Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БҚО тұрғыны: Күйеуім 7 жыл балаларыммен қоса ұрып-соғып келді

Жылдар бойы күйеулерінен зәбір көрген келіншектерге полиция қызметкерлері көмекке келуге дайын. Тек Батыс Қазақстан облысының өзінде тәртіп сақшылары аймақтағы 200-ден астам нәзік жанға қол ұшын созып, тұрмыстық жанжалдан құтқарыпты. Кейде тіпті өз өмірін қауіпке тігуден де тайсалмайды.  

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Әлия тұрмыста болған 7 жылдық өмірін тозаққа балайды. Ішімдікке күніге сылқия тойып алатын күйеуі оны көк ала қойдай етіп сабайтынын былай қойғанда, балаларымен бірге бірнеше тәулікке үйлерінде қамап кететін кездері де болыпты. Қыздары әкесіз өспесе екен деп бәріне төзіп келген. Алайда шыдамы таусылғанда шарасыздықтан көмек сұраған. 

Ал Гүлмираның дағдарыс орталығынан пана тапқанына бір айдай болыпты. Күйеуі жұмыс істемеген, арақсыз бірде бір күні өтпеген, бірақ қанша ауыр болса да, соған да төзуге дайын еді ол. Бірақ, мына бір оқиға шымбайына қатты батыпты.

«Құжаттарымызды өртеп жіберді, тұрған үйімізді өртеп жіберіп, сол үшін ажырасып, бөлек кетуімізге мәжбүр болдық. Қыздарым, өзім де жүйке жүйесінің кесірінен  ауруға ұшырадым. Бала кезден ауырмайтын қыздарым қазір ауырады», - деді ол.

Жалпы жыл басынан бері дағдарыс орталығына 200-ден астам келіншек жүгініпті. Күйеулерінен зәбір көріп, қиын жағдайға тап болған олардың көпшілігіне полиция қызметкерлері көмектескен. Мәселен, аға лейтенант Аслан Нықбаев үшін нәзік жандарды тұрмыстық жанжалдан құтқару үйреншікті дүниеге айналыпты. Тіпті ұрыс-керістің дәл ортасына түсіп, ерлі-зайыптыларды арашалаған кездері де аз болмапты.  

«Қоғамдық орындарда біздер қызмет атқарып жүргенде , патруль жасап жүргенде көріп қалсақ, ер адам әйел адамды жұлқылап, ұрсып жатқан кезде біз жақындап барып ортасына барып түсеміз, не жағдай болғанын білеміз бәрін», - деді қалалық полиция басқармасының учаскелік инспекторы Аслан Нықбаев.

Тәртіп сақшылары күйеуінен қанша зорлық көрсе де үндемей қалуды жөн санайтын бұрымдылар әлі де болса көп дейді. Қарапайым мысал, зәбір көрген 30 келіншектің тек оны ғана арыз жазады. Ал жабулы қазан күйінде қалғандары қаншама?!

«1974 жылы туған азамат осы Орал қаласының тұрғыны өзінің жолдасымен келіспегеннің салдарынан әйелін кепілдікке алып, қолында граната бар және пышақпен қорқытып, қанша қызметкерлерді жұмылдыруға тура келді», - деді БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков. 

Қалай болғанда да күйеулерінен зәбір көрген келіншектердің 90 пайызы отбасыны сақтап қалу үшін бәрін ұмытып, кешіре салуға дайын тұрады екен. Алайда полицейлер, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған жандарды қорлыққа көз жұма қарамауларын сұрайды. Бастысы қорықпай, полицияға жүгінсе болғаны дейді.

Талқылау