"Неке жаңғырту рәсімі": Қарақат Әбілдина Қыдырәлі Болмановқа қайта тұрмысқа шықты
Отандық танымал жұлдызды жұп Қыдырәлі мен Қарақат шаңырақ көтергендеріне 25 жыл толуына орай, күміс тойларын атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скриншот
Той үстінде имам Қыдырәлі мен Қарақаттың некесін қиды.
"Бүгін – мен үшін керемет күн. 20 тамыз – шаңырақ көтерген сәтіміз. Қайтадан тұрмысқа шығайын деп жатырмын. Осыдан 25 жыл бұрын тойдың дайындығы қазіргідей болған жоқ. Кірпік жабыстырмадық, бетті боямадық. Шашты қоқайтып төбеге түйіп, оған гүлдерді топырлатып жапсырып алып шыға бердік. Аяла қызым күлді. Міне, енді өзім қалағандай етіп қайтадан тұрмысқа шығып жатырмын. Неге жаңғырту деген нәрсе – тамаша үрдіс. Осыдан 25 жыл бұрын некемізді қиған Лесбай имам бүгін күміс тойымыздың куәсі болып келіп отыр. Келген қонақтардың бәріне ризашылығымызды білдіреміз", – деді Қарақат Әбілдина.
-
"Күміс тойға жеттік": Қыдырәлі мен Қарақат неке қиған сәтін есіне алды
-
"Сол құлағына сырға тақпа": Қарақат Әбілдина оқырмандарынан кеңес сұрады
Той үстінде имам Қарақат Әбілдинадан маһрге не қалайтынын сұрады.
"Әлемнің жарығын ата-анам сыйлаған болса, әлемнің бар гүлін, жақсылығын маған Қыдекем сыйлады, көрсетті. Ешуақытта маған "жоқ" деп қарсы келмеген, үлде мен бүлдеге орады, алақанына салып аялады. Уәде беріп, оны орындамай қойған кезі болмады. Осы күнімізге шүкір етіп, қуанып тұрмыз. Сондықтан маһр сұрағаным орынсыз болады, менде бәрі бар. Өзіңді кездестірген сәттен бастап әр күнім ертегідей" – деп шынайы ықыласын білдірді әнші.
Одан кейін Қыдырәлі мен Қарақаттың заңды некесін қию осыдан 25 жыл бұрын қалыңдықтың көйлегін ұстап жүрген кішкентай төрт жастағы Ақбота Шәкірқызына жүктелді. Ал неке куәгерлері – қыздары Аяла мен Айзада болды. Үйлену тойында Қыдырәлі мен Қарақат жаңадан неке жүзігін тағып, неке суын ішіп, бірге болуға ант берді.
Сондай-ақ Қыдырәлі аяулы жарына қымбат гауһартасты алтын алқа сыйлады.
Еске салайық, өнер иелері 25 жыл бұрынғы естелікті жариялап, Медеу мұз айдынына барғанын жазған едік.