Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда адам қаққан троллейбус жүргізушісі 2,5 жылға сотталды

Жаяу жүргіншіні қағып кеткен троллейбус жүргізушісі 2,5 жылға сотталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Естеріңізге сала кетейік, бұл жол апаты осы жылдың басында болған.

"Троллейбус жүргізушісі Қазақстан Республикасының Жол қозғалысы ережелерінің 2.4.2-тармағын бұза отырып,  жүріс бөлігінен шығып кетіп, тұрақ аумағында тұрған “Хонда”, “Лексус” және “Тойота” маркалы автокөліктерге соқтығысқан. Бұдан әрі троллейбус тротуарда тұрған 1988 жылы туған  жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Жол апатынан алған жарақаттарының салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында қайтыс болды", - дейді Алматы қаласының полиция басқармасы бастығының орынбасары Салтанат Хишанло.

Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары ҚР ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігі (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша өткізілді. Тиісті сараптамалар жүргізілді. 

"Адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс сотқа жіберілді, сот үкімімен троллейбус жүргізушісі адам өліміне әкеп соққан жазатайым оқиға үшін кінәлі деп танылды. Ол көлік құралын басқару құқығынан 5 жыл мерзімге және бас бостандығынан 2,5 жыл мерзімге айыруға сотталды. Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы өзгертіліп, ол сот залында қамауға алынды", - деп қорытындылады Салтанат Хишанло.

Талқылау