Бейжіңдегі “соғыс жағдайы” және коронавирустың екінші толқыны: Вирустың жаңа түрі анықталған Қытай астанасында не болып жатыр?
Бейжің үкіметі қалада тіркелген коронавирустың өршуін аса қауіпті деп таныды. Осыған байланысты қаладан шығуға шектеу қойылып, мектептер мен ЖОО-лар жаппай жабыла бастады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қазіргі таңда Қытай астанасынан сыртқа шыққандар мен қалаға кірушілердің барлығы да COVID-19-ға жаппай тексерістен өтуде.
16 маусым күні қаланың кейбір көшелері қоршалыпты. Бұған қоса көліктер мен жаяу жүргіншілерге бірқатар шектеулер қойылған. Атап айтсақ, көшелер қауіптілігіне қарай бөлініп, өткен-кеткендердің барлығының дене қызуы тексерілуде. Кейбір аудандарда тіпті жүруге тыйым салыныпты.
"Қаладағы эпидемиялогиялық ахуал тым ауыр. Біз қазірден бастап қатаң тәртіп орнатып, коронавирустың таралуын тоқтатуымыз қажет", - деп мәлімдеді Бейжің үкіметінің өкілі Сюй Хэцзянь.
Жақында ғана ашылған мектептер қайта онлайн оқуға көшкен. Ал университеттер студенттер келуін тоқтатыпты.
Мекемелер қашықтан жұмыс істеуге ауысуда. Ойын-сауық орталықтары мен спорт алңдары жабылған. Кітапханалар, музейлер, өнер галереялары мен саябақтардағы адамдардың саны шектелді.
Айта кетейік, қалада коронавирус ахуалы ақпан айынан бері алғаш рет қайталанып жатыр. Сол себепті Қытай билігі бұл індеттің екінші толқынына айналуына мүмкін деп қорқуда. Аурудың өршуі, әсіресе, Бейжің үкіметі үшін қиынға соққан. Себебі бұған дейін олар коронавируспен күрес толығымен аяқталды деп жариялап, тұрғындарды қалыпты өмір сүруге шақырған болатын. 56 күн бойын вирус тіркелмеген Қытай астанасында адамдар қайта ауыра бастады. Бұған дейін қалада анықталған науқастар індетке сыртта жүріп тап болған сыңайлы.
Қытайлық ғалымдардың пайымдауынша, бұл вирустың түрі басқа мемлекеттен келуі ғажап емес. Себебі зерттей келе инфекция тудырушы Еуропа, АҚШ және Ресейде таралған вирустың штамына ұқсас екені анықталған.
"Вирустың бұл штамы екі ай бұрын зерттелген коронавирус түрінен әлдеқайда өзге. Бұл штам Еуропаға тән. Қытайға бұл вирус сырт мемлекеттерден келуі мүмкін", - деді қытайлық сарапшы.
Ескере кетерлік жайт, коронавирустың жаңа түрі Бейжіңнің "Синьфади" базарында анықталған. Қытайлық БАҚ мәліметінше, базарға 30 мамырдан бері 200 000 мың адам келіп-кеткен. Вирустың "жаңа" штамы балық тазалайтын тақтайдың үстінен табылған. Балықтың өзі вирустың тасымалдаушысы бола алмайды екен. Болжам бойынша, коронавирус затқа біреудің қолынан түсуі мүмкін дейді мамандар.
Қазір базардың 8 мыңға жуық қызметкері тексерілген. Олар карантинге жабылса, базардың аумағында орналасқан барлық нысандарға залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде.
"Синьфади" базары орналасқан Фэнтай ауданының үкіметі сенбі күні аймақта "соғыс жағдайы механизмін" жариялап, вирустың таралмауын қамтамасыз ететін орталықтың ашылғанын мәлім етіпті.
Еске салайық, Қытайда ең алғаш COVID-19 анықталғаннан кейін 84 000-нан астам адам ауру жұқытрса, оның 4600 көз жұмған. Жергілікті БАҚ бұл індеттің ең алғаш базардан шыққаны жайлы ақпарат таратқан. Алайда ауру ошағы Ухань қаласы болған еді.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
