімен кейін алда отырған жолаушының қолынан алкогольдік ішімдікті көрдім. Олар мен тұратын үйге жетіп қалған кезде дүкенге соғамыз деген сылтаумен басқа жаққа бұрылып кетті. Оның орнына олар мені жапан далаға алып кетті", – дейді жәбір көрген қыз.
Содан кейін әйелдің айтуынша, көлік жүрісін тоқтатып, жүргізуші түскен.
"Алдында отырған жолаушы маған жақындап, тиісе бастады. Одан кейін мені зорлады. Такси жүргізуші қайтадан рөлге отырды. Мен олардан мені жіберуін өтініп, жыладым. Бірақ олар мені ары қарай алып кетті. Біз белгісіз бір үйге келдік. Ол жерде ер адамдар маған алкоголь ішкізіп қинады. Осыдан кейін жолаушы мені екінші рет зорлады. Ол кете салысымен, маған жүргізуші тұра ұмтылды. Ол да мені қарсыласқан жағдайда тұншықтырып, ойына келгенін жасады", – деп еске алады ол.
"Мұндай жауыз адамдардың бостандықта жүргені қорқытады", – дейді әйел. – Мен оларды қамауға алғанын қалаймын. Мүмкіндігінше ұзақ уақытқа".
Жәбірленушінің адвокаты Мереке Ғабдуалиев полицияның жәбірленуші зорлау туралы дереу хабарлағанына қарамастан күдіктілерді тұтқындауға асықпағанына наразы екенін айтады.
"Орын алған оқиғадан бері екі апта өтсе де, қылмыскерлер бостандықта жүр. Менің қорғауымдағы жәбірленуші қылмыс болған үйді де көрсеткен. Соған қарамастан күдіктілерге куәгер мәртебесі берілген. Бізге Полиция департаменті мен прокуратураның басшылығына хабарласуға тура келді. Тек содан кейін ғана қылмыскерлерді құрықтаған", – деп атап өтті ол.
Полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің "Зорлау" бабы бойынша жүргізілетінін мәлімдеді.
"Геномдық сараптама қорытындысын алғаннан кейін 26 және 28 жастағы күдіктілер қамауға алынды. Олар сот шешімімен тергеу изоляторында отыр", – деп хабарлады БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ұсталғандар кінәлі деп танылса, 9 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
