Қазақстанда құрастырылған көліктерге жеңілдетілген несие беруді қаржыландыру тоқтатылды: Мамандар не дейді
Ұлттық банк Қазақстанда құрастырылған көліктерге жеңілдетілген несие беруді қаржыландыруды тоқтатты. Өзге қаржы көздерінен де қосымша ақша биыл бөлінбейтін болды. Бұл туралы Қазақстанның Даму банкінің өкілдері мәлімдеді. Бұдан соң жұртшылық су жаңа көліктерді 20-30 пайыздық жылдық мөлшерлемемен несиеге рәсімдеп жатыр. Ал бұл өз кезегінде онсызда сыннан көз ашпай келе жатқан отандық автоөнеркәсіптің аяғына тұсау болғалы тұр, деп Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеп хабарлайды.
Ғани Қауынбаев Қазақстанда құрастырылған қалтаға қолайлы су жаңа машина алмақ ниетте. Бірақ арнайы жеңілдік алынып тасталған соң, жылдық мөлшерлемесі 20 жылдық несиені рәсімдетуге мәжбүр. Себебі темір тұлпарсыз шаруа тез бітпейді деген ол, осындай тәуекелге баруға бел буып отыр.
"Биылдыққа болмады. Елдің бәрі жеңілдік болып қалады ма деп күтіп жүр. Оны күте берсек, жаяу жүруге тура келеді", – дейді ол.
2015 жылы бағдарламаны жүзеге асыру үшін 87 млрд теңге қаралған екен. Оның 40 млрд теңгесі Ұлттық Банк есебінен бөлінген. Маркетологтар осы аралықта біраз көлік саудаланғанын жасырмайды.
"4 пайызбен бізде өткен жылдың маусым айында бөлінген болатын. Біздің салон болмаса да, барлық қазақстандық өнімдерге KIA, Chevrolet, Hyundai автокөліктеріне жан-жақтан салон алынды. Мысалы біздің салоннан 10-15 шақты машина кетті", – деді менеджер Шәмші Сопбек.
Арна мәліметінше, құны 4 және 6 млн теңге тұратын тура осындай Қазақстанда құрастылатын көліктерге әлі де сұраныс көп. Бірақ үкіметтегілер 4 пайыздық жеңілдетілген несиені қысқартпастан, қайта үлестіру көлемін көбейткен кезінде сатылым әлдеқайда жоғары болар еді деген ойларын айтты мамандар.
Қаржы ұйымының өкілдері Ұлттық Банк өз қаулысы негізінде қаржыландыруды тоқтатты дейді. Өйткені бүгінге дейін бағдарлама аясында бөлінген 87 млрд теңге игеріліп кеткен. Яғни қазақстандықтар осыншама сомаға жеңілдетілген несиемен темір тұлпар тізгіндеген деп отыр қаржыгерлер.
"Аталған бағдарламаның қызметін тоқтату туралы 24 мамырда Ұлттық Банк Қаулы шығарды. Осыған байланысты бұл бағдарлама аясында қосымша қаржыландыру қарастырылмаған. Бөлінген 40 млрд теңге жаңартпалы кредиттік желі негізінде айналымда болады", – деді Қазақстан Даму Банкінің ресми өкілі Жанар Жұмабекова.
Қаржыгерлердің айтуынша, жеңілдетілген несие беру жаңартпалы қаржыландыру жүйесінде жүргізіледі. Яғни бір жеке тұлғаның өтелген берешегі екінші деңгейлі банктер арқылы келесі жеке тұлғаны қаржыландыруға жұмсалады. Мамандар жеңілдетілген несие алуға сұраныстың көбін айтады. Бірақ банктер айналымда қаражат болған жағдайда ғана жаңа өтінімдерді қабылдай алады екен. Ал ол айларға созылуы әбден мүмкін. Қаржыгерлер биыл жеңілдетілген авто несиелендіруді қосымша қаржыландыру қарастырылмады деп нүкте қойды.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
