Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тараздық полицей келіншек анасынан айырылған бір үйдің төрт баласын асырап алды: Бөтен бала болмайды, баланың бәрі ортақ

Тараздық полиция қызметкері Диляфруз Кинжеханова тоғыз баланы тәрбиелеп отыр, олардың төртеуін асырап алған. Ана жүрегі болашақ балаларын көре салысымен оларға қамқор болу керектігін түсініп, өз қамқорлығына алатынын бірден сезген. Анасының, туғандарының қарсылықтарына қарамастан, Диляфруз өз сөзінен қайтпай, төрт балапанды өз шаңырағына алып келді. Елдің жүрегін жібіткен Диляфруз Stan.kz ақпарат агенттігіне өз тәжірибесі жайлы айтып берді. 

- Диляфруз, 35 жасыңызда сіз көпбалалы ана атандыңыз және балаларды жалғыз тәрбиелеп жатырсыз. Осындай қадамға баруға қалай шешім қабылдадыңыз, қолымнан келмейді деп қорықпадыңыз ба?

- Асырап алған 4 баламен менің тағдырым 2019 жылдың тамыз айында түйісті. Тараз қаласындағы 55 орта мектептегі "Мектепке жол" акциясында мен комиссия мүшесі болдым, сонымен қатар біздің құрамда депутаттар, білім басқармасының бөлімі, сот, әкімдік қызметкерлері болды. 

Акцияға бұл балалар көмекке мұқтаж болып келді. Олар аналарының қайтыс болғаны жайлы куәлік ала алмай жүрген екен, осылайша олар бізге екі рет келді. Балалардың қамқоршылары болмағандықтан, біз оларға ешқандай көмек көрсете алмадық. Акция аяқталғаннан кейін біз комиссия мүшелерімен үйлерді аралап, жағдайы нашар отбасыларға барып жүрдік. Сол күні Шараповтар отбасына бардық. Олардың  қандай жағдайда тұрып жатқанын өз көзімізбен көргенде, ішім удай ашып, жүрегім қақ айырылды. Балалар күтімсіз, қараусыз қалған. Қыздар бақшада, суық суға ыдыс жуып отыр. Үй шашылып жатыр, өйткені оған қарайтын әйел жоқ. Мен сол жерде жылап қалдым. Балаларды өз қамқорлығыма аламын деп шешім қабылдадым. Олардың құжаттарын тез арада жасап беруге тырыстым. Кейін балалар үйіне орналастырамын деп ойладым. Комиссия мүшелері бұл шешіміме таңғалды. Мен қыздарды бірден үйге алып кетіп, оларды балаларыммен таныстырдым. Қыздарды жуындырып, тамақтарын бердім. Қарапайым аналар істейтін жұмысты атқардым.

- Бірге уақытты қалай өткізесіздер?

- Балалармен қарым-қатынасымыз жақсы. Таңертең сағат алтыда тұрып, бәріміз бір дастарханның басында таңғы асымызды ішеміз. Таңғы астың өзінің бір қасиеті бар емес пе. Кейін әркім өз ісімен айналыса бастайды. Мен жұмысқа барам, балалар кешке жақын бөліп алған тапсырмаларын орындайды. Қазір пандемия кезі болғандықтан қолдары босамай жүрген ата-аналарда балаларымен уақыт өткізуге жақсы мүмкіндік бар және бұл қолайлы уақытты жіберіп алмау керек. 

- Бәріне қалай үлгересіз, біреу сізге көмектесе ме?

- Балалардың тәрбиесіне менің әпкелерім, ағаларым мен сіңілілерім көмектеседі. Қиын сәттерде маған әрқашан қол ұшын беруге дайын. Балаларымның тәрбиесіне атсалысып, кеңестерін айтып отырады. Өйткені мен көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Отбасында 8 қыз, 3 ұлмыз, мен оныншы баламын. Кішкентайымда өзімнің де үлкен жанұям болады деп армандайтынмын. Ұлдарымның көп болғанын қаладым. Бұл арманым орындалды. Одан бөлек, бала кезімнен полиция қызметкері болуды армандайтынмын, бұл арманыма да қол жеткіздім. Балаларым да "Біздің анамыз керемет, ең мейірімді адам" деп маған жиі айтады. Осы қалпымнан таймай, кеңпейілді ана, мықты әйел болып қаламын деген үміттемін. Маған түсіністік танытып, мені әрқашан қолдап жүрген жақындарыма айтар алғысым шексіз. 

- Балаларыңыз тіл табыса алмай қалады деп алаңдаған жоқсыз ба?

- Бірінші күні балаларым қалай тіл табысады деп қатты уайымдадым. Менің балаларым олардың қандай жағдайда өмір сүргенін көрген соң, оларға жандары ашып, түсіністік танытты. Сондықтан, бірден сөйлесіп, тіл табысып кетті. Бір-бірін шын сыйлап, жақсы көреді. Әрине, түсініспеушіліктер орын алып тұрады, біз оны бірден шешуге тырысамыз. Мен оларға "Сендер бөтен емессіңдер, ең жақын жандарсыңдар, бір-біріңді ренжітпеңдер" деп жиі айтамын. Біздің басты ұранымыз: "Бәріміз біріміз үшін, біріміз - бәріміз үшін". Біз бір-бірімізге әрқашан қолдау көрсетіп, қиын-қыстау кезеңдерде бір бүтін болуымыз керек. Егер біреуге ренжіп қалсаң, міндетті түрде сол адамға барып, мәселені әу бастан шешіп тастаңдар деп айтып отырамын. Бір жанұя болып, өмір сүріп жатқанымызға, Құдайға шүкір, бір жыл болды. Балаларым тату-тәтті, бір-біріне көңіл бөліп, әрқашан қолдап жүреді. 

- Әу баста жақындарыңыз ойыңыздан айнытуға тырысты ма?

- Бастапқыда олар балаларды асырап алуыма түбегейлі қарсы болды, сондықтан жағдай шиеленісіп кетті. "Өзіңнің бес балаң бар, тағы төртеуін қайтесің, өзің жалғыз бәрін алып жүре алмайсың, бұл жайлы ойлаушы да болма" деп мені ойымнан айнытуға тырысты. Анам, бауырларым қарсы болды. Бірақ мен айтқанымнан қайтпадым, өйткені балалар үнемі менің ойымда жүрді, оларға көмектесіп, қамқор болғым келді. Балалардың марқұм аналарының рухы мені жетелегендей болды. Сондықтан туыстарыма "Қолдамасаңдар өздерің білесіңдер, бірақ мен бұл балаларды асырап аламын. Оның үстіне, егер қолымнан келмей жатса, бәріне бірдей көңіл аудара алмай, қиындықтар туындап жатса, балаларды "Балалар үйіне" апаруға болады", - деп те түсіндірдім. Мен үшін ең бастысы, қол ұшын беру болды. Осылайша құжат рәсімделгенше, олар үйімде екі ай тұрды, сол кезде маған бауыр басып қалыпты. Құжаттарды рәсімдеп болған соң, балаларды "Балалар үйіне" тапсырмақшы едім, бірақ олардың атасы тапсырмауымды өтінді, оның үстіне балалар да менен ажырағысы келмей: "Сіз біздің анамыз болып кеттіңіз ғой, бізден қалай баста тарта аласыз?"деп айтқанда, жүрегім елжіреп, не болса, о болсын деген оймен, оларды асырап аламын деген нақты шешім қабылдадым. Мұны көрген жақындарым, ақыр соңы келісіп, мені қолдай жөнелді. Құдайға шүкір, менің үш ағам және жеті әпкем бар, олардың қолдауы мен үшін өте маңызды болды. Егер қандай да бір қиындықтар туындап жатса немесе көмек керек болса, әрқашан дайын тұрады. Ағаларым балаларды бір жаққа апарып, алып келу керек болса, соның бәрін істейді. Әпкелерім демалыс күндері келіп, көмектесіп тұрады, олардың балалары да демалысты асыға күтеді. Менің үйіме қонаққа келгенді бәрі жақсы көреді. 

- Бала асырап алғысы келетін, бірақ қорқып, күмәнданып жүрген адамдарға не айта аласыз?

- Мен не айтамын, ешқашан бөтен бала болмайды, туған балам, бөтен бала деп бөлудің қажеті жоқ. Баланы туған емес, оны асырап, тәрбие берген адам ғана нағыз ата-ана. Бала сүйе алмай, зар болып жүрген жандарға айтарым, бірінші қадам жасауға қорықпаңыздар. Егер жетім балаға ата-ана бола алсаңыз, Құдай сізге бала сыйлайды. Баланың бәрі біздікі, олар ортақ, бәрі қазақстандық. Ата-анасыз қалып, жылулық пен махаббаттың не екенін білмей өскен балаларға неліктен көмектеспеске? Балаға қамқор болып, оны махаббатқа бөлеу әрқайсымыздың қолымыздан келеді, мүмкіндіктердің бәрі бар. Ақша жағын уайымдаудың қажеті жоқ, өйткені менің де асып-тасып жатқан байлығым жоқ, тұрақты табысым, ай сайын алатын жалақымды бәріне жеткізіп отырмын. Мысалы, бір бөлке нан алып, оны жалғыз жемейсің ғой, нанды тоғыз адамға бөліп, жеуге болады. Күмәнданып, қорқудың қажеті жоқ, өйткені баланы махаббатқа, сыпайылыққа, тазалыққа үйретуге болады. Ит пен мысық асырап отырған адамдар көп қой, бастапқыда оларды да көптеген нәрселерге үйрету керек, ал баланың жануарлардан қай жері кем? Ата-ана мейіріміне зәру балаға қол ұшыңызды беріңіз, есесіне екі есе махаббат пен жылу аласыз.
 

Сұхбаттасқан: Сабина Нұрғали

STAN.KZ
Бейсенбі, 20 Тамыз, 2020 19:33
Талқылау