"Не малсыз, не ақшасыз қалдық": Ақтөбелік кәсіпкерлер аштық жарияламақ
Ақтөбелік шаруалар аштық жарияламақ. Мал шаруашылығын кәсіп еткен олар Татарстан компаниясына алданып қалған. Кәсіпкерлер алаңға жиналып, жауапты министрліктен көмек сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап.
Олардың айтуынша, екі жыл бұрын, асыл тұқымды ірі қара алмақ болып миллиондаған ақшаны шетелдіктерге аударып жіберген. Бірақ әлі күнге дейін малға да, ақшаға да қол жеткізе алмай келеді.
Жиналғандардың бірі - Нұрлан Әлімбетов. Ол "Сыбаға" бағдарламасымен асыл тұқымды мал алу үшін 58 миллион теңге несие алған. Сол ақшасын Татарстанның "Комагро" компаниясына аударып, оңбай алданыпты.
"Татарстанға ақшамызды аударғанбыз, алаяқ, енді ақша жоқ, не мал жоқ. Осы күнге дейін. Халық банк малды әкелмеген үшін 4,5 млн айыппұл салды. Енді шоттардың барлығына тыйым салынған. Ешқандай жұмыс жасай алмай отырмыз. Қалай төлейміз", - деді Нұрлан Әлімбетов.
Жалпы, аймақта дәл осылай опық жеген 5 шаруа қожалығы бар. Сол кезде нодулярлы дерматит ауруынан қорыққаннан шенділер, елге тек жақын шетелден мал әкелуге рұқсат берген. Әрі бұл компанияны министрлік таңдап беріпті.
"Біздің фермерлердің қазір түгі жоқ. Несін береді. Өйткені ол кезде барлық елдер жабық болды. Белгілі бір схемамен әрекет етіп, осы операторды өздері таңдап берді. Ақыр аяғы енді шаруалар зардап шегіп отыр", - деді "Ақтөбе" фермерлер қауымдастығының жауапты хатшысы Александр Мандрыкин.
"Біздің 771 млн теңгеміз Татарстанның "Камагро" компаниясына кетті. Бізде не малсыз не ақшасыз қалдық. Біздерде аштық жариялаудан басқа амалымыз жоқ", - деді кәсіпкер Руслан Сүйіншалин.
Шенділер бұл мәселеден хабардар. Татарстан компаниясына қатысты алаяқтық бабымен биыл қаңтарда іс қозғалған. Ал, шаруалардың несие шарттарын қайта қарап, жеңілдіктер жасап жатқандарын айтты.
"1-шілдеге дейін үстемақыны тоқтатқанбыз, яғни процент төлеп жатқан жоқ, несиеге. Ары қарай бұл мәселені шешу үшін сотқа беріп, соттың шешімімен мүлдем пайызын тоқтатып әрі қарай қаражатты қайтаруды 2024-ші жылға дейін созамыз деп ойлап отырмыз. Ол уақытқа дейін КамАгроның мәселесі шешілу керек", - деді ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының басқарма төрағасы Жандар Омаров.
Министрліктің дерегінше аталған татарстандық компанияға республика бойынша 16 шаруа қожалығы ақша аударған. Шамамен 1300-ге жуық асыл тұқымды ірі қара келуі тиіс еді. Оның жартысы келген, бірақ келген малдың өзі асыл тұқымды болмай шыққан.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
