"Намаз оқығаны үшін 15 жылға соттаған": Түзету лагерьлеріне жабылған қандастарымыздың туыстары Қытай елшілігінің алдына нарызылыққа шықты
Қытай лагерьлеріне қамалғандардың туыстары Қытай елшілігінің алдына пикетке шығып, жақындарына еркіндік беруді тағы талап етті. Осымен 17 рет елшілік ғимаратының алдына талаптарын айта келгендермен Stan.kz тілшісі тілдесіп қайтты.
Елшілік алдына жиналғандардың бірі туысымыз Қазақстанға келгені үшін Қытай тұтқыны атанды десе, енді бірі ислам дінін ұстанып, имам болып жұмыс істегені үшін қамауға алынып, лагерьге жіберілгенін айтады. Тіпті кейбір қандастарымыз телефондарына рұқсат етілмеген әлеуметтік желіні жүктеді деп айыпталған. Алғашында көршілес мемлекет этникалық қазақтардың төлқұжатын алып қойып, елден шығуға тыйым салған. Ал кейіннен Қытайда ланкестік акт ұйымдастырмақшы болды деп бостандықтарынан айырылған.
Солардың бірі - Фарида Қабылбекованың жары. Фарида мен екі баласы отағасын 13 жыл бойы көрмепті. Қазақстанға көшіп келгеннен кейін Қытайдағы туыстарына барғанда Фариданың күйеуін тәртіп сақшылары тыңшы деп айыптап, түрмеге жапқан.
"Біз 2002 жылы Қытайдан Қазақстанға көшіп келдік. 2004 жылы күйеуіммен, екі баламызды алып, Қытайға қонаққа барғанбыз. Сол барғанымыздан тұрғылықты жердің ұлттық қауіпсіздігі алып кетті де бір жылға күйеуімді қамады. Артынша, қазақтың тыңшысы деген айыппен 13 жылға сотталды. 2017 жылы күйеуім жазасын өтеп бітіп, түрмеден шықты. Шыға салып, оны лагерьге алып кетіп, тағы бір жыл төрт ай бойы қинады. Қазір төлқұжаты дайын. Бірақ Қытай әлі де жібермей отыр. Қанша жерге барып әділдік талап еттім. Еш нәтиже болған жоқ. Амалдың жоғынан қазір Қытайдың елшілігінің алдына келіп, наразылық білдіріп, әділдік сұраудамыз. Қытай геноцид жоқ деген ақпарат таратуда. Барлығы жақсы болса, не себепті жақындарымызды жібермейді? Туыстарымыздың еркіндігін не үшін шектеп отыр? Біз осы жерге келіп жүрігенімізге 17 күн болды. Біздің сөзімізге ешкім құлақ асқысы келмейді", - дейді Фарида Қабылбекова.
Асыраушысынан айырылған тағы бір отандасымыз Гүлнұр Қосдәулет күйеуінің WhatsApp қосымшасын телефонына жүктегені үшін азаптап, темір тордың арғы жағына жібергенін алға тартты. Оған қоса, Гүлнұрдың кейбір туыстары намаз оқығаны үшін де айыпталған.
"Мен жолдасымды іздеп жүргеніме биыл міне төрт жыл болды. Жолдасым 2017 жылы шекарадан өте салысымен ұстап алып, лагерьге қамаған. Ондағы айтқан сылтаулары - отбасыңмен сөйлестің, телефоныңда WhatsApp бар екені. Екі жыл лагерьге жатқызып, артынша сот бір жылға бас бостандығынан айырды. 2019 жылы түрмеден шықты. Бірақ осы уақытқа дейін Қытай шекарасынан өтуге рұқсат бермеген. Кәрі әке-шешеміз, бала-шағамыз бар. Оған қоса, менің жолдасымның туысын намаз оқығаны үшін 15 жылға соттаған, қазір түрмеде жатыр", - дейді Гүлнұр Қосдәулет.
Әйел лагерьлерде тамаққа дәрі қосып беретінін айтады. Дәріні қабылдағаннан кейін көп адам әлсіреп, көз жұмады деген ақпарат та бар көрінеді. Гүлнұр лагерьлерде адамдарды ұрып-соғып, әйелдерді зорлайтыны туралы да естіпті.
"Лагерьлерде ең бірінші тамақтарына дәрі қосып береді екен. Одан қалса, арнайы екпе де салатын көрінеді. Ол екпеден кейін барлығы өліп жатыр", - дейді Гүлнұр Қосдәулет.
Тұрсынай әжей де осы жасқа келгенде жалғыз қаламын деп ойламадым деп мұнаяды. Балаларының артынан Қазақстанға көшіп келіп, виза жасату үшін Қытайға барған оның жұбайы да Қытай түрмесіне 10 жылға қамалған.
"Екі баламыз төрт жыл бұрын Қазақстанға көшкен. Артынша егде адамдар болғаннан кейін біз де 2017 жылы елге көшіп келдік. Менің жолдасым Жарқынбек Қасымбайұлы виза уақыты өтіп кеткеннен кейін Қытайға барып, қайтадан виза аштырамын деп кеткен. Содан бастап төрт жыл хабар-ошар жоқ. Жақындарымыздан естуім бойынша, 10 жылға түрмеге қамалған. Не себепті қамалғанын сұрасақ, Қазақстанға барған адамның барлығын тұтқындайтын көрінеді. Қазақстанды 26 лаңкестік мемлекеттің қатарына жатқызады", - Тұрсын Нұрақын.
Жиналғандар тағы да бірнеше оқиғаларымен бөлісіп, Қытайдан көшкен қазақтың барлық отбасында ондай жағдай кездесетінін айтады.
"Лагерьден шығып келген таныс келіншектің айтуынша, лагерьде екі мыңнан астам қазақ жатқан. Сонда бұларға сендер Қазақстанға барсаңдар, кінәлі болып ұсталады деген көрінеді. Бір ауданда үш-төрт лагерь бар. Бір лагерьде екі мыңдай адам жатады. Ешқандай қылмыс жасамаған, жазықсыз адамдар да сол лагерьлерге жіберіледі. "Екі түрлі жүрек" деген ұғым шығарған. Ол азаматтарын басқа шет мемлекетті ойлайды деп айыптау. Мына суретте кіші әкемнің ұлы. Қазақстанға туыстарына 10 күнге келген. Содан барғаннан кейін бұл бала ұсталып, он жылға түрмеге қамалды. Қазақстанға барғандардың барлығын түрмеге қамайды", - дейді жиналғандардың бірі.
Елшіліктің алдында екі апта бойы әділдік талап еткен наразылық білдірушілер ешкім жауап бермеді деп ашынып отыр.
"Біз көшкеніміз үшін басымызға қасірет туып отыр. Жетім бала, жесір әйел болып отырмыз. 17 күн болды. Бізді қабылдаған адам жоқ. Елшілік екі елдің арасындағы көпір болуы керек. Бірақ ол жәрдемдесейін деп отырған жоқ. Қытайдан көшіп келген көршілеріміз бар. Бірі келінім кетіп қалып еді, құжатын алып, жібермей қойды дейді. Жас жігіттер бар. Әйелдері туыстарына Қытайға кеткен. Олар да орала алмады", - дейді Тұрсын Нұрақын.
Алмахан Мырзаның ағасы екінші топтағы мүгедек болса да түрмеге тоғытылған. Оның кемшілігі дінді насихаттауында екен. Алайда бауырын Қытай үкіметі имам ретінде өздері оқытқан.
"Мен - Қазақстан азаматымын. Туған ағамды іздеймін. Жазықсыз 14 жылға сотталды. Қытай үкіметі өзі оқытқан. Имам, дипломы да бар. Имам болғаны үшін жазықсыз сотталды. Қазір ағамның денсаулығы жоқ. Екінші дәрежелі мүгедек. Бір қолы жоқ. Туыстарымнан ауырып қалғанын естіп жатырмын. Жүрегі, бүйрегі ауырған, жаман ауруға шалдыққан. Мен ағам үшін алаңдаймын. Ағам отбасына оралғанша арыз беруді тоқтатпаймын. Мен ағам үшін барлығына барамын. Қытай елшілігінен шығып жауап бергенше, мен бұл жерден кетпеймін", - Алмахан Мырза.
Дәл осындай жағдай Нұрзат Ермекбайқызын да толғандырады. Оның да ағасы имам ретінде жұмыс істеп жүріп, бір сәтте лагерьге айдалған. Оған қоса, келіншек ағасын іздесе, Қытайдағы туыстарына қысым көрсетілетін сыңайлы.
"Ағамды іздегеніме екі жарым жыл болды. Ағам Қытайда имам. Арнайы курста мемлекет өзі оқытқан. Бір мешітте жиырма жыл имам болды. Бұл кісі Қытай мемлекетіне қарсы заңсыз әрекет жасаған жоқ. Қазір ол 12 жылға сотталды. Мен ағама бас бостандық беруді сұраймын. Ол жақта, әкем, бауырымның балалары тұрады. Ағамды мына жақта іздесем, әкем мен отбасыма қысым көрсетіп, қызыңның аузын жап деп айтатын көрінеді. Бұл жақта лагерь, түрме жоқ деп бой беретін емес", - дейді Нұрзат Ермекбайқызы.
Әділдікке қол жеткізе алмаған наразылық білдірушілер бармаған жер, баспаған тауымыз жоқ деп наразы. Олар елшілік тарапынан жауап болмайынша, ғимараттың алдынан кетпейміз, наразылығымызды әлі қарай жалғастырамыз деп отыр.