"Қазақстанға өз азаматтары керек емес екен": Bek Air ұшақ апатына ұшыраған жолаушы бар шындықты айтты
2019 жылдың желтоқсан айында болған ұшақ апаты көптің еңсесін түсірген еді. Алатау баурайынан бағытталған әуе рейсіндегі қайғылы оқиғаға қатысты дау ушығып тұр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Дәл сол ұшаққа отырған 93 жолаушының бірі Динара Жанбосынова соңғы 6 айдағы біраз шындықтың бетін ашты.
"Bek Air бізге ешқандай уәде берген жоқ, Bek Air бізге ұшақтың ақшасын да қайтарған жоқ. Ол көп ақша емес. 20-30 мың теңге. Маған ол ақшаны бере ала ма, бере алмай ма ол жағын білмеймін. Ол жақта не болып жатқанынан да хабарым жоқ. Мүмкін шоттарын жауып тастаған шығар. Маған апат болған күннің ертесі хабарласып, менің жеке құжаттарымды сұрады. Маған өтемақы берілетінін айтты. Бірақ ешнәрсе төленген жоқ", - деді ол.
Компанияның қисынсыз әрекеттері мұнымен шектелмейді. Бұл істі тергеуші де із-түзсіз жоғалып кетті.
"Бұл іспен айналысып жүрген тергеуші біресе ауырып, біресе басқа кеңсеге кетіп, біресі басқа бөлімге ауысып жатса, біз не істеуіміз керек?", - деді жолаушы.
Динара Жанбосынова дәл осы әуе апатынан соң психологиялық, физикалық жарақат алғанын айтады. Оған дер кезінде медициналық көмек те көрсетілмеген. Өз еркімен ем қабылдауға ақша тапшы дейді.
"Менің кеудем мен омыртқам жарақаттанды. Бір айдай ауырсынуды басатын дәрі қабылдап, емделдім. Одан соң тексерілген жоқпын. Себебі оның бәрі ақша", - деді Динара.
Жолаушы апаттан соң көп нәрсеге көзім жетті деп отыр.
"Апаттан соң көп нәрсеге көзім жетті. Қазақстанға өз азаматтары керек емес. Былайша айтқанда біз ешкімге керек емеспіз", - деді ол.