Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Коронавирустан кейін қазақстандықтардың ағзасында бұрын-соңды болмаған аурулар пайда болуда

Коронавирустан кейін қазақстандықтар бұрын-соңды болмаған аурулармен ауыруы мүмкін. Коронавирус жаңа аурулардың пайда болуына түрткі болады. Қазақстандық дәрігерлер бұған дейін де осындай фактілерді айтқан еді, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Вирус қант диабеті мен жүйке жүйесінің проблемаларын тудыруы мүмкін. Елордалық дәрігерлер инфекцияның стандартты емес салдарын егжей-тегжейлі зерттей бастады. Сонымен бірге дәрігерлер осы аурудан зардап шеккендерді оңалту бағдарламасын жасауға тырысуда.

Аида Жексен бірнеше апта емделгеннен кейін де, толық қалпына келгенін сезінбейді. Ол шілде айында коронавируспен ауырды. Алдымен ауруханада, содан кейін уақытша орталықта бақылауда болды.

"Әлсіздік басым. Бұрынғыдай күйде емеспін. Есте сақтау қабілетім нашарлады, жүйке жүйем бұзылды. Көңіл-күйім тұрақсыз. Ұйқым дұрыс емес. Аяқ-қолдарым ұйып қалады", - деді ол.

Аида коронавируспен ауырғандарды тегін қалпына келтіру жұмыстары туралы естіген. Жергілікті ауруханаларда бұл қызмет негізінен тыныс алу жүйесін емдеуге бағытталғанын айтады.

Сонымен қатар, сарапшылардың айтуынша, науқастардың барлығы оңалтуды қажет етеді. COVID-19 бірінші кезекте қан тамырларына әсер етеді. Осыдан бүкіл денеге қауіп төніп тұр дейді дәрігерлер.


"Бұрынғыдан да көп адам өледі": Коронавирусты қайта жұқтырудың қаупі қандай?


Тыныс алу жүйесі едәуір дәрежеде зардап шегеді. Содан кейін жүрек, бауыр, бүйрек, асқазан тіпті миға әсер етеді. Коронавирустың ағзаға салдары қазір бірнеше елордалық емханаларда зерттелуде.

«Постковидті синдром» жобасына 40 адам қатысты. Инфекция қолданыстағы аурулардың ағымын күшейтеді. Оларды емдеу қосымша уақытты және дәріні қажет етуі мүмкін. Сонымен қатар, COVID-19 мүлдем жаңа ауруларды қоздыруы мүмкін. Мысалы, қант диабеті. Бұл қазірдің өзінде дәлелденген.

"Коронавируспен ауырған науқастардың өмірлік маңызды мүшелері ғана емес, жүйке жүйесі де зардап шегеді. COVID-19 науқастарының басым көпшілігі зейінінің, есте сақтау қабілетінің нашарлағанын айтып шағымданады. Біз қазір дәрісіз емдеу түрлерін зерттеп жатырмыз. Қымызбен емдеу, санаторийде демалу, серуендеу, жаттығу жасау сияқты әдістерді тексеріп жатырмыз", - деді "Ұлттық ғылыми кардиологиялық орталық" АҚ Басқарма Төрағасының м.а. Махаббат Бекбосынова.

Осындай зерттеулер қазір шетелде жүргізілуде. Әртүрлі саланың мамандары сиқырлы дәрі іздейді, ол коронавируспен ғана емес, оның салдарымен де күресуге көмектеседі. Қазір ресейлік вирусологтер кейбір процестердің нәтижесіз екенін мәлімдеді.

"Пациенттердің көпшілігінде өкпе зақымданған, атап айтқанда фиброз - өкпенің қатаюы. Бұл оттегінің өткізгіштігі нашарлаған кездегі өкпенің бөлігі дәнекер тінмен алмасуы. Жүрек ырғағы бұзылған, микротромбоз белгілері бар көптеген науқастарды көрдік", - деді вирусолог, медицина ғылымдарының докторы Дмитрий Еделев.

Талқылау