Неліктен 7 сағаттан аз ұйықтауға болмайды?
Кей саясаткерлер мен бизнесмендер тәулігіне 3-4 сағат ұйықтайтынын мойындайды. Олар ерекше қабілетке ие ме?
2016 жылдың басында америкалық ғалымдардың ауқымды зерттеу жұмысы жарық көрді. Онда көрсетілген ұйқы ұзақтығы – 7 сағаттан 9 сағатқа дейін. Әрине, әр адамның ерекшелігіне сай айырмашылықтар бар. Бірақ кез-келген адам өзін дұрыс сезіну үшін кемінде 7 сағат ұйықтауы тиіс.
Бүгінде көптеген адам таңның атысынан күннің батысына дейін жұмыс істейді, уақыттары тығыз. Сондықтан ұйқыға аз уақыт бөледі. Мысалы, Дональд Трамп 3 сағаттан артық ұйықтамайтынын алға тартады. Және онысын табыс құпияларының бірі деп біледі. Десе де дәл ұйқыға жұмсалар уақытты үнемдеу табысқа жетуіңізге көмектеспейді. Француздар тәулігіне 9 сағат ұйықтап, тамақтануға шамамен 2 сағат жұмсайды. Оған қарамастан Франциядағы бизнес еуропалық орташа көрсеткіштен қалыс қалған емес. Әділдік үшін көп ұйқының да адам денсаулығы үшін пайдасыз екендігін атап өту керек. Ғалымдар 9 сағаттан артық ұйқы ойлау қабілетін төмендетіп, бас ауруына алып келіп, эндокриндік ауруға шалдығу қаупін арттырады деген тұжырымға келген. Бірақ ұйқы жетіспеушілігі денсаулығыңызға зиянын тигізіп қана қоймай, жұмыс істеу қабілетіне қауіп төндіреді.
Үнемі ұйқыңыз қанбауының салдары қандай? Ол қан қысымының жоғарылауына, жүрек ауруларына, салмақ артуына, ерте қартаюға, белсіздікке алып келеді. Тәулігіне 7-8 сағаттан аз ұйықтайтын адамдар ағзасында глюкоза алмасуы бұзылып, сусамырға алып келуі мүмкін. Күніне 5 сағат не одан аз ұйықтайтын адамдарда өлім қаупі 15 %-ға артады.