Алматы облысында көкөністерден көп мөлшерде пестицид анықталды
Алматы облысында өсірілген жеміс-жидек пен көкөністерде пестицид мөлшердегіден мың есе көп, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Бұған улы химиялық заттар сақталған ескі қоймалар себеп. Ондағы пестицидтер дер кезінде жойылмай, жан-жақта шашылып жатыр.
Содан топырақ пен су уланып, аумақта өсірілген өнімдерге де таралып жатыр. Талғар ауданында арнайы зерттеу жүргізген ғалымдар осылай дабыл қағып отыр. Ал улы өнім тұтынған тұрғындар онкология және жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдығуы мүмкін.
Қызылқайрат ауылындағы ғимарат кезінде улы химикат сақталатын қойма болған. Кейін қойма жабылғанымен, мұндағы қап-қап пестицид жойылмаған. Соның салдарынан топырақ пен суға у жайылып,тұрғындарға үлкен қауіп төндіріп келеді дейді ғалымдар.
Дабыл қаққан – Генетика және физиология институтының мамандары. Олар химиялық заттардың мұнда оңды-солды шашылып жатқанын анықтапты. Зерттеу жүргізілген Талғар ауданындағы өзге үш ауылда да осындай жағдай. Оған көз жеткізу үшін мамандар қоймаға жақын жерлерден су мен топырақтың сынамасын алған. Сондай-ақ бұл маңда өсірілген жеміс-жидек пен көкөністерді, өрісте жайылған малдың еті мен сүтін де тексерген. Олардың құрамындағы пестицид мөлшердегіден мың есе көп болып шыққан. Десе де жергілікті жұрт бұған мүлдем сенбейді.
"Ешкімде ешқандай шағым болған жоқ. Химия бар қоймадан уланып жатырмыз деген шағым естімедім. Қауіп бар деп ешкім айтқан жоқ, не қауіп екенін өзіміз де білмейміз. Бірақ ауырып, жатып қалған ешкім болмады", - дейді Қызылқайрат ауылының тұрғыны Динара Медеуова.
Динара Медеуова мұнда отбасымен төрт жылдан бері тұрып жатыр. Жыл сайын ауласында жеміс-жидек пен көкөніс егеді. Әрі олардың мол өнім беретінін айтады. Ауласындағы өнімдерді сататын тұрғындар да бар. Олар ағаштарды жиі залалсыздандырады екен. Сондықтан мұнда өскен алма пайдалы дейді.
- Диетолог пайдалы көкөністер қандай жағдайда улы тамаққа айналатынын айтты
- Сарапшылар: Қазақстанда шай өнімдері қымбаттап кетуі мүмкін
"Алманы уақтылы өңдемесе болмайды. Өңделген, көрдіңіз бе? Алма керемет. Бәрі тоңазытқышта тұр. Бәрі жақсы алма. Құлпынай піседі, қызанақ, қияр, бұрыш шығады жақында",- дейді сатушы Гүлнар Османова.
Улы химия заттар шашылып жатқан аумақта жұрт қаннен-қаперсіз малын да жайып жүр. Ал ғалымдар пестицидтер тез арада жойылмаса, мұндағы халық түрлі дертке шалдығуы мүмкін екенін айтады.
"Пестицидтер су мен топырақта жиналып, сол жердегі өсімдіктерде пайда болады. Сөйтіп адам ағзасына енеді. Соның салдарынан тұрғындарда жүрек-қан тамырлары мен онкология пайда болуы мүмкін. Мұны статистика да көрсетіп отыр. Мәселен, соңғы 15 жылда Талғар ауданындағы тұрғындардың денсаулығы нашарлап кеткен", - дейді Генетика және физиология институтының жетекші ғылыми қызметкері Эрика Жанғалина.
Үкімет қоймадағы пестицидтерді жою мәселесін қолға алуы керек дейді. Мамандар Алматы облысында дәл осындай 64 қойма барын анықтаған. Енді олар өзге аудандарда да зерттеу жүргізеді. пестицидтер кеңес заманынан бері сақталып келеді. Бұл химикаттар өсімдіктерді қорғау үшін кезінде кеңінен қолданылған.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
