Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қамқоршылары ұрып-соғып, қараңғы жерге қамап, тамақ бермей қойған": Жамбыл облысында бала екінші қабаттың терезесінен секіріп кетті

"Немолчи" қозғалысының жетекшісі Дина Таңсәрі қамқоршыларының пәтерінің терезесінен құлаған бала туралы пост жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Дина Таңсәрі оған Қаратау қаласының тұрғыны хабарласқанын айтты.

"Менің інілерімнің сыныптасы, он жасар бала. Ол - жетім. Шамамен 2-3 жыл бойы бір отбасының қамқорлығында болды. Қамқоршылары ұрып-соғып, қараңғы жерге қамап, тамақ бермей қойған", - дейді ол.

Хабарлама бойынша, бала терезеден құлаған.

"Екі күн бұрын, бала екінші қабаттың терезесінен секіріп кетті немесе оның қамқоршылары оны итеріп жіберді. Ол 2-3 күн бойы осындай жарақаттармен бұталардың астында көшеде жатып, жылап, көмек шақырудан қорыққан болатын. Қазір бала ауруханада жатыр. Оған ота қажет. Балаға тамақты сынып жетекшілері мен сыныптастарының ата-аналары апарып жүр", - деп жазылған басылымда.

Оқиғаға Жамбыл облысының полиция департаменті түсініктеме берді.

"Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 141-бабының 1-бөлігі бойынша (балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамағаны) сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл жағдайда басылымда көрсетілген барлық дәлелдер тексеріліп, қажетті сараптамалар тағайындалады", - деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Баланың жағдайына қатысты білім басқармасы да айтып берді. 

"Баланың жағдайы тұрақты, ол Тараз балалар ауруханасында дәрігерлердің бақылауында", - дейді білім басқармасы. 

Мәселе қамқоршылық органының бақылауында. Баланың екі үлкен әпкесі қамқоршылар отбасында тәрбиеленіп жатқаны белгілі болды.
 

Талқылау