Не себепті Бурабайда демалу Түркияға қарағанда қымбат – Облыс әкімі түсіндірді
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев не себепті Бурабайда демалу Түркияға қарағанда қымбат екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Журналистер орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте Бурабайдағы демалыс орындарының мәселесін көтерді. Әкімнің айтуынша, соңғы кездері өңірге келетін туристер саны бірден өскен.
“Өткен жылы біршама дүниелер айтылды. Сұрақтың қайдан шығып отырғанын түсініп отырмын. Бұл жерде пандемияда өз әсерін тигізгенін айта кету керек. Бұрындары бізде маусымға байланысты 300-400 мыңға дейін адам келсе 2022 жылы миллиондаған турист келді. Бұл – кәдімгідей үлкен көрсеткіш. Тек Бурабайдың өзінде ғана. Әр жыл сайын туристтер көлемі артып келеді. Биыл 1 миллион 200 мың турист күтіліп отыр. Біз жұмыс тобын құрдық. Осы жылы курорт аймағына конструктивті жұмыстар атқардық. Қоқыс таситын көліктер сатып алдық. Контейнерлік алаңдардың санын кеңейттік. 100-ден аса қоқыс тастайтын урна сатып алдық. Мамыр-маусым айларында жолдарға қатысты біраз мәселені шештік. Осы сәтті пайдалана отырып, туристерден қоқыс қалдырмауларын сұраймын. Бұрын біз қоқысты күніне үш рет жинайтын болсақ, қазір алты рет жинайтын болдық”, – деді Ермек Маржықпаев.
Сонымен қатар әкім Бурабайдың бағалардың не себепті қымбат екенін түсіндірді.
“Бурайбайға барғанша Түркияда демалу керек қой дегенді естіп жатамыз. Rixos қонақүйлері – халықаралық дәрежедегі қонақүйлер. Әрине, ол жердегі бағалар да соған сай болады. All inclusive қалайсыздар ма, бәрі сол жерге қосылған. Бізде барлық сегмент бар. Кішігірім екі адамдық үйлер 10 мың теңгеден басталады. Орташа баға 30 мың теңгеден. Нарық болған соң әрқашан бәсекелестік болады. Бағаны нарық жасайды”.