Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әкемнің суықтығы балалық шағымды ұрлады": Белгілі телерадиожүргізуші Жасұлан Қали өмірі жайлы сыр шертті

Біраз уақыт «Жұлдыз FM» радиосында сәтті қызмет атқарып, қазір «Тойдуман» радиосында еңбек жолын жалғастырып жатқан белгілі радио жүргізуші Жасұлан Қали балалық шағы, отбасы және радио саласына келуі туралы Stan.kz тілшісіне айтып берді. 

Жасұлан

Жасұлан, балалық шағыңыз қалай өтті?

– Балабақшаға баратын кезде легенге су құйып, бас жуғаным есімде. Сосын дәу-дәу газеттерді айқара ашып тастап оқиды екенмін. Оны анам айтып отырады. Мен жұмсаған кезде қолыңа ұстап алған қаламсабыңмен келген жеріңе белгі қойып кетіп, жұмыстарыңды бітірген соң қайтадан жалғастырып оқитынсың дейді. Өзге балалар секілді флягпен су да тасыдым... Негізі мен жеті айлығымда 1 келі 200 грамм болып өмірге келіппін. Дәрігерлер менің адам болып кететініме аса сене қоймаған. Бірақ Аллаға шүкір, мінекей 36 жыл болды әлі жүрміз (күледі). Әкем Дүйсеналы сол Беріктас мектебінде алғашқы әскери дайындықтан сабақ берді. Ал анам Әтіргүл бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етті. Өзімнен кейін 1986 жылы туған Минура деген қарындасым, 1987 жылы туған Руслан деген інім бар. Үш ағайындымыз. Балалық шақ сол екеуін бағумен өтті. Ауылға азық-түлік әкелетін адамдардан тәтті-пәтті сатып алып, соны көшеде жеп, шыбықты ат қылып шауып жүретінбіз. Алайда үйдің үлкені болғандықтан тіршілікке ерте араласу, үйдің де, даланың да жұмыстарын істеу жағынан тиянақты, ұқыпты болдым. 

Жаңа газет оқи беретін болыппын дедіңіз. Демек сол кезден-ақ шығармашылыққа жақындық байқалған болып тұр ғой?

– Бәлкім... Басқа достарым секілді жақсы оқуға тырысатынмын. Кейін өсе келе махаббат пайда бола бастаған соң ер баланың сабағы әлсірейді ғой. Төрттік түсе бастады. Мектепте ұйымдастырушылық жұмыстарға белсене араласып, бәрін өз қолыма алып, неше түрлі скетчтер қойып, ән айтып жүретінмін. Одан кейін КВН-де ойнадық. Бірақ футболшы болуды қатты армандағанмын. Өкінішке қарай, 6 сынып оқып жүрген кезімде әке-шешем ажырасып кетіп, анаммен қалдым. Шешем «Доп ойнағаның жетер. Сен енді осы үйдің үлкен ер-азаматысың. Отбасын бағуың керек» дегеннен кейін ойланып, жеңіл-желпі жүрістің бәрін тыюға тура келді. Сол заматта бірден ерте есейіп кеткендей болдым. 9 сыныптан бастап базарға шығып, өз бетіммен саудаға да араласа бастадым. Мектептен шығып базарға тартып отырамын. 

Сіз ес біліп, өсіп қалған кезіңізде ажырасыпты ғой ол кісілер. Әкеңіздің мінез-құлқы есіңізде қалды ма? Әскери адам болса мінезі де қатал болған шығар?

– Иә, қатал болды. Мені ешқашан басымнан сипап ұлым деп еміренген емес. Ұратын. Әрине, ұрғаннан ешкім жамандық көрмейді ғой. Бірақ ащы шындық болса да айтайын, мені құшағына қысып, жылуын берген емес. Мен мейірімнің барлығын тек анамнан көрдім. 

ЖасұланОдан кейін әкеңізбен араластыңыз ба? Көңіліңізде өшпенділік, реніш қалып па еді?

– Әрине. Ренжисің ғой. Кезінде бір рет кешіргенмін. Алайда одан кейін де түзеле қоймады. Сосын қатты ренжідім. Бір кешірім беріп қайта балалық шаққа оралып қуанған кезде қайтадан бәрі мен ойлағандай болмай қалып, қатты ренжігенім есімде. Әкемнің суықтығы, оның әрекеті менің балалық шағымды ұрлаған сияқты болды. Болмаса кім жетісіп 9 сыныптан бастап жұмысқа шығып кетеді дейсің. Мен өзім бір интернатта, ал қарындасым мен інім басқа интернатта оқыды. Сенбі күні барлық оқушылардың анасы келіп балаларын алып кетіп жатады. Ал бізді анам қайда алады? Не үй жоқ, не күй жоқ. Сонда қарындасым мен інім интернатта жылап қалмасын деп мен апта бойы фантик ойнап, сауда жасап, тиындардың басын құрап, сенбі күні жаяу сол екеуінің интернатына баратынмын. Интернат қазіргі хайуанаттар бағы жақта орналасқан. Мен Тимириязев пен Байзақов көшесі жақтан барамын. Әжептәуір алыс жер. Екеуін саябаққа қыдыртып, балмұздақтарын алып беріп, қайта әкеп тастаймын. Сосын жаяу қайтамын. Кешкі асқа үлгермей қалғандықтан аштан аш ұйықтай кетемін. Таңертең тағы да інім мен қарындасым жаққа жаяу-жалпы аттанып кетіп, тағы бір күн қыдыртып, кешке шаршап қайтатынмын. Демалысым солай өтті. Анам ол уақытта сауда жасады. Сондықтан бір демалыс алса, бір демалыс алмайтын. Ал интернатта оқыған балалар сенбі мен жексенбі күндері ата-ананың келіп қамқорлық көрсетуінің қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді. Осындай өзіңді қор санаумен өткен қаншама күндер, сәттер үшін әкеме қатты ренжимін. Сондықтан да кез келген толық емес отбасында өскен балаларды моральдық тұрғыдан мүгедек деп есептеймін. Себебі жалтақтап, жаутаңдап өседі. Бізге бұйырғаны осындай тағдыр шығар. Ол үшін біреуді кінәлі қылудың да қажеті жоқ шығар. Ең бастысы еңсеңді тіктеп, алға қарап өмір сүру керек. 

Бір үйдің тірегі өзіңіз болып қалған соң анаңызға көмектестіңіз ғой?

– 9 сыныптан бастап «Болашақ» базарында сауда жасадым. Таңертең 5-те барып алып, қоқыс арасында бос жатқан қораптарды тауып алып, контейнердегі апайлармен сөйлесіп фотоальбомдарын алып, адамдарға сататынмын. «Өткізгенімді сатамын, өтпей қалғандарын кешке апарып беремін» деп келісіп алатынмын. Күні бойы «фотоальбом» деп айғайлап, базардың бүкіл қатарларын кезіп шығамын. Өтпегендерін қайтарамын, ал өткен заттың ақшасын анама беремін. Сол кезде сәнге айналған «кожный пиджактарды» да саттық. Артына су шашып қабырғаға жапсыра салатын суреттер бар еді. Соларды базар аралап сатып шығумен айналыстым. Содан кейін Алматыдағы бір кеңсеге жұмысқа кірдім. Әлгі мекеме бізге таңертең тауарлар береді. Ішінде үтік, пышақ, қайшы, қасық, шаш кептіргіш бәрі бар. Олар біздің не айту керегімізді үйретіп береді. Содан қаланы табанымыздан таусылып кезіп жүріп, әртүрлі кеңселерге бас сұғып «Біз осындай бір компанияның өкіліміз. Тауарымызды кеденде ұстап қалды. Сондықтан осылай арзан бағамен сатуға мәжбүрміз» дейтінбіз. Жұмысқа таңертең келіп, бәріміз кеңседе жиналып аннекдот айтамыз. Ең мықты аннекдот айтқан адам 500 теңге алатын еді. Және күн сайын сол 500 теңгені мен аламын. Күні бойы тауарларды сатып, өтпегенін қайта алып келеміз. Ал кешке әрқайсымызға тауарлардың өтуіне байланысты белгілі бір пайызын береді. Мен енді қанша дегенмен біраз жыл базарда сауда жасаған адаммын ғой, ойладым мына тауарлар базарда да бар емес пе деп. Сөйтіп, сол жұмыстан тапқан 30 мыңдай ақшамды алып кетіп қалдым. Базарға барсам біз әлдеқандай деп жарнамалап сатып жүрген саттарымыздың бәрі базарда тұр. Екі есе арзан бағаға. Содан қолда бар ақшама әлгі заттарды базардан алып, өзім жеке кетіп сата бастадым. Келе-келе қасыма басқа балаларды да қосып, оларға да тауар беріп тұратын болдым. Бір қызық жағдай – базардан толтырып колготки сатып алып, соны саудалайтынмын. Өзіңіз ойлап қараңызшы, зіңгіттей ер азаматтың колготки сатып жүргені біртүрлі ғой. Бірақ сонда ұялмаймын. Кез келген дүкенге кіріп барамын да қыздарға колготкиімді көрсетіп, жарнамалап, алыңдар дейтінмін. Қыздар көп алатын. 

Жасұлан

Кейін сол қабілетіңізді ұштап, жеке бизнес ашып жалғастырмадыңыз ба?

– Бұл жағы әлі де болса ойда бар. Бірақ радио көп уақытты алады. Мұндағы жұмыс графигі денсаулыққа да оңай тиіп жатқан жоқ.

Сұхбаттың басында ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетіне түстім дедіңіз. Неліктен осы саланы таңдадыңыз?

– Оқуға Равил деген сыныптасым екеуміз бірге, халықаралық құқық мамандығына тапсырмақшы болдық. Алайда ол жерде барлық орын таңдалып, сатылып қойған деген сөз шықты. Мен бірден ойымды өзгертіп, кетіп қалдым. Ал Равил өзгермей, құжатын соған тапсырды. Сосын құжат тапсыратын жерге келіп едім, бір тәтей отыр екен. Төбесінде философия деп жазылып тұр. «Тәте, мынау не?» деп едім, «Филология дегенді білесің бе?» деді. «Иә» деп едім, «Бұл да сол сияқты ғой» деп жауап берді. «Аа, жақсы ғой» дедім де тапсыра салдым. Емтихан тапсырып, көп өтпей грант иегерлерінің тізімі шықты. Қызық болғанда, досым түспей қалыпты да, мен түсіп кетіппін. Анама айтып едім, ол кісі жылап, біраз көңілі босап қалды. Бір жағынан ол кісі «енді сені қалай оқытамын» деп қамықты. Негізі ол кісі мен емтиханға кетерде «бармашы» деп өтінген. Себебі, құлап түспей қалсаң көңілің қайтып қалады деді. Мен тыңдамай бардым. Бұйыртып тұр ғой грантты. Содан қыркүйекте сабақ басталып кетті. Алғашқы бір-екі сабақтан кейін философияның не екенін біле бастадық қой. 

Оқу бітірген соң еңбекке шындап кіріскен шығарсыз. Материалдық жағдай қай кезде түзеле бастады?

– Түзелген жоқ (күліп). Шүкір, қазір көп жерлерде сыйлайды, қонақ қылады, үлкен лауазымды ағаларымыздың өзі жылы пікір білдіріп жатады. Соларға үйім жоқ десем бәрі таңғалады. Қарындасым мен інімнің де баспанасы жоқ. Жақында ғана анам Алматы облысы, Тұрар деген елдімекеннен үй салды. Кешегі күнге дейін нан тапсақ екен, көштен қалмайық деп өмір сүрдік. Жетісіп жүргеніміз шамалы. Сәкен Майғазиев ағамыз айтпақшы «бал жеп жүрген ешкім жоқ». Бірақ баспанасыз жүрген мен ғана емеспін. Алматыда өмір сүріп жүрген азаматтардың жартысынан астамында осы проблема бар. 

Радио жүргізушілік қызметіңіз қалай басталды?

– Студент кезде өзімізше «Әлем» деген топ құрып, ән айтып жүретінбіз. Бір күні тойда Нұрлан Албан ағамыз дауысымды естіп, радиоға шақырды. Мен басымды алып қаштым. Себебі өзім журналист емеспін, әрі радионың да атмосферасынан хабарсызбын дегендей. Ағамыз «хабарлас» деп нөмірін қалдырды. Мейрамханалардың бірінде тағы көрісіп қалдық. Тағы да бас тартуға ұят еді. Келісіп, бардым. Менің дауысымды тыңдап көргеннен кейін ұлты орыс басшы апай «Ретро» радиосына жұмысқа алды. Менің міндетім – дисктерді сұрыптап беріп отыру. Нұрлан ағамыз жүргізіп отырады. Ол кезде қазақша бағдарлама жоқтың қасы ғой. 50/50 жүйесімен түнгі эфирді толтыру үшін әндерді қоя беретін. Бір күні Нұрлан ағам қоңырау шалып: «Жасұлан, мен келе алмайын деп тұрмын. Эфирге өзің шыға берші» дейді. Сонда толқып, уайымдап, кәдімгідей дірілдегенім бар. Тәуекел етіп шығып кеттім. 

Бірнеше радиода істепсіз ғой, өзіңізді тапқан сияқтысыз ба? 

– Өмірде қандаймын, сол күйімде эфир тізгіндеп жүрген жайым бар. Халықтың онсыз да проблемасы жетіп артылады. Сөйтіп жүргенде эфирден біреу проблема айтып жатса қалай болмақ? Дұрыс емес қой. Бәрімізге де керек кішкентай ғана жақсы дүние – жылы, көңілді сөз және бір-бірімізге сәлем жолдау. Табиғатымды сол күйімде халыққа ұсынып келе жатырмын. Сосын тыңдармандарға «барынша қатесіз жазыңыздар» деп өтініп отырамын. Мақтанып айта аламын, осы төрт жарым жыл ішінде тыңдармандардың сапалы буыны қалыптасты. Мәдени деңгейлері көтерілді. Басында былапыт, бейәдеп сөздерді қарша борататын. Қазір мүлде олай емес. Осыншама қызмет істеген уақыт ішінде тым болмаса он адамды тәрбиелей алсаң бақытты адамсың ғой. Өмір бойы бір адамды тәрбиелей алмай келе жатқан адамдар да бар. Тыңдармандардың да ұнатып, Жәке, Жәке деп кеткені сол ашық табиғатымның арқасы шығар. 

 

Сұхбаттасқан Абай Аймағамбет

Талқылау