Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Неліктен орыстілді қазақтарға ана тілін үйрену шетелдіктерге қарағанда қиынырақ? Мамандар түсіндірді

Өзге ұлттардан бөлек, өз ана тілінде жетік сөйлей алмайтындардың да қазіргі күні тілге деген қызығушылығы байқалады. Бұған не себеп? Қазақ тіліміз ел арасында қаншалықты сұранысқа ие? Бұл туралы Stan.kz тілшісі қазақ тілінен дәріс беретін оқытушылардан сұрап білді. 

филолог- Сұхбатымыздың алғашқы сұрағын төтесінен қояйық, бүгінгі таңда қазақ тілін үйренуге сұраныс бар ма?

- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, филология және әлем тілдерінің доцент м.а., PhD докторы Койшигулова Динара: Шетел азаматтарына қазақ тілін екінші шет тілі ретінде оқытып жүргеніме он үш жылдан асып барады. Байқағанымдай, тілді үйренгісі келетіндер қатары жыл санап өсіп келеді. Бұл – қазақ тілінің мемлекетімізде алатын орны үшін де, тілді үйретіп жүрген біз секілді оқытушылар үшін де қуантарлық жағдай. 

- "Qazline" қазақ тілін онлайн үйрету орталығының директоры, тіл маманы Еселбаева Динара: Иә, бүгінгі таңда тілімізді үйренуге сұраныс өте жоғары деңгейде деп айта аламын. Оның ішінде өзге ұлт өкілдерінің балалары болсын, ересектері болсын қазақ тілін жаппай оқуда. Қазақстанда өмір сүріп, қазақ тілін білгісі келетін, жұмысында қазақ тілін қажет ететін немесе ортасы қазақтілді адамдар қазақ тілін дамытқысы келеді, балаларының да үйренгенін қалайды. 

- Алдыңызға келетін тіл үйренушілердің мақсаты қандай?

- Койшигулова Динара: Тіл үйренушілердің мақсаты әр түрлі. Бірі өзі қызмет атқарып жүрген жұмыс орнының ішкі старегияларының тілдік саясатты қолдау мақсатында қазақ тілі сабағына қатысса, кейбір азаматтар өзіндік алдына қойған мақсаттары мен мүдделеріне сай сабақ алып жатады. Көбіне, болашақ бағдарламасы арқылы оқуға үміткерлер мен "КазТест" жүйесі бойынша қазақ тіл деңгейін білуге қызығушылық танытқандар үшін қазақ тілге деген сұраныс көп.

- Еселбаева Динара: Біз курсқа келген оқушылардан ең бірінші сұрайтын сұрағымыз – "Қазақ тілі сізге не үшін керек?". Олардың бір тобы "өзім үшін" десе, екінші бір тобы "айналамдағы қазақтармен араласу үшін" дейді. Тағы бір тобы "Қазақстанда ұзақ уақыттан бері тұрамыз, бірақ әлі күнге дейін мемлекеттік тілді білмейміз, сол үшін ұяламыз" деп ашығын айтады. "Балаларымыздың болашағы үшін қазақ тілін үйреніп жатырмыз" дейтіндер де табылады. Себебі біздің елімізде барлық бала қазақ болсын, басқа ұлт өкілі болсын мектепте қазақ тілін оқиды. Сол себепті балаларына түсіндіру үшін алдымен ата-ананың өзі сол тілді жақсы білуі тиіс. 

филолог

"Qazline" қазақ тілін онлайн үйрету орталығының директоры, тіл маманы Еселбаева Динара

- Қазақ тілін үйретуде қандай қиыншылықтарға тап болдыңыз?

- Койшигулова Динара: Тілде еркін сөйлей алатын, сондай-ақ сол тілдің функционалды, теориялық аспектілерін жетік меңгерген кез келген адамның тілді үйрете алуы екіталай. Тілдің табиғатын білуден бұрын оны өзге адамға меңгертудің сан түрлі әдіс-тәсілдерінен хабарың болуы керек. Тіл үйретуші тек лингвист емес, психолингвист, социолингвист, когнитивист, билингвті болуы шарт. Бұндай маман болмаған жағдайда, үйретуші алдына келген тіл үйренушінің тілге деген қызығушылығын жоғалтып алып жатады. 

Қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйретуде тап болған қиыншылықтары ретінде қазақ тілінің шетел азаматтарына ыңғайлы етіп жазылған оқу-құралдары тапшы екенін айтар едім. Ең өкініштісі, саусақ санарлықтай да болмайды. 

- Қоғамда "Қазақ тілінің болашағы жоқ" деген сияқты жаңсақ пікірлер бар. Тіпті, кейбір қазақ ата-аналар балаларын саналы түрде орыс мектебіне беріп жатады. Осы туралы ойыңыз қандай?

- Койшигулова Динара: Біздің мемлекетіміз – зайырлы. Сондықтан да зайырлы ұғымды басшылыққа алып отырған мемлекетіміздің саясаты ашықтықта, толеранттылықта. Тілдік саясат та осыған құрылған. Сондықтан баласының тәрбиесінің, оқуының тілін ерікті түрде таңдау ата-анасының еншісінде. Алайда қазақ ата-аналарының орыс мектептеріне саналы түрде беруі, қазіргі таңда өткен он жылмен салыстырғанда саябырсыды. Қазір көптеген мектеп табалдырығында қазақ сыныптарының көптеп ашылуы, балабақшада қазақ топтарының көптеп болуы осыған айғақ бола алады.

- Еселбаева Динара: Менің ойымша, бұл – өте қате пікір. Өйткені олай ойлайтын адамдар саны аз. Өздерінің саны азайып бара жатқандықтан, олар жаппай дабыл қағуда. Сондықтан олар жүрген жерлерінде, интернет беттерінде болсын, осы нәрсені алға тартып, ойтып отырады. 

Мен сізбен бір қызық мәліметпен бөлісейін. Байқасаңыз, қазақ тілі мамандарының, тіл жанашырларының арасында "қазақ тілі – әлі күнге дейін орыс тілінің боданында" деген пікір қалыптасқан болса, керісінше, орыстілді адамдардың көзқарасында "қазіргі қоғам белсенді түрде қазақ тіліне көшуде" деген пікірді өз оқушыларымнан жиі естимін. Оны өздері де ашық айтады. Осындай пікірлерді қарап, күнде өз құлағыммен естіп жүріп, "қазақ тілінің болашағы жоқ" дегенмен мүлдем келіспеймін. 

филолг

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, филология және әлем тілдерінің доцент  м.а., PhD докторы Койшигулова Динара

- Тәжірибелі маман ретінде ойыңызды білсек, осыдан бес-он жыл бұрынғы өзге ұлт өкілдерінің тіл үйренуге ұмтылысы мен қазіргі күйінде айырмашылық бар ма?

- Койшигулова Динара: Бар. Тіл бір орында тұрмайтын, дамымайтын құбылыс емес. Тілдің дамуы, біздің еліміздің ішкі-сыртқы дипломатиялық, экономикалық іс-әрекетінің негізінде дамиды. Құдайға шүкір, еліміздің экономикасы да, ішкі және сыртқы саясаты да күн сайын қарқындап дамуда. Біздің елге түрлі инвесторлар, түрлі іс-шараға шетелдік азаматтар тартылуда. Демек, бұл азаматтар халыққа оңтайлы ұсыныс жасауы үшін, қалың жұрттың жүрегінен орын табуы үшін, бірінші сол халықтың тілін үйренуге деген қызығушылықтарынан туындаған мақсаттары пайда болуда. Тілдің өміршеңдігі – сол халықтың тұрмысымен біте қайнасып жататын құбылыс. 

- Неліктен өзіміздің орыстілді қазақтардан гөрі өзге ұлт өкілдері қазақ тілін жеңіл үйренеді? Сыры неде?

- Койшигулова Динара: Шынымен де қызық сұрақ. Орыстілді қазақтардың тілі қазақша шықпағанымен, үш жұрты - қазақ. Көбіне сол үйінде таза қазақша сөйлемесе де, ата-анасының анда-мұнда қолданған бірлі жарымды фразаларын естіп, одан қалды, ағайын-тумаларынан естіген, білгендері арқасында тілдерінің белгілі бір базалық деңгейін қалыптастырады. Мәселен, кейбір орыс тілді қазақтар тыңдағандарын түсініп жатады, бірақ сөйлемейді немесе тыңдағандарын бірден түсіне бермейді де, кейбір сөздердің синонимдік қатарларын бейсаналы түрде қолданып жатады. Мысалы, сондай кісілерге белгілі бір орыс сөзінің қазақша баламасын айтсаң "меніңше бұның басқа нұсқасы бар, себебі мен оны ата-анамнан осылай естігенмін, туғандарым бұны былай айтады", - деп жатады. Бұл тұрғыда тіл үйренушінің лексикалық қорының көбейіп, сол сөздердің қай жағдаятта орындау керектігі олар үшін үлкен мәселеге айналады. Бұл тілдің жүйесіз меңгерілуінің әсерінен олар тілді меңгеруде қиындықтарға кезігеді.

Ал қазақ тілін мүлдем меңгермеген азаматтар үшін, тілді меңгерту ақ қағазға таңбалағандай болады. Ол тілдің құрылымын, лексикалық қорын жүйелі түрде меңгергендіктен, бәз қалпында сіңіре береді. Сол себепті тілді игеру процесінде орыс тілді қазақтар екі есе күш жұмсаса, ал қазақ емес өзге ұлт өкілдері барлық күшін сол тілді меңгеруге жұмсайды. 

- Еселбаева Динара: Бұның бірден бір себебі, этникалық қазақтардың ана тілі – қазақ тілі. Олардың психологиясында бейсаналы тұрғыда "өз ана тілімді білмеймін" деген ұят, тежеу бар. Бұл психологиялық тежеу оқу процесінде кедергі келтіріп, артқа тартады. Сонымен қатар, олар нәтиженің бірден болғанын қалайды, яғни қазақ болғаны үшін қазақ тілінде тез сөйлеп кеткісі келеді. Нәтижеге бірден ұмтылған адамның еңсесі түсетіні анық. Себебі тіл үйрену өте қызық процесс болғанымен, шыдамдылық пен төзімділікті, тоқтаусыз оқуды, жаттығуды қажет етеді. Ал өзге ұлт өкілдері қазақ тілін жақсырақ үйренуінің себебі олар қазақ тіліне шет тілі ретінде қарайды. Сол үшін кемінде үш-төрт ай ішінде жақсы нәтиже көрсетіп жатады. Оларда ешқандай тежеу жоқ, қазақ тілін білмейтініне ұят сезімі болмағандықтан да тілді еркін меңгереді. 

- Алдағы уақытта қазақ тілінде сөйлеушілердің саны арта ма? Маман ретіндегі пікіріңіз, болжамыңыз қандай?

- Еселбаева Динара: Иә, әрине, артады деп толықтай айта аламын. Неге десеңіз, қазіргі уақытта курсыма келушілердің барлығы "Болашақ – қазақ тілінде" екенін жақсы түсінеді. Ең бастысы, олар өздері білмесе де, балаларының білгенін қалайды. Демек, мектепте әрі курста білімін жетілдірген бала болашақта қазақ тілін өте жақсы деңгейде білетін азамат болып өседі. Соларға қарап отырып, қазақ тілінің өміршеңдігін, қазақ тілінде сөйлеушілердің көп болатынын болжауға болады. Екіншіден, қазіргі таңда интернет желісінде қазақ тілінің аясы кеңейіп келеді. Себебі барлық әлеуметтік желідегі әр түрлі порталдар, әндер, бейне материалдар, тіпті, блогерлердің жазбалары сапалы түрде қазақ тілінде жазылып жүр. Бұл – оқытушылар үшін жақсы материал болса, тіл үйренушілер үшін – жақсы мотивация. Ал тіліміз үшін үлкен жетістік. 


Тіл туралы 7 өлең

Сұхбаттасқан: Аққибат АҚЖІГІТОВА 

Талқылау