Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Коронавирустық пневмониямен ауырғаннан кейін қалай қалыпқа келуге болады: Жетекші дәрігер жауап берді

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг барысында жетекші дәрігерлер коронавирустан айыққаннан кейін тыныс алу жаттығуларын жасап, ағзаны қалпына келтіру керек екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

коронавирус

Алматы қаласының штаттан тыс бас пульмонологы Сәуле Қасенованың айтуынша коронавирус инфекциясымен ауырып жазылғаннан кейін, тыныс алу жүйесін қалпына келтіру өте маңызды. Осы кезеңде тыныс алу жаттығуларын жасауға кеңес берді ол.  

"Стационардан жазылып шыққан адам тек дәріге үміт артпауы керек. Өкпені коронавирус зақымдаса, тыныс алу органдары үшін реабилитацияның маңызы зор. Сондықтан біз науқастарымызға тыныс алу гимнастикасын жасауға кеңес береміз. Бұл - өкпенің терең тыныс алуы үшін ең қарапайым жаттығулар. Бұл жаттығуларды үйде жүйелі түрде жасау керек. Кейде тіпті күніне үш рет 15-20 минуттан. Бірақ міндетті түрде өкпе тыныс алуы керек", - деді профессор ОКҚ өткен онлайн-брифингте.

Оған қоса, халық медицинасының да коронавирустан кейінге реабилитация кезеңінде алатын орны ерекше. Осылайша дәрігер ағзаны қайта қалыптастырудың өзіндік жолдарын ұсынады. 

"Реабилитацияны айтқан кезде республикамызда бәріне қолжетімді халық медицинасының әдістерін де қолдануды атап өту керек. Қымыз, шұбат секілді ұлттық сусындарымыздың шипасы зор. Науқастарда панкреатит немесе асқазанда қандай да бір жара болмаса, осыларды ішуге болады. Себебі бұл сусындар дәрумендерге, микроэлементтерге бай. Олар денсаулықты қалпына келтіруге көмектеседі. Коронавирус инфекциясы ағзаға үлкен стресс болады. Яғни ағзаның белсенділігі өте төмен болып қалады. Сондықтан осы сусындарды ішуге кеңес беретін едім. Тағы өкпені тазартуға шөптен жасалған тұнбаларды: пармелия, қызылмия тамырларын қайнатып ішуге болады", - деді пульмонолог.

Талқылау