Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы "Сөйле" клубының жетекшісі, неміс қызы қалалық ҚХА қандай жұмыстар атқаратынын айтты

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Алматыдағы "Сөйле" клубының жетекшісі  – Алина Кан. Неміс қызы Алина қазақ тілінде таза сөйлеп қана қоймай, мемлекеттік тілімізді тегін үйретіп жүр. Ол қазақ тілінің қоғамдағы орны туралы орамды ойларымен Stan.kz тілшісімен бөлісті.

"Менің әкем – неміс, анам – орыс. Яғни мен неміс ұлтының қызымын. Бірақ жаным қазақ. Туған тілім де – қазақ тілі. Тіпті кейде неміс екенімді ұмытып та кетемін. Қазақ тілін төрт жасымнан бастап үйренгенмін. Бірақ мектепте орыс сыныбында оқыдым. Ал жоғары білімді қазақ тобында алдым. Қазақ тілі ана тілім деп айта аламын. Өйткені кішкентай күнімнен қазақша сөйлей бастадым. Бұған мұрындық болған – бала күнгі достарым”, – деп бастады сөзін Алина.

Қазақ тілін ерекше құрметтейтін арудың тіл турасында айтары да аз емес. "Тик-ток" желісі арқылы қазақ тілін үйретіп, көпке танылған Алинаға "Менің елім – менің тілім" республикалық қозғалысынан қазақ тілін үйрету туралы ұсыныс түскенде қуана қабыл алыпты. Сөйтіп, аталмыш қозғалыстың бастамасымен "Сөйле" клубының тізгінін қолға алып, бүгінде көпшілікке қазақ тілін тегін үйретіп жүр. 

"Тіл тұтастығы – ел тұтастығы". Ұлт болып ұйысуымыз да ұлттық тілімізге тікелей байланысты. Сондықтан да Қазақстанда өмір сүретін әрбір адам ұлтына қарамастан мемлекеттік тіліміз – қазақ тілін білуге міндетті деп есептеймін. Тілге деген құрмет – ұлтқа деген құрмет деп білемін. Егер де елімізді мекендеген барша ұлт пен ұлыстың өкілдері қазақ тілін білсе, қазақ тілінде сөйлесе қазақ тілінің мәртебесі одан әрі асқақтай түскен болар еді", – дейді ол. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен ҚХА-ның XXXII cессиясында Мемлекет басшысының қолынан халықтар арасында бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сiңiрген еңбегi үшiн "Шапағат" медалін алған еді. 

"Президенттен алғыс алу, елдің ерекше құрметіне бөлену – ең үлкен, ең биік марапат. Сондай-ақ жауапкершілік жүгін одан әрі арттыра түсті деп ойлаймын. Мен өмірімді қазақ тіліне арнадым. Осы мақсат мені үнемі алға қарай жетелейді. Мен туған елімнің, туған тілімнің дамуына өз үлесімді қосу жолында тер төгуге дайынмын. Егеменді елімнің ертеңі үшін ерен еңбек ете бермекпін. Қазақ тілін білу жетістікке жетудің ғана жолы емес, қазақ тілі – жаңа бағдарламалардың тілі, қазақ тілі – тереңдегі түйсіктерді оята алатын ойлардың тілі. Қазақ тілі – әділетті өмірге ұмтылған қоғамның тілі. Қазақ тілінің дамуы үшін қалтқысыз қызмет ете беремін", – дейді "Сөйле" клубының жетекшісі. 

Алина Кан Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде Алматы қалалық ҚХА-ның жұмыстарына белсене араласады. 

"Қазақстандай көпұлтты мемлекетте елдің бірлігін сақтап, қаншама ұлттың достықта өмір сүруіне ұйытқы болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлікті ту еткен ұйым. Ассамблеяның жүйелі жұмыс жүргізуінің нәтижесінде көптеген ұлт пен ұлыс бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты Ассамблеяның Медиация кеңесі, Ақсақалдар кеңесі, Ассамблея жастары сынды ұйымдарының барлығы елдің бірлігін сақтау жолында еңбек етіп келеді. 

Ассамблея қаншама ұлттың ұлт ретінде дамуына, әрбір ұлттың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтауына мұрындық болып отыр. Сондай-ақ саны жағынан өте аз ұлт ретінде жойылып кету қаупі төніп тұрған ұлттардың сақталып қалуына да мүмкіндік туғызып отыр. Әрбір ұлттың этномәдени бірлестіктері өз ұлтының мәдениетін насихаттау арқылы ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп келе жатқанының өзі игі дәстүр деп ойлаймын”, – дейді ұлты неміс болғанымен, жаны қазақ Алина Кан.

Иә, Алинаның жылы жүзінен қазаққа тән биязылықты көргенде қуанып-ақ қаласың. Жүрегі қазақ деп соққан қазақ тілінің шынайы жанашыры Алина Александрқызынан қазақ тілін үйретуде қолданатын тиімді тәсілдерін де сұрадық. 

"Қазақ тілін үйрету барысында мейлініше оңайлатылған тәсілді қолдану аса маңызды. Қазақ тілін үйренушілер бастапқыда жалғау-жұрнақтарды ажырата алмай қиналуы мүмкін. Сондай-ақ бір жұрнақтан жаңа сөздің туындауы барысында түсінбестік тууы мүмкін. Уақыт өте келе, тілді үйренуге мықтап ден қойғанда, мұндай қиындықтың барлығы артта қалады. Меніңше, грамматикаға назар аудара бергеннен гөрі, қазақ тілінде таза сөйлеуге мән бергеніміз абзалырақ. Ең бастысы, тілді үйренуге деген ниеттің өзі қазақ тілін үйренуге деген алғашқы қадам деп білемін. Қазір қазақ тілін үйренушілердің қатары күн санап артып келеді", – дейді ол.

Талқылау