Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Некелескеніне 19 жыл болған ерлі-зайыптылар ағалы-қарындас болып шықты

Фото: Mirror.co

Отауласқандарына шамамен 20 жыл болған бразилиялық ерлі-зайыптылар жақында өздерінің шығу тегі туралы шындықты білген. Адриана мен Леандро оқиғаның мән-жайын жергілікті радиостанцияның эфирінде анонимді түрде бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Адриана мен Леандро шамамен 19 жыл бойы бір шаңырақ астында тұрады және бүгінде бір қыз тәрбиелеп отыр. Бір қызығы екеуі де бала күнінен бері “Мария” есімді туған анасын іздеп келеді. 

Адриана әкесімен бірге тұрған, оның анасы бір жасында тастап кеткен. Ал Леандро өгей анасының қолында өскен, оны анасы сегіз жасында туған қаласы Сан-Паулуда тастап кеткен. Адриана балалық шағында туған қаласынан кетіп, үй қызметшісі болып жұмыс істеген, 15 жыл тұрмыста болып, үш бала дүниеге әкелген.

Жұп жиырма жылдан астам уақыт бұрын, Адриананың некесі бұзылып, Сан-Паулуға қайта оралғаннан кейін танысқан. Олар бірден бір-бірін ұнатып, бірге өмір сүре бастаған.

Анасын табуға бекінген Адриана 2014 жылы жергілікті радиостанциядан көмек сұраған. Radio Globo радиосындағы жоғалған туыстарды табуға арналған “Уақыты келді” бағдарламасының соңында Адриананың анасы өзінің Леандро есімді ұлы бар екенін, бірақ оның өзін танымайтынын айтқан.

“Мұны маған айтып отырғаныңызға сене алар емеспін. Леандро – менің күйеуім. Енді үйге қайтуға қорқып отырмын, бойымды “Леандро менімен айырылысқысы келуі мүмкін” деген ой билеп тұр. Мен оны өте қатты жақсы көремін”, – деді күйеуінің туған ағасы екенін біліп есеңгіреген Адриана.

Генетикалық жыныстық тартымдылықпен өмір сүретін адамдарға арналған қолдау форумының мәліметінше, бұл жұпта генетикалық сексуалдық тартымдылық құбылысы байқалған. Бұл – “даму мен жақындасудың маңызды кезеңдерінде бір-бірінен ажырап, ересек шақта қайта табысқан екі ересек адамның арасында пайда болатын құбылыс”.

Адриана мен Леандро туған бауыр екеніне қарамастан, бірге қалатынын мәлімдеген.

“Бізді өлім ғана ажыратады. Мұның бәрі Құдайдың қалауымен болды”, – дейді әйел.

Әйелдің сөзінше, бұл туралы ертерек белгілі болғанда шешім мүлде басқаша болар еді.

“Әрине, бұл туралы ертерек білсек бәрі басқаша болар еді. Бірақ біз білмедік және бір-бірімізге ғашық болдық. Аналарымыздың аты бірдей екені бізге қызық көрінді, бірақ бұл өте кең тараған есім ғой, сондықтан жай ғана сәйкестік деп ойладық. Алғашында бұл жағдай бізді қатты есеңгіретті, бірақ отбасы болып кеңесіп, жұрт не десе де, ерлі-зайыпты болып қала беруді шештік. Болашаққа жоспарымыз көп. Бізді ештеңе ажырата алмайды. Ештеңе".

Ерлі-зайыптылар тастап кеткен анасын кінәламайды. Керісінше, онымен бірнеше рет сөйлескен және жақын уақытта кездесуді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, бұған дейін 90 жастан асқан күйеуі мен әйелі жетпіс жылдық некеден кейін армандаған тойын өткізгені хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Сейсенбі, 20 Қаңтар, 2026 23:27