Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Неге атқанымды білмеймін": Маңғыстауда үш кісі өлтірген азамат есінен айырылғанын мәлімдеді

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 15 наурызда облыс орталығындағы Авангард соңғы аялдамасында үш адамды атып өлтіріп, біреуін ауыр жаралаған азаматқа қатысты сот отырысы жалғасуда. Сотталушы Бауыржан Қара болған оқиға туралы өз нұсқасын айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Ақ Жайық” порталына сілтеме жасап. 

Айтуынша, ол 2014 жылы үйленген. Бірінші некесінен екі қызы бар. Атырау қаласындағы Назарбаев мектебінің асханасында жұмыс істеп жүріп, асханаға жұмысқа орналасқан А. атты қызбен танысып, көп ұзамай екеуі жақын араласа бастайды. Ол күйеуінен кетіп қалып, үш баласымен бөлек тұрып жатады. Бауыржан мен А. 2022 жылдың наурыз айынан бастап бірге тұра бастайды. Бұл уақытта әйел күйеуімен ажырасқалы жатқан.

“15 наурызда түскі уақытта учаскелік инспектор қоңырау шалып, А.-ның күйеуінен арыз түскенін хабарлады. Екеуіміз пунктке келгенімізде, сол жерде күйеуі мен оның інісі де келген екен. Балалар қастарында болды. Кейін тағы екі туысы келді. Олар үлкен ұлын мен ұрып-соғады деп шағымданғанын айтты. Мен оларға олай істемегенімді түсіндірдім, бірақ олар маған сенбеді”, –  деді сотталушы.

Әрі қарай, оның айтуынша, А.-ның күйеуі мен оның туыстары қорқыта бастаған. Қуаныш (күйеуінің інісі) "кешке тағы кездесеміз" деп, телефон нөмірін жазып алған.

Бауыржан Қара қаруды қайдан алғанын былай түсіндірді: бұрын да күйеуі мен туыстары қоқан-лоқы жасап жүргенін, сондықтан "қауіпсіздік мақсатында" былтыр желтоқсан айында екі тапанша сатып алғанын және оларды травматикалық деп ойлағанын, оның атыс қаруы боп қайта жасалғанын білмегенін айтты. Оларды үнемі өзімен бірге алып жүрген.

Үш кісі өлтірудегі оның нұсқасы мынадай: Авангардтағы соңғы аялдамада А.-ның күйеуінің туыстары мен бейтаныс басқа адамдар қорқытып, тіл тигізген соң көзі қарауытып кеткен. 

“Одан әрі не болғаны есімде жоқ. Тек Қуаныштың соңынан қалай жүгіргенім есімде. Кәріз құбырларының жанында есімді жиып, вокзалға бардым, сол жерден Ақтауға такси жалдадым”, – деді сотталушы. Содан кейін сұрақтарға кезек келді.

Прокурор Мариана ЖҰМАХАНОВА:

– Оқ атқанға дейінгі және одан кейінгі оқиғаны айтып тұрсыз, бірақ оларды қалай атқаныңыз неге есіңізде жоқ?

– Мен шынымен есімнен айырылдым, не болғаны есімде жоқ.

– Медициналық тексеру кезінде сіздің ағзаңыздан каннабиноидтардың ізі анықталды. Сіз есірткі қолданасыз ба?

– Жоқ. Олардың мұны қайдан алғанын білмеймін.

Зардап шеккен тараптың өкілі Сәуле Мұхамбетова. 

– Күндіз А.-ның күйеуі мен оның інісі Қуанышпен арада келіспеушіліктер болды. Бірақ оған менің балам Нұрхат пен оның достары Самат, Абаттың қандай қатысы бар? Олардың не кінәсі бар, сен оларды мүлде танымайсың ғой!

– Иә, мен оларды танымаймын, оларға не үшін оқ атқанымды білмеймін, ештеңе есімде жоқ.

Судья Зарема Хамидуллина:

– Бұрын тапаншаңыздан атып көрдіңіз бе?

– Иә.

– Ендеше, оның атыс қаруы екенін қалай білмейсіз?

Жауап болмады. 

– Бақылау камерасындағы жазбада оқ атып жатқан сіз екенін растайсыз ба?

– Иә, ол мен. Бірақ неге атқанымды білмеймін, есімде ештеңе жоқ! Тағылған айыпты мойындамаймын!   

Талқылау