Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ЭЦҚ кілттерін 10 мың теңгеге сатып жатыр: Нұр-Сұлтан тұрғыны электронды үкіметтің қызметін сынға алды

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Гүлмира Есенбекова әлеуметтік желіде жазба қалдырып, үйлері бар адамдарды сақ болуға шақырды. Ол электронды үкімет басшылығын жылжымайтын мүлік иесінің рұқсатынсыз тіркеу жүргізді, ЭЦҚ кілттерін сатты деп сөкті. Stan.kz тілшісі ақпараттың рас-өтірігін тексеріп көрген еді.

Елордалық әйел күтпеген жерден үйінде белгісіз біреулердің тіркелгенін білген. Ал мәселені шешпек болып, ХҚКО-ға жүгінгенде ол ұлын тіркеуден шығарып алыпты.

"Құрметті, Нұр-Сұлтан тұрғындары. Egov порталындағы жылжымайтын мүлік бағаны бойынша жеке деректеріңізді тексеріңіздер. Үйлеріңізге тіркелгендер мен тіркеуден шыққандарға назар аударыңыздар. Мен үй кезегінде тұрғандықтан, осы жылы 27 наурызында тұрғын үй қорындағы ақпараттарды жаңарту керек болдым. Ұлым екеуміз анамның үйінде тіркелгенбіз. Egov порталынан тізімді жүктеп алдым. Тізімді алғанда үшеумізден басқа бірнеше таныс емес адамдардың тіркелгенін көріп, таңғалдым. ХҚКО-ға барғанда олар бір қателік кеткенін айтты. Үйге барып, тізімді қайта шығарып көріп едім, тек анам екеуміз және танымайтын бір адам ғана тіркелген болып шықтық. Барлығы тіркеуден жойылыпты, оның ішінде менің ұлым да бар", - деп жазды Гүлмира Есембекова.

Сөзінше, қазіргі таңда электронды үкімет қызметкерлері азаматтардың ЭЦҚ кілттерін 10 мың теңгеден саудалап жатқан сыңайлы. 


"Абай көшесіндегі ХҚКО-ға бардық. Ескі кілттерді жойып, жаңа кілт жасап, бейтаныс кісіні тіркеуден шығардық. Бірақ баламды қайта тіркей алмадық. Абай көшесіндегі ХҚКО-да ЭЦҚ құпия сөздері  бар кілттерді 10000 теңгеге сатып жатыр. Біз анамның ЭЦҚ нөмірін сол жерден жасатқанбыз. Қалайша бұлай болуы мүмкін? ЭЦК нөмірдің жеке дерек екені қайда? Үй иесінің рұқсатынсыз қалайша тіркеуге тұруға болады?" - деп жазды желі қолданушысы. 

Оқиғаға қатысты азаматтарға арналған үкіметтің Нұр-Сұлтандағы бөлімшесінің баспасөз қызметі түсініктеме берді. Айтуынша, кейбір деректер ішкі істер министрлігі тарапынан өзгертілгенмен, қателіктер сонда да шығып тұрады екен.

"Гүлмира Есімбекова есімді қолданушы пәтерінде бөтен адамдардың тіркелгенін анықтағаны туралы жазды.
​Бұл дерек бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Нұр-Сұлтан қаласының филиал мамандары хабарлама авторымен байланысқа шығып, қызметтік тексеріс бастағанын хабарлаймыз. Тексеріс барысында, пәтер иесі, атап айтқанда, Гүлмира Есембекованың анасы Байқоңыр ауданының халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы ЭЦҚ-ны жеке өзі алғандығы белгілі болды. Мұны дәлелдейтін қосымша құжаттар мен фотосуреттер бар. Бұдан өзге ЭЦҚ ХҚО арқылы қайта берілмеген. ​Сондай-ақ азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу және тіркеуден шығару бойынша барлық іс-әрекет ХҚО-ға бармай-ақ, egov.kz порталында ЭЦҚ қолдану арқылы жүзеге асырылғаны анықталды. Мемлекеттік корпорация филиалының ішкі қауіпсіздік қызметінің мамандары ЭЦҚ иесімен бірге электрондық цифрлық қолтаңбаны және оның құпиясөзін кім және қандай жағдайда иемденгенін анықтайтын болады", - дейді баспасөз қызметі.

Бұған қоса электронды порталдың өкілдері қателік ІІМ-нің деректер базасының кесірінен болып жатқандығын алға тартты. Азаматтарға арналған үкімет халықты сақ болуға шақырды. Электронды үкімет жүйеде қателік кетпейтінін алға тартты.

"​Электронды цифрлық қолтаңбаны азамат халыққа қызмет көрсету орталығына бару, сонымен қатар онлайн форматта – egov.kz порталы арқылы ала алатынын ескертеміз. ​Электрондық үкімет порталы арқылы ЭЦҚ алған кезде сәйкестендіру жүйесі қызмет алушының жеке куәлігіндегі фотосуреті мен экрандағы кескінін салыстырады. Бұл дегеніміз, екі жағдайда да ЭЦҚ-ны азаматтың қатысуынсыз үшінші тұлғалар алуы мүмкін емес. ​«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы азаматтарға ЭЦҚ-ны ақылы түрде алуды ұсынатын бөтен адамдардың қызметіне жүгінбеуге шақырады. Аталған ЖШС мен ЖК мемлекеттік корпорацияның қызметіне ешқандай қатысы жоқ жеке кәсіпкерлік субъектілері. ​Күмән тудыратын мәміле жасап, ЭЦҚ-ны өзге тұлғаларға беретін болсаңыз, алаяқтардың құрбаны болу қаупі бар екенін ескертеміз.
​Абай болыңыз! ЭЦҚ-ны дұрыс пайдаланып, қызметтерді өз бетіңізше онлайн алыңыз", - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі.

Талқылау