Алматыдағы жалғыз балалар үйі жабылмақшы: Мекеменің тәрбиеленушілері бұған қарсы
Алматыдағы №1 балалар үйі жаңа оқу жылына дейін жабылады. Қалалық Білім басқармасы тәрбиеленушілер саны жыл сайын азайғандықтан, осындай қадамға барғандарын айтады. Олардың сөзінше, мегополистегі жалғыз балалар үйінің орнына екі бірдей балабақша ашу жоспарланған. Алайда тағдырдың тауқыметін көрген жетім балалар бұл шешімге қарсы. Олар мемлекеттің қамқорлығында болғымыз келеді дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстан ұлттық арнасына сілтеме жасап.
№1 балалар үйінің тәрбиеленушілері жалғыз үйімізден ешқайда кетпейміз, мемлекеттің қамқорлығында болғымыз келеді дейді. Себебі, көбі патронаттыққа алынып, өгей әке-шешеден қорлық көргендіктен, балалар үйіне қайтып келген. Осы жерде 13 жыл тәрбиеленген Александр Қайдаров бауыр басып қалған бауырларымның күнде біреуі жан-жаққа кетіп жатыр деп ренжулі.
"Осы балалар үйін туған үйім ретінде санаймын. Менің мұнда көптеген достарым бар. Жақын достарым бар. Көптеген балалар барғысы келмейді. Біздің құқығымызды қорғайтын адам да жоқ. Біз қайда шағымдануға болатынын білмейміз", - дейді балалар үйінің тәрбиеленушісі Александр Қайдаров
Білім басқармасы өкілдерінің сөзінше, мекеменің жабылуы туралы бір жарым жыл бұрын хабарланған. Тәрбиеленушілер мен тәлімгерлерге алдын ала ескертіп, психологиялық тұрғыда дайындадық дейді. Балалар үйінде қазір 33 тәрбиеленуші бар. 16 бала қаладағы "Балалар қалашығына", қалғандары "Жасөспірімдер үйіне" 1-қыркүйекке дейін ауыстырылады.
"Балалар қалашығы 94 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Ол жерде балалар үйіне қарағанда тәрбие - отбасы үлгісіндегі тәрбиеге ұқсас. Жақын соған. Балаларға ол жерде тәрбиелену өте ыңғайлы болады. Ол жерде анасы бар, әкесі бар және көмекшілері бар. 4-5 баладан әр отбасыда тәрбиеленеді", - деді қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Айтқұлова.
Айта кетейік, 2017 жылы қалада №2 балалар үйі де жабылған болатын. Оның орнына жеке мекемелер құрылып, баланы отбасындағыдай тәрбиелеу әдісі енгізілді.
Ресми дерек бойынша 2016 жылдан бері жетімдер 31 пайызға азайған. Қазір елде жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалғандар саны 25 мыңғаа жуықтайды. 19934 бала патронаттық тәрбиеге алынған. Сәйкесінше, балалар үйі де азайған. Мәселен, 2016 жылы 140 балалар үйі болса, бұл көрсеткіш өткен жылы 112-ге дейін қысқарған.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
