Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елорда тұрғындары емхананың орнына салынып жатқан тұрғын үй кешенінің құрылысына қарсы бас көтерді

Елордада ережелерге қарамастан жобаны өзгертіп, емхана орнына тұрғын үй кешенін салмақ болған құрылыс ұйымы жергілікті тұрғындар мен белсенділердің наразылығына тап болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап. 

елорда тұрғындары

Белсенділер көп қабатты үйдің құрылысы заңды емес деген мәселені бірнеше көтергендерін жеткізді. Десек те билік тарапы бұл сұрақты шешуге асығар емес. Қазіргі таңда құрылыс басталатын жерде үй емес, емхана әлдеқайда қажет, дейді наразы топ. 

“Әлеуметтік маңызы бар нысандар жоқтың қасы. Дәрігерге көріну үшін адамдар қаланың екінші жартысына қатынауға мәжбүр. Өйткені біздің ауданда емхана жоқ. Мемлекеттік емханаға жете алмағандықтан, жекеменшікке қараламыз. Қазір ауру өршіп тұрған шақ, бізге емхана қажет”, – дейді астана тұрғыны Тамара Шириазданова.

Наразылыққа шыққандардың айтуыларынша, алғашында медициналық орталық салынады деген аумақтың өте кең болуы оларды күдіктендіріпті. Ақыры бұл жерге тұрғын үй салынады дегенді естіп, емханасыз қалдық деп отыр. 

“Мердігер “Орда Инвест” ұйымына шағымдандық, алайда олар бізге дөрекілік танытып, хатымызды елемеді. Кейіннен анықталғандай өткен жылы қазанда әкімдіктің адамдары бар құрылыс тобы, емхананың орнына тұрғын үй салуды жоспарлапты”, – дейді елорда тұрғыны Талғат Қизаев. 

Әкімдік тексерісінен кейін заңбұзушылық орын алғаны анықталыпты. Құрылыс ұйымына барлық жұмысты тоқтатып, жерді қалпына келтіру деген талап қойылған. 

"Фактілер бойынша төрт әкімшілік материал толтырылды: заңсыз құрылыс, тиісті хабарламасыз құрылыс, жобалық құжаттамасыз құрылыс, техникалық және жобалаушы қадағалауынсыз құрылыс және жерге құқығы жоқ құрылыс. Материалдар ауданаралық экономикалық сотқа жіберілді", –  деді Есіл ауданының қалалық ортаны бақылау және сапа бөлімінің бас маманы Алмас Ермағамбетов.

Дегенмен мердігер ұйым айтқандарынан қайтар емес. Олар жергілікті тұрғындарды бір келісімге келмей, бірбеткейлік танытып отыр деп айыптады. 

"Бастамашыл топтың өтініші бойынша медициналық орталық та осында пайда болады. Менің түсінуімше, олар жақын маңда емделгісі келеді. Біз тіпті олармен медицинаның қай саласы қызықтыратынын талқылауға дайынбыз", - дейді құрылыс компаниясының заң департаментінің директоры Юрий Дибелов.

Тұрғындар құрылыс ұйымының уәделеріне сенгілері жоқ. Сондықтан тағы бір мәрте әкімдікке жүгініпті. 


 

STAN.KZ
Жексенбі, 22 Тамыз, 2021 10:54
Талқылау