Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

Отандық жарнамаларда неге ұлтаралық некелерді көрсетеді: Мамандар жауап берді

Жарнама бизнесінде ұлттық әрі отбасылық құндылықтарды дәріптеу арқылы, тауардың бағасын арттыру - бағзыдан келе жатқан тәсіл. Әсіресе отбасы институты қатты бағаланатын Қазақстан сынды елде. Дегенмен жарнамаларда көрсетілген барлық некелер неге ұлтаралық деген сауал жұртшылықтың көкейінде көптен бері жүр. Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі бірнеше танымал маркетологтармен сұхбаттасып, осы сауалға жауап іздеді. 

23 жасында Қазақстандағы ең жас әрі табысты маркетолог атанып, Forbes журналының рейтингісіне кірген Расул Абдуллаевтың пікірінше, қысқа жарнамалық роликтерде әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған некені көрсету — өнімнің даралығын меңзеу.

"Мәселе тек қана ұлтаралық некеде емес. Жарнама бар жерде фактуралық пен даралықтың жүретінін ескеру қажет. Мысалы, жарнамада қарапайым қазақ некесін көрсете берсе, ол ешкімнің есінде қалмайды. Клиенттің есінде өнім сақталып қалуы үшін өзгеше жұптарды, көпшіліктен ерекшеленетін ерлі-зайыптыларды жарнаманың басты кейіпкері етіп жасайды", — дейді еліміздегі ең танымал Yuframe атты вайнерлер командасының менеджері Расул Абдуллаев

Маркетолог әрі "Тұмар" брендінің негізін қалаған кәсіпкер Нина Нұрамбекованың ойынша, ұлтаралық неке арқылы жарнама беруші компания көрермендерден қолдау тапқысы келеді. 

"Бұл маркетингтік әдіс. Әр компанияның өз аудиториясы болады. Бір жарнамалық роликте бір азиат жігіт пен славян қызын көрсете отырып көздеген мақсатына жетеді. Жарнама ұлтаралық та, қарапайым жанұяның да психологиясына әсер етеді, ерлі-зайыптылардың сол өнімге немесе қызметке бүйрегі бұрып тұрады", — дейді Нұрамбекова. 

Win Win жобасының негізін қалаушылардың бірі, маркетолог Мағжан Тілеухановтің  ойынша, ұлттары әртүрлі жұптармен жарнама шығару - Қазақстанға қарағанда шетелде кеңіңен қолданылатын әдіс. Маркетолог отандық брендтердің жарнамасында қарапайым қазақ жанұясының алатын орны басым екенін айтты. 

"Менің ойымша, ішінде ұлтаралық жанұялары бар жарнамалар жаһандық стратегия болғандықтан әлемдік роликтерде көрсетіледі. Бұл әдіс дүниежүзінде әртүрлі ұлттардан құралған жанұялардың бақытты өмір сүріп жатқанын көрсету үшін пайдаланылады. Қазақстандық бренд  мұндай жарнаманы ұлтаралық некелерге деген қызығушылық бар болғаннан кейін, ұлттары бөлек ерлі-зайыптылар көзге ерекше болып көрінгендіктен шығарады. Бірақ өте сирек. Өйткені, елімізде ұлттық отбасылық құндылықтар басым болғандықтан, қазақ жанұясына көп назар аударады", — дейді маркетолог. 

Жарнамасын ерекшелеймін деп жүріп отандық компаниялар керісінше біркелкілікке ұрынған сияқты. Қайта тек қана бірұлтты отбасыны қазір жарнамалардан табу - қиынның қиыны. Бәлкім еліміздегі көпұлттылық та жарнама нарығына әсер етіп, тапсырыс берушілер кез-келген бұқаралық ақпарат құралы арқылы ұлтаралық татулық пен бірлікті дәріптегісі келетін болуы керек.

 

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр