"Фильмдер қазақша субтитрмен орыс тілінде көрсетіледі, бірақ керісінше болуы тиіс": Мамандар дубляждың қиындықтары жайлы айтты
Бүгінгі күні елімізде шетелдік көркем фильмдерді қазақ тіліне дубляждауға ден қоюлуда. Disney мен Marvel кинокомпанияларының үздік туындылары қазақшаға аударылып, көрермендерге жол тартып жатыр. Қазақ тілінде дубляждалған фильмдер сұранысқа ие ме? Елімізде кинодубляжбен кімдер айналысады? Сарапшылар не ойлайды? Stan.kz тілшісі анықтап көрді.
Сурет: Stan.kz коллажы
Қазақстанда көркем фильмдерді қазақ тіліне дубляждау мәселесі сонау 2012 жылдан бастап көтеріліп келеді. Бірнеше жыл бойы талқыланған тақырыптың шешімі 2019 жылы табылғандай болды: кинотеатрларға жол тартқан туындыларға қазақша субтитрлер қосу қолға алынды. Биыл көркем туындыларды қазақ тіліне дұрыс аудару және бейімдеу мәселесі тағы да көтерілді. Бұл жолы ҚР Парламенті мәжіліс депутаттары елімізде кинотеатрларда көрсетілетін фильмдерді қазақ тіліне дубляждауға қойылатын талаптарды күшейту керектігін айтып, бірінші оқылымда заң жобасын мақұлдады. Жаңа заңға сәйкес фильмдерді қазақ тіліне дубляждау кезінде мәтін мазмұнының дұрыс болуы мен орфографиялық нормалардың сақталуы жіті қадағаланбақ.
Бүгінде елімізде шетелдік туындыларды қазақ тіліне дубляждауды "Болашақ" корпоративтік қоры қолға алған. 10 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан корпоравтивтік қордың "Өзіңнен баста" жобасының арқасында 36 көркем фильм қазақшаға дубляждалыпты. Жоба жетекшісі Орынбаева Айымгүлдің сөзінше, қаражаттың тығыз болуына байланысты шетелде жарық көрген кино мен анимациялық фильмдердің барлығын ана тілімізге аудару әзірге мүмкін болмай тұрған көрінеді.
"Мемлекеттен көмек күтеміз"
Біз көбіне балаларға арналған немесе отбасылық көрсетілімге арналған фильмдерге көңіл бөлеміз. Оның ішінде де бәрін емес, сұранысы жоғары кинотуындыларды бірінші орында қарастырамыз. Коммерциялық емес ұйым болғандықтан "Өзіңнен баста" әлеуметтік жоба болып келеді. Негізінен қазақ тілді аудиторияның құқығын қорғауды, кинотеатрларда фильмдер орыс тілде ғана емес, қазақ тілінде де болуын және әрбір кинокөрермен өзіне ыңғайлы тілді таңдауына мүмкіншілік жасалу керектігін меңзейміз. Қазір біз әр фильмге жекелеп демеуші іздейміз, әзірше мемлекет тарапынан қаражат бөлінбейді. Сондықтан барлығы демеуші табу-таппауымызға келіп тіреледі. Болашақта сырттан келетін барлық фильмдер қазақ тілінде қамтылса деген арманымыз бар.
Шетел фильмдерін қазақтың менталитетіне бейімдейміз
Біз фильмдерді түпнұсқадан - ағылшын тілінен аударамыз. Аудару барысында көп дүние қамтылады. Біріншіден, тілдің таза әрі барынша көрерменге түсінікті болуы, одан липсинг мәселесі, арада қалжыңды дұрыс жеткізу, локализация мәселесі туындайды. Негізі көңіл аударатын сәттер көп. Кейде мәтінді тікелей аудармай, аздап бұрмалауға тура келеді. Мысалы "Алға" фильмінде ЛГБТ көрініс тапқан сәттер кездесті. Біздің көрермен қауым мұны қабылдай алмайды. Балаларға арналған контентте тіптен көрсете алмаймыз. Бұл біздің психологиямызға жат болғандықтан қарапайым түрде "құрбым" деген сөзбен алмастырып өтіп кеттік. "Мұзды өлке 2" фильмінде Абайдың балалар білетін нақыл сөздеріне де жүгіндік. Басты мақсатымыз – фильмдерді көрерменге барынша жақындату.
Диалект сөздерді де қолданмыз
Көп фильмдерде Американың әзіл-қалжыңдары жиі кездесіп жатады. Оны тікелей мағынада берер болсақ, біздің көрермен бірден түсіне алмайды. Сол үшін фразеологизм, диалект сөздерді пайдаланамыз. "Айтшиш", "барсайшы", "жоға" сынды диалектерді қолданған кездеріміз болды. Бәрін өз орнымен пайдаланамыз. Егер әрбір сөзін, әзілін көркем сөзбен көмкеріп, әдеби тілде жеткізер болсақ, балалар бірден түсіне алмайды. Содан барып қазақ тіліндегі фильмдерді түсіну қиын, орыс тіліндегі нұсқасы ыңғайлырақ деген түсінік қалыптасады. Әрине Disney, Sony, Pixar т.б сынды бас студиялардың басшылығы аударылған фильмді премьераның алдында "үтір-нүктесіне" дейін тексеріп шығады. Сол кезде енгізілген өзгерістерден хабардар етіп, себебін түсіндіреміз. Әдетте олар мұндай өзгерістерге түсінік танытып, қарсылық білдірмейді.
Бұған қоса, жоба жетекшісі дубляждалған туындыларға қатысты сын айтылатын да жасырмады. Алайда сынның болуы орынды деген маман бастысы туындыдағы локализация мәселесінің қамтылуы мен фильмнің халыққа түсінікті болуы екенін жеткізді.
"Қазақстан" ұлттық телеарнасының дубляж бөлімінің шеф-редакторы Зауреш Байзақова елімізде фильмдердің дубляждау үрдісіне Disney кинокомпаниясы тікелей атсалысатынын айтады.
Актерлерді Disney таңдайды
Қазақстан ұлттық арнасы Disney-дің Мәскеудегі филиалымен жұмыс жасайды. Олардың өз талаптары, өз шарттары бар. Киноның сценариі, өлеңі бар туынды болса, оның нотасы, барлығы біздің студияға жіберіледі. Фильмдер түпнұсқадан, ағылшын тілінен аударылады. Бір кейіпкер дауысын жазуға үш актер оқылымға қатысады. Олардың дауыстары жазылған соң Мәскеуге жіберіледі. Disney актердің дауысын таңдағаннан кейін дубляждау процессі қыза түседі. Бір айта кетерлігі, дубляждауда актерлер кастингінің маңызы зор. Себебі сәтті таңдалған кастинг жұмысты едәуір жеңілдетеді.
Мәселен, жақында "Qazaqstan" арнасы Marvel мен Disney компанияларының әйгілі туындыларын қазақшаға бейімдеп, өз көрермендеріне ұсынды. Айтылған алып кинокомпаниялардың фильмдерін таңдаудағы басты мақсат - әлемдік премьераларды қазақстандық көрермендерге ана тілінде тамашалауға мүмкіндік беру. Бұған қоса, өздеріңізге мәлім бұл корпарациялар шығаратын фильмдер прокатта қомақты қаржы жинап, көрерменнің ықыласына бөленіп жатады. Сол себепті де біз аудиторияның сұранысына орай осындай жобаларды сатып алуға тырысамыз.
Біздің студияда 70-ке жуық жоба дыбысталынды. Және олар платина коллекциясына жататынын айтқымыз келеді. Мұндай көлемде дубляж басқа бірде бір студиямен жасалынбаған. Анимацияда ән салу, жалпы синхронды дыбыстау біздің студияда аса сапалы түрде жүргізіледі. Атап өткенде олар "Күлшеқыз", "Рапунцель", "Бэмби", "София Прекрасная", "Красавица и чудовище", "Холодное сердце", "Русалочка", "Книга джунглей" және т. б.
Дубляждың қиындығын түсінбейтіндер көп сын айтады
Бір айта кетерлігі, дубляждау үрдісін көп адам түсіне бермейді, сондықтан сынап жатқандар да табылады. Түптеп келгенде, дубляждаудың екі түрі кездеседі: синхрон және войс овер. Синхронды дубляждаған кезде әрбір дыбыс, кейіпкердің айтқан сөзі, әрбір эмоциясының дыбыстық көрінісі беріледі. Ал войс овер көбіне осы телевизиялық контентті дубляждалғанда кеңінен қолданылады. Мұның себебі неде? Синхрондық дубляждау ұзақ уақытты алады. Синхронды түрде Disney-дің бір туындысын дубляждау бір айдан бірнеше айға созылып кетуі мүмкін. Көп жағдайда біз Disney-дің мультфильмдерін аударғанда міне осы синхронды дубляжды пайдаланамыз. Десек те телеарналар уақытқа тәуелді екенін ескеріп өткен жөн. Біз жаңа жыл басталғанда бекітілген жоспарды уақытылы орындап шығуымыз қажет.
Кинотанушы, киносыншы, Қазақстан киносыншылар қауымдастығының мүшесі Дана Әмірбекова елімізде дубляждалатын фильмдердің сапасы сын көтермейді дейді.
Кейбір актерлер робот секілді
Өкінішке орай, қазақша дубляждың сапасы, жасыратын түгі жоқ, расымен де төмен. Мысалы, "Қазақфильмнің" дубляждаған фильмдерін алып қарасаңыз, сіз киноның атмосферасына ене алмайсыз. Неге? Себебі дубляждау үлкен кәсібилікті, біліктілікті талап етеді. Біріншіден, дубляждау жай ғана актерлердің диалогты кезек-кезек оқи салуы емес. Ол фильмнің атмосферасын түсіндіру, режиссер киноны қалай түсіндірді, дәл сондай көңіл-күйді жеткізу. Актер интонация, паузаларды ұмытпай, түсірілген фильмді өз тілінде қайта ойнап шығуы керек. Өзінің бүкіл болмысынан өткізіп, жан тәнімен сезініп, өзінің кейіпкерінің рөлін қайта сомдап шығуы керек. Бұл тұрғыда актерлердің кәсібилігі жоқ деп айтпаймын, біздің мамандар әлемдік киножұлдыздардан кем емес, алайда олардың соңғы кездері жұмыстарына деген бір кірпияздығы жоқ деп айтуға болады. Мүмкін оның себебі төленетін қаламақының аздығында шығар. Дубляждалған жұмыстардағы актерлердің дауысын тыңдап отырсаңыз, олардың кейіпкерлерді сезіне алмауы, робот сияқты мәтінді оқып тұрғаны байқалады.
Екінші мәселе, дубляждаудың техникалық жағы. Дубляж - дыбыстық қатар. Бізде дубляж қалай жасалады? Фильмнің өз дыбысын басып тастайды, ал бергі шетінде актерлердің дауысы шығып жатады. Ал бұдан сіз фильмді сезіне алмайсыз. Кино - синтезді өнер болғандықтан мұнда әрбір деталь, әрбір элемент, әрбір дыбыс, сықыр маңызды. Желдің дыбысын, жапырақтың жерге түскенін, құстардың дауысын сезіндіре алу керек. Ал бізде дубляж жасаған кезде киноның дыбыстық қатарын жоғалтып алады. Әрине, мұндай фильмді түсіну қиын, ондай фильм көрерменді жалықтырып жібереді. Өйткені атап өткенімдей, кинодағы тек бейнелерді көріп қана қоймай, оның дыбыстық қатарын естіп сезінуіңіз керек. Кино аудио-визуалды өнер болғандықтан, мұнда көзіңіз де, құлағыңыз да жұмыс істеуі қажет
Мемлекет бұл салаға көңіл бөлмейді
Менің ойымша, елімізде осы салада "Болашақ" қорының "Aray Media Group" студиясының дубляждаған фильмдердің деңгейіне ешкім жеткен жоқ. "Ұлттық арнаның", "Қазақфильмнің", "Ел арнада" көрсетілетін фильмдердің аударып жатқан туындыларының сапасы сын көтермейді. Дегенмен бұған дубляждаушы мамандар мен студия кінәлі деп ойламаймын. Меніңше, мемлекеттен бұл салаға қаржы аз бөлінеді. Ал дубляж үлкен қаржыны талап етеді. Мемлекет мүмкін актерлер мен студиялардың айтқанын елемей жатқан болуы да керек. Өз басым дубляжға жауаптылар жоғарыда айтқанның барлығын түсінбей отыр дегенге сенбеймін.
Кинотеатрлардағы фильмдердің 50%-ы қазақша көрсетілуі тиіс
Қазақстандықтардың орыс тілінде фильм көруге құштар болуының бірден бір себебі - қазақ тілінде сапалы контенттің жоқтығы. Ал неліктен біз Қазақстан азаматы бола тұра кинотеатрлардағы фильмдерді ана тілімізде емес, орыс тілінде көруге мәжбүрміз? Меніңше, шетелден келетін барлық фильмдер қазақ тіліне дубляждалып, сосын кинотеатрларға жол тартуы керек. Ал субтитрлер қазақша емес, керісінше орысша берілуі керек. Мысалы, ауылдан келген тұрғындардан "неге кинотеатрға бармайсыз, неге фильм көрмейсіз" деп сұрасаң, олар орысша киноларды түсінбейтіндігін, қазақша туынды жоқ екенін айтады. Бұдан бөлек, жастар толыққанды орыс тілін біледі деп айта алмаймын. Кинотеатрлар болса, тек ірі мегаполистерде ғана орналасқан, елді мекендерде кинотеатр емес, киноклуб та жоқ. Қазақ тілді аудиторияға жағдай мүлдем жасалмаған. Оларға қазақша сапалы туындылар ұсынылу керек. Ең болмағанда, кинотеатрлардағы фильмдердің 50%-ы қазақ тілінде көрсетілгені жөн. Әрине, жақын арада мұндай өзгеріс болмайтыны анық, десек те бірте-бірте соған жетуіміз қажет. Қазақ тілді көрермендеріміздің талғамын қалыптастарып, өнердің биігіне көтеру үшін, олардың ой-пайымдарын жоғарғы деңгейге жеткізу үшін біз терең мағыналы, мазмұнды әрі мәнді, үздік туындыларды қазақ тілінде ұсынуымыз керек.