Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар салық комитетіне артығымен ақша аударып келген

Қазақстандықтар салық комитетіне артығымен ақша аударып келген. Өрескел қателік жуырда ғана белгілі болды. Нақтырақ айтсақ, штаттан тыс еңбек еткен қызметкерлердің жеке табыс салығы екі жыл бойы қате есептеліпті.  Мұндай түйткіл 2020 жылдың 10 желтоқсанында Салық кодексіне енгізілген өзгерістерден кейін туындаған.

Осыған орай елдегі бухгалтерлер екі жылдың құжаттарын қайта қарауға мәжбүр болуда. Тұрғындар артық төленген ақшасын қайтарып ала ала ма? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

2018-2020 жылдар аралығында қазақстандықтардың жеке табыс салығы қате есептеліп келген. Осыған орай Мемлекеттік кірістер комитеті біршама қызметкерге борыштар болып қалып отыр.

Мысалы, қызметкердің айлығы 100 мың теңге делік. Заң жүзінде одан жеке табыс салығы үшін 8900 теңге ұсталуы керек болған. Алайда іс жүзінде 10000 теңгеден алынып келген. Демек, 2018 жылдан бері әр ай сайын 1100 теңге салық комитетіне артығымен төленген.  

Яғни екі жыл көлемінде салық жалақының жалпы сомасынан ұсталып келген. Ал артық тиынынан қағылып отырғандар көбіне штаттан тыс, келісімшарт бойынша еңбек еткен қызметкерлер. Олардың жеке табыс салығы зейнетақы жарнасынан да, медициналық сақтандыру төлемінен де алынған.

«Ол кез келген компанияда жұмыс жасайтын жеке тұлғалар болуы мүмкін. Ол жеке тұлғалар өзінің жұмыс беруішісімен азаматтық құқықтық сипаттағы келісімшарттарға отырған жеке тұлға болуы мүмкін», - деді ҚР мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева. 

Енді комитет табыс салығы артық ұсталған азаматтарға арыз жазып, қаражаттарын кері қайтарып алуына мүмкіндік бар дейді. Ол үшін алдымен...

«Қосымша салық есептілігін тапсыру керек. Салық төлеушілер, яғни жұмыс берушілер қосымша салық есептілігін тапсырады. Одан кейін артық төленген салық сомасын оның қайтарып алуға құқығы бар», - деді Айнұр Сартаева.

Осы орайда елдегі бухгалтерлер екі жылдың құжаттарын қайта қопаруға құлықсыз. Себебі қаншама күш, уақыт кетеді. Есепшілер өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын шешімді ұсынып отыр. Ол - салық кодексіне енгізілген нормаларды 2020 емес, 2021 жылдан бастап қолданысқа енгізу.

«Барлық есептер тапсырылды, салықтар төленді. Мұның тиімді тұстарын көрмей тұрмын. Тек есепшілерді әуреге салады. Салық комитеті жеке тұлға арызданбаған жағдайда өткен жылдардың есебін қайта тапсырмауға да болады дейді.  Ал артық төленген ақшасын қайтаруға өтініш берсе, құжаттарды қайта қарап, қаржыны бюджет есебінен қайтару керек болады», - деді кәсіпкерлер  палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышев.

«Негізінде осыған дейін де бізде әрдайым салық заңнамасына өзгерістер енгізіліп тұрады. Бұл салықтық жеңілдіктер қосылған құн салығынан болды. Корпоративтік табыс салығынан болып жатыр. Сол жағдайда салық төлеушілер ешқашан наразылығын білдірген емес. Ал осы жағдайда жеке тұлғаларға қатысты түзетулер енгізілген кезде, әрине барлығы қарсы болып жатыр», - деді Сартаева.   

Осы орайда қате төленген салықтарды қайтару үшін өтінішті электронды түрде жолдауға болатынын еске саламыз. Төлем тұрғындарға 5 жұмыс күн ішінде қайтарылуы тиіс.

Талқылау