Нұр-Сұлтан әуежайының жұмыс уақыты 17 сағатқа дейін қысқарады
21 шілде мен 9 тамыз аралығында Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының жұмыс істеу уақыты қысқарады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы әуежайдың баспасөз қызметі хабарлады. Ресми мәлімет бойынша, бұған осы кезеңде ұшу-қону жолағы мен жарық-сигналдық жабдықтарын жоспарлы жөндеу жұмыстары себепкер болмақ.
"2021 жылғы 21 шілде мен 9 тамыз аралығында әуежайдың жұмыс уақыты тәулігіне 24 сағаттан 17 сағатқа дейін қысқартылады. Жөндеу жұмыстары күн сайын сағат 11-ден кешкі 18-ге дейін жүргізіледі. Бұл жұмыстар 1 сәуірден бастап барлық авиакомпаниялармен алдын ала келісілді, соған сәйкес олар рейстер кестесін өзгертті. Осыған байланысты барлық жолаушылардан әуежайға алдын ала тіркелуге және авиакомпаниялардың колл-орталықтарында рейстердің ұшу уақыты туралы толық ақпаратты нақтылауды сұраймыз", – дейді әуежай өкілдері.
Әуежайдың баспасөз қызметі жолаушылардан аталған өзгерістерге түсіністікпен қарауды сұрап отыр.
"Уақытша қолайсыздықтар себебінен кешірім сұраймыз", – делінген ресми хабарламада.