"Күрмеуіңді шешейін, тұсауыңды кесейін": Отандық жұлдыздар балаңыздың тұсауын қаншаға кесіп береді
Сәби алғашқы қадамдарын жасап, қаз-қаз баса бастаған кезде жасалатын думанды дәстүр - тұсаукесер тойы. Бүгінде ұлының не қызының тұсауын елінің елеулі азаматы болсын, сол кісінің жолын берсін деп танымал адамдарға кестіртіп жатады. Ал жұлдыздарымыздың тұсау кесердегі "ставкасы" қандай? Stan.kz тілшісі назарларыңызға тұсауды қымбатқа кесетін жұлдыздардың тізімін ұсынады.
Тілегін арнап, тұсауын кесетін жұлдыздардың батасына сұрайтын сауғалары аспандап тұр. Көз нұры, көңіл қуанышы баласынан аянып қалмайтын ата-аналар назарына төмендегі прайстарды ұсынамыз.
Қарақат пен Қыдырәлі
Той болардан үш-төрт ай бұрын айтып қоймасаңыз Қарақатты қармағыңызға түсіру қиын. Тойға келіп, әнін айтып, тұсауын кесіп, бата беруі 7 000 доллар. Одан бөлек екі кісіге ұшаққа бизнес-класстан билет және люкс жатын орнын аласыз. Күнін бекіту үшін 50 % алдын-ала төлем жасауыңыз керек. "Күрмеуіңді шешейін, тұсауыңды кесейін" деп тілегін айтып, 10-15 әнін орындап кете барады.
Жазира Байырбекова
Еліміздің батыс өңірінде тұратын болсаңыз Жазираға келіп тұсауын кесіп кетші, сыйлығымызды береміз деген әңгімеңіз өтпейді. Басқа қалаларға жалғыз өзі шықпайтын Жазира қасына өмірлік серігін тастамайды. Жанболат пен Жазира дуэті еліміздің батыс өңірлері үшін 2 миллион теңге. Одан бөлек екі кісіге жолы мен жатын орнына шығындаласыз. Жарты ақшасын алдын-ала төлеп қоюыңыз керек. "Саған мәз боп қараймыз, қадамыңды санаймыз, қаз-қаз басып көрші тағыда", - деп сызылтып ән салатын Жазира тойыңызда 10 ән айтып, ақ тілегін жаудырып қуанышыңызды бөліседі.
Сәкен Майғазиев
Сәкен мырза тұсау кесуден алдына жан салмай тұр. Алматы қаласында болсаңыз жолыңыз болды. Жұмыс орнына немесе сол маңға жақын орынға шақырып тұсауын кестіріп алсаңыз болады. Ал алыс қалаға шақыратын болсаңыз бір ай бұрын Сәкен мырзаны құлақ қағыс қылып қойыңыз. Тұсау кесуге "ставкам" бәленбай деп осы күнге дейін айтып көрмеген Сәкен мырза жағдайыңыз көтерген сомманы алуға дайын. Бірақ алыс қалада тұрып, тойыңызға тілегі мен әнін айтып, тұсауын кестіріп қаламын десеңіз жолы мен жататын орнын және 4 мың долларды төлеуге тура келеді.
Нұржан Керменбаев
Нұржан Керменбаевтың тұсау кесу үшін арнайы бағасы бар. 1 500 000 теңге төлейсіз. Одан бөлек екі адамның жолын жататын жерін, тамағын төлейсіз. Тұсауын кесіп, батасын беріп, 5-6 ән айтып тойыңыздың қызметінде бас аяғына дейін бірге болады. Құр тұсау кесіп емес, келген соң миллионға тұрарлықтай өнерін көрсетіп кетеді.
Нұрлан Еспанов
Алдын-ала айтып қоймасаңыз Нұрлан мырзаның кестесі бос болмауы мүмкін. Ұлыңызға жолын берсін десеңіз 4 000 долларды әншіге бересіз. Жолы мен жататын орнына бөлек бір адамға арнап жалдайсыз. Той біткенше қызметіңізде болады. 1 500 000 теңгеден артық түсіп келе алмайды.
Алтынай Жорабаева
Алтынайдай алтын әншінің жолын қызыңызға берсін, халқының сүйіспеншілігіне бөленсін десеңіз 4 мың долларды беріңіз. Екі адамға жолы мен қонақ үйден бір номер жалдап қоясыз. 4-5 әнін айтып, шыр-дөңгелек билетіп, көңіліңізді көтеріп, балаңызға ақжол тілеп кеткені барлығы сол ақша ішінде. Егер жағдайыңызды айтып, келіссеңіз Алматы қаласы үшін 3 мыңға келуі де мүмкін. Әнші қарындасыңызды тұсау кесіп ақбатасын бергені үшін тағы да сыйлаймын десеңіз мерейін үстем етесіз.
Тамара Асар
Тамара қыздарыңыз балаңызға тұсауын кесіп, жолын ашсын десеңіз 4 мың долларды дайындай беріңіз. Егер сіз арнайы шақыратын болсаңыз жолы мен жататын жерін екі адамға әзірлейсіз. Ал егер жолы түсіп сіз тұратын қалаға барса, қуанышыңызды бөлісуге дайын. Тек "құрқақ қасық ауыз жыртар" дегенді ұмытпасаңыз болды.
Айтпақшы, маңғыстаулықтар үшін жақсы жеңілдік қарастырылған.
Айдар Тұрғанбек
Айдар мырза 2000 долларға тұсау кесіп, ән айтып береді. "Құр қолға бата жүрмейді" деп қысылып, батасына бөлек рахметіңіз болса Айдар мырза тойыңызды құлпыртып, ұзақ уақыт сіздердің отбасыңыз туралы айтып жүреді, инста-парақшасына салып елге таныстырады.
Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.