ШҚО тұрғындары Қызыл кітапқа енген өсімдікті жұлғаны үшін сотталды
Шығыс Қазақстан облысының үш тұрғыны Қызыл кітапқа енген өсімдікті жұлғаны үшін жазаға тартылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласының жергілікті тұрғындары Қызыл кітапқа енген өсімдікті жұлғаны үшін сотталды. Риддер орман шаруашылығы аумағында Разлеванка өзенінің маңында үш дос жойылып кету қаупі бар өсімдіктерді кесіп тастаған.
“Қызыл кітапқа енгізілген өсімдіктерді заңсыз кескені үшін сот Риддер тұрғындарына қатысты айыптау үкімін шығарды. Жалпы алғанда сотталғандар Қызыл кітапқа енген өсімдіктердің 250-ден астам сабағын кесіп тастаған", – деді Риддер қаласының пробация қызметінің бастығы Альмира Майылханова.
Сотталғандардың айтуынша, олар “ұсақ пияздан” салат жасамақ болған. Алайда, өсімдіктің бұл түрі Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген.
ШҚО Риддер қалалық сотының үкімімен жігіттер ҚР ҚК-нің 339-бабының 2-бөлігі 2-тармағымен қарастырылған-сирек кездесетін және Құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдік түрлерімен, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен заңсыз қарым-қатынас жасағаны үшін сотталды.
"Сотталғандардың үш жылға бас бостандығы шектеліп, пробация қызметіне есепке қойылды. Қазіргі уақытта айыпталушылармен профилактикалық жұмыс жүргізілуде. Болашақта пробация қызметінің бақылауында болады. Құқық бұзушылық қайталанған жағдайда олардың бас бостандығын шектеу жазасы – бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылатын болады. Бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу ережелері оларға түсіндірілді”, – деп қорытындылады Риддер қаласының пробация қызметінің бастығы Альмира Майылханова.