"Ана тілі" ұғымының шығу тегі қандай?
21 ақпан - Халықаралық ана тілі күні. Осы орайда "ана тілі" ұғымының шығу тегі жайлы деректермен бөлісеміз.
Ана тілі — қалыптасқан этностың ұлт деңгейіне дейін дамуына себеп болған және сол этностың негізгі тілі саналатын, өзара қарым-қатынас тілі.
Этникалық тегі географиялық қоныстану аумағы, шаруашылық жүргізу тәсілдері ортақ адамдар қауымы мен мүшелерінің ана тілі арқылы ортақ дүниетанымы, ұғым-түсінігі, мінез-құлқы, наным-сенімі, сезіну қасиеттері – бір сөзбен айтқанда, ұлттық ділі қалыптасады.
Қазақтар неліктен туған тілін "ана тілі" деп атайды?
"Ана тілі" ұғымы барлық этносқа тән болса да, этностық көзқарас тұрғысынан бұл ұғым әр түрлі («туған тіл», «ұлт тілі», «ата-баба тілі», «ана тілі», т.б.) атала береді.
Қазақ дәстүрі бойынша,дүниеге келген нәрестенің құлағына алғаш шалынған ананың үн-әуезі оның ақ сүті арқылы баланың бойы мен барша болмысына дарып, адамға ғана сыйланатын құдіретті күш – тілге ұласады, сондықтан оның тілі ана құрметіне бағышталып, «ана тілі» аталып кеткен.
Қазақ тіл білімінде "ана тілі" терминін алғаш ұсынып, ғылыми айналымға енгізген Ахмет Байтұрсынұлы.
Бұл топтар қандай тілдік ортада (қытай, ұйғыр, моңғол, пүштүн, парсы, түрік, өзбек, орыс, қырғыз, түрікмен, т.б.) өмір сүрсе де, ол тілдердің қанша әсері болса да қазақ тілі олар үшін ана тілі болып саналады.
Тілдің қоғамдық қызметі мен әлеуметтік мәнін қарастыратын тіл білімінің бір саласы – әлеуметтік лингвистика: ана тілі, этнос тілі, екінші тіл, негізгі тіл, қосымша тіл, аралық тіл, меңгерілген тіл, үйренген тіл т.б.деп бөліп көрсетеді.
Қазақ тілі - түркі тілдері ішіндегі сөздік қоры ең үлкен тіл. Сондай-ақ, қазақ тілі таза тілдердің бірі болып саналады. Тіл қорының 60%-ын түркілік түбірлер құрайды. Ал орыс тілінің 45%-ы ғана славян сөздерін құрайды.
Қазақ тілі – түркі тілдерінің ішінде таралуы жағынан үшінші тіл: түрік тілі, өзбек тілі және қазақ тілі.
Қазақстандық ғалым Бақытжан Хасанұлы өзінің «Ана тілі – ата мұра» атты еңбегінде адамдардың ана тілі ретінде танитын тілдері мыналар деп, санамалап көрсетеді:
- Бір этносқа жататын ата-анасының тілі.
- Әр түрлі этносқа жататын ата-анасының біреуінің тілі (көбіне ұрпақ қуалай, бірыңғай әке тілін ана тілі ретінде тануы).
- Әр түрлі этносқа жататын ата-анасының біреуінің тілі (анасының тілін ана тілі ретінде тануы).
- Әр түрлі этносқа жататын ата-анасының тілдері (екі тілді де ана тілі ретінде тануы).
- Ата-анасының қай этносқа жататындығы белгісіз, балалар үйінде тәрбиеленген баланың тәрбие тілі.
- Тіл саясатының сөз жүзінде ғана ана тілін дамытуды уағыздап, іс жүзінде оны білуге қажетті жағдай туғызбаудың жүйелі сипат алуы, соның негізінде адамның бала кезінде-ақ ана тілін менсінбеуі, содан өзге тілді ана тілі деп тануы.
- Табиғи тілдік ортаның болмауы немесе тіл беделінің құлдырап түсуі, халық арасында болашағы жоқ тіл ретінде пайымдалуынан өзге тілді ана тілі деп тануы.