Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Не мал, не ақша жоқ": Павлодар облысында қыруар несие алған шаруалар әкімдік ұсынған мамандарға сеніп, сан соғып қалды

Павлодар облысында "Сыбаға" мемлекеттік бағдарламасы арқылы несие алған шаруалар Еуропадан асыл тұқымды мал алу үшін шенеуніктер тауып берген операторға миллиондаған қаржы аударған. Қазір алаяқтарға алданып, қарызға белшеден батқан тұрғындар әкімдіктегілердің де бұл іске қатысы бар екенін айтып, жазалауды талап етуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сурет сюжет кадрларынан алынған

Шаруалар бұған дейін несиесіз-ақ ешкімге алақан жаймай, төрт түлігін түлетіп отырған. Алайда тұрғындардың айтуынша, бұл ойды әкімдік өкілдері салып, несие алындар деп көндіріп, жеткізушімен келісімшарт та жасап берген екен. Енді міне үш жылдан бері не мал, не ақша жоқ. Ал, құзырлы органдар қомақты несиені қайтаруды талап етіп отыр екен.

Баянауылдық Теміржан Қишев 100 бас асыл тұқымды мал алу үшін 85 миллион теңге несие алған. Теміржан Қишевтің айтуынша ол қомақты қаражатты бірден әкімдік өкілдері тауып берген Қостанайдағы мал жеткізуші операторға аударған. Содан не мал, не ақшасы қайтпаған. Ал несие алған серіктестік сотқа беріп, дүние мүлкін тәркілеп жатыр екен.

“Мынау облыстың қарамағында тек алсаңыздар болды деген соң, сендік. Енді міне алаяқтарға ұрынып, отбасымыздан күлкі кетті. Жағдайымыз өте нашар болып жатыр. Ауру болып біттік өзі. Міне үш жыл болды, бармаған жеріміз, ашпаған есігіміз жоқ. Ешқандай жауап бермейді. Неге оларды тексермейді? Неге қылмыс іс қозғалмайды екен?”- деді шаруа Теміржан Қишев.

Анықталғандай Ирландиядан ірі қара күткен шаруа 100 басқа арналған зәулім қора салған. Бұған 85 миллионнан бөлек, 20 миллионын құйған. Ал енді бұл мал ұстайтын орын бірнеше жылдан бері қаңырап бос тұр.

Павлодар облысынан 10-нан астам шаруашылық дәл осылай алданып қалғандарын айтуда. Олар сан соғып қалуымызға әкімдік өкілдерінің де кінәсі бар дейді. Сондықтан мал жеткізушіні тауып берген мемлекеттік орган да жазасыз қалмасын деген талап қойып отыр.

Талқылау