"Ақша талап етіп отыр": Қызылордада туа бітті ауруы бар адамдар мүгедектік ала алмай жүр
Қызылорда облысы Шиелі ауданында бір топ тұрғын туа бітті ауруымыз жазылмай, соның кесірінен ештеңеге жарамсыз болып қалғанымызды дәрігерлер біле тұра, мүгедектікке шығару үшін бізді әбден әбігерге салады деп шағымданып отыр. Айтуларынша, аудан ақ халаттылары тұрғындарды мүмкіндігі шектеулі жандардың санатына қосу үшін ақша талап еткен жағдайлар да болған екен. Бірақ жауапты мамандар шағымдар негізсіз екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Элмира Боранқұлованың 6 жасар қызы бар, оның бір аяғы кішкентай болып туған. Айтуынша, 2 жастан 4 жасқа дейін мүгедектер қатарында болған соң, төлемақы алып, емі уақытында жасалыпты. Соңғы 2 жылда баланы мүмкіндігі шектеулі жандар санатынан алып тастаған.
"Қызымның ауруы асқынып бара жатыр, емі тоқтап қалды. Өзінің ақшасын өзіне жарататын едім. Алматы бар ма, Қызылорда бар ма, 6 ай сайын емін алып тұрғанмын", - деді тұрғын Элмира Боранқұлова.
"Мүгедектік алу мұң болды" деген бірнеше тұрғын аудандағы аурухана алдына жиналды. Олар "ауруымыз асқынса да, ақ халаттылар ары-бері сабылтады" деп ашынады.
"Төлемақы алу үшін хаттама сұрайды. Біреу әкелсек - жарамайды, екіншісін де жарамайды дейді. Сөздің шынына келсек, олар бізден ақша талап етіп отыр", - деді тұрғын Гүлназ Әбдіреева.
Жауапты дәрігер болса, жиналғандардың "ақша дәметеді" деген сөзінің жалған екенін айтады. Келген тұрғындардың ауруының асқынуына қарай тексеріс жүргізу керек екенін айтады.
"Заң көрсетілген. Асқынуы көрсетілген сәттен 4 ай көлемінде бақыланып, емдеу нәтижесі маманға ұсынылады, олар заңның аясында шешім қабылдап, өзінің қорытындысын береді", - деді Шиелі аудандық дәрігерлік сараптама төрайымы Несібелі Айтбаева.
"Дәрігерлердің жетіспеушілігінен басқа аймақтарға немесе шетелге дейін барып, 4 ай тексерілу онсыз да діңкәс адамды шаршатып жібереді", - деді жиналғандар.