Елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің қымбаттауына не себеп?

Мемлекеттік органдар тарапынан бағаларды ұстап тұру, оның ішінде сауда желілерін жеңілдікпен несиелеу сияқты шаралар нәтиже бермеген, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 11 пайызға өсті. Халықтың табысы азайған кезде азық-түлік бағасы арзандай түсудің орнына, керісінше, қымбаттап кеткен. Бағалардың шарықтап кетуіне не себеп? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстан ұлттық арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

азық түлікМемлекет азық-түлік бағасын тұрақтандыруға қанша тырысқанымен, бір жылдағы құны 11 пайызға өсті. Ал жаңа жылдың небары үш аптасында 1,2 пайызға көтерілген.
Жаңа жылдың небәрі үш аптасында азық-түлік бағасы 1,2%-ға көтерілген

"Мысалы, кеше қанттың бағасы 253 болған, бүгін 5 теңгеге қымбаттады. Ертең 258 теңгеден келеді деп жатыр бізге", - дейді саудагер Гүлзиар Кентаева.

"Әр базардың бағасы әртүрлі. Тауардың қымбаттауы, түсуі – тауардың әкелінуіне байланысты. Бірде Қытайдың, басқа шекаралардың жабылуына да байланысты. Егер шекара жабылып қалса, көтерме бағалар өсіп кетеді", - деді саудагер Айдар Әбуов. 

"Бір ай бұрын қымбаттады, 20 теңгеге қымбатырақ әкелді. Одан кейін 10-15 күннен кейін тағы да қымбат болып келді. Өзіміз қоятын 15 пайыз", - дейді тағы бір саудагер Ақмарал Тіленшиева. 

"Жылқының, қойдың бағалары көтерілді, 100-200 тг. Ал сиыр бағасы осы бір жыл бір қалыпты тұр",  - деді саудагер Ғазиза Рысалиева.

Арна мәліметінше, мемлекет дүкен сөресіндегі бүкіл азық-түліктің бағасын реттемеуге құлқы жоқ. Тек "әлеуметтік маңызы бар" деп белгіленген 19 түрлі тамақ өнімінің құнын тұрақтандыра алады. Ол үшін екі құралы бар: бірі – тұрақтандыру қорлары, яғни әкімдіктер қажет азық-түлікті арзан кезінде сатып алып, қоймасында сақтайды. Кейін баға өскенде нарыққа шығарады. Екінші құрал – ресми тілде "айналым схемасы" делінеді, яғни сауда орындарына жеңілдетілген несие беріледі. Бұл қаражатқа көп көлемде алынған тауар нарықтағыдан арзанырақ сатылады.

Айта кетейік, әкімдіктер "айналым схемасына" былтыр бөлген бюджет 2 млрд теңгеден сәл ғана асқан. Ал биыл бұған 19 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырыпты. Соған қарағанда қай жағынан да тиімді деп тапқан сыңайлы. Әкімдіктің есебіне де, несие алатын сауда орнына да. 

"НС және Алматы қалаларында әкімдікпен бізде келісімшарт бар. Олар бізге берген ақшаны біз тікелей өзіміздің сауда желісіне қолданбаймыз, оларды біз өзіміздің серіктестерге, яғни алдын ала тауарларға біренеше ай үшін төлеп қоямыз", - деді "Magnum" сауда желісінің өкілі Мұрат Балапанұлы. 

Осыған орай, сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев елімізде өндірілетін өнімдерге сұраныс жоқ екенін атап өтті. 

"Өнімді сатып алғанда бұл сауда орталықтары біздің шаруашылықтар емес, көбінесе шетелдің фермерлерінен сатып алады, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан. Яғни бюджеттің ақшасы өзіміздің ауылдағы ағайындарға кетуі керек қой, өзіміздің шаруашылыққа кетуі керек қой?! Керісінше, басқа мемлекеттің фермерлерін асырап отырмыз", - деді ҚР Парламенті сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев.

"Үлкен ретейлерлер көбінесе өзімізден шыққан, арзан көкөністерді кіргізбейді. Олар шетелден келгенді, неге десеңіз шетелден әкелгенде олардың объемы өте көп болады. Өндіріп шығарған тамағымды сөрелерге қою үшін көп ақша төлеу керек оларға. Ондай мысалы, қарапайым фермерде жоқ", - деді "Әділет" тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы төрағасының орынбасары Тұрсын Жағыпарова.  

Көкөністің 90 пайызы Өзбекстаннан әкелінетінін үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент те айтты. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, отандық өндірушілер ішкі нарықты тек ұн, ет, күріш және өңделген сүтпен ғана толық қамтуға қауқарлы. Ал сары май, күнбағыс майы, балық өнімдері, шұжық, құс еті және ірімшік-сүзбемен ішкі сұраныстың жартысын ғана қамтамасыз ете алып отыр.

кесте

"Құс еті, алма, шұжық өнімдері бойынша импорт үлесі бар. 2020 жылдың 11 айының көлемінде көкөніс өнімдерінің импорты 400 мың тоннаға дейін болған. Соның 250 т жуығы Өзбекстаннан келеді. Бұл 3,6 пайызын ғана құрайды", - дейді ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі департаментінің бас сарапшысы Саят Қамзин. 

Импорт үлесі қыстыгүні артатын көрінеді, себебі біздің шаруалардың күзгі орақты қысқа дейін сақтауға мүмкіндігі жоқ, дейді министрлік өкілі. Осы үшін ел аумағында қоймалар салынбақ. Алдағы үш жылда азық-түлікті сақтап, тарататын 24 орталық іске қосылады.

"Көтерме-тарату орталықтары, ұлттық тауар өткізу жүйесі шеңберінде болып жатқан іс-шаралар «алқаптан сөреге дейін" тауар айналымын бақылауға мүмкіндік береді. Яғни делдалдардың саны азаяды", - дейді ҚР сауда және интеграция министрлігі ішкі сауда департаменті директорының орынбасары Бекжан Нақыпов. 

"Оны салып алып, ертең бос қалмасын деген мәселеміз бар ғой. Тауар қайдан келеді ол жаққа? Қалай толтырамыз? Қандай арзан бағамен аламыз? Мәселе сонда. Фермерлермен байланыс істеуіміз керек. Кооперативтер құруымыз керек", - деді Ақылбек Күрішбаев, ҚР Парламенті сенатының депутаты.

Қазір 17 аймақтағы тұрақтандыру қорында 30 мың тонна азық-түлік сақтаулы. Жыл басталғалы 2 мың тоннаға жуық тауар нарыққа шығарылыпты. Ал кейбір өңірлер бағаны өсірмеу үшін басқа да амал тапқан.

"Менің ойымша, соңғы бағаны қараған дұрыс емес. Біздер ең басынан, өндірушіден неге қымбат болып жатқанын түсінуіміз керек. Қазір көріп отырғанымыз, шикізаттың бағасы қатты қымбаттап жатыр. Шекаралас Ресей облыстарымен келісіп, ол жақта шикізаттың бағасы төмен, соны әкеліп біздің тауар өндірушіге жеткізіп жатырмыз", - дейді  БҚО әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев. 

"Тұрақтандыру қорының серіктес дүкені деген жаңа бағдарлама. Қазір нақты дұрыс істейтін дүкендермен жұмыс істеп, соларды әрдайым тұрақтандыру қорынан тауар болуына себеп болып отырмыз", - дейді Павлодар облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Айбек Тұрсынғалиев. 

"Қарағанды, Жамбыл облыстарымен форвардтық келісімшартқа қол қойылды. 5 мың тоннадан астам көкөніс бойынша қазір 6 объектіде республикада төмендетілген бағада өнім сатылып жатыр", - дейді Нұр-Сұлтан қаласының инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы бөлімінің бас маманы Арайлым Серікбаева. 

Ал қаржыгер әрі экономист Жалғасбек Ақболат мемлекеттің бағаны ұстап тұруға деген кейбір талпыныстары кері әсер етуі мүмкін екенін айтады.

"Белгілі бір бағаны шектейтін болса, отандық өнім үшін маржа, яғни үстінен көретін пайдасы азаяды. Екінші жолы бар, ол тіпті өзіндік құнынан аз бағада ол өнім шығарады. Тиісінше ол нәрсе бізді екі түрлі жағдайға алып келеді. мемлекет тарапынан қосымша ақша бөлу олардың шығындарының орнын жабу үшін. Бағаны ұстаймыз деп керісінше тағы да ақша бөлуге мәжбүр боламыз. Ал ақша бөлінбеген жағдайда отандық ойыншылар, компаниялар нарықтан шығуына әсер етеді", - деді экономист Жалғасбек Ақболат.

көкөніс

Бұған дейін Қазақстанда Ресей мен АҚШ-тың танымал сауда желілері ашылуы мүмкін деген ақпарат шыққан. Шетелдік менеджмент пен маркетинг азық-түліктің арзандауына әкеле ме деген болжам бар.

"Ол арзандайды, бірақ оның арзандағаны бізге мүлде керегі жоқ. Қандай тамақ арзандайды? Жасанды, өндірістік фальсификаттанған шұжығың, майың, майдың орнына әкеліп сатады, еттің орнына анау шошқаның терісін қосқанды сатады. Ол біздің фермердің тамағын сатам деп келмейді. Ол пайда көрем дейді", - дейді "Әділет" тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы төрағасының орынбасары Тұрсын Жағыпарова. 

Бұған қарап азық-түліктің бағасы ғана емес, оның қауіпсіздігі де өзекті бола түсетінін байқаймыз. Ол туралы алдағы бағдарламада.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр