"Наурызды тойламаймын, ол – отқа табыну": Наурыз Құдайға серік қосу ма әлде ұлттық дәстүрді дәріптей ме?
Биыл әз-Наурыздың қарсаңында қазақстандықтар арасында тартыс туды. Өзін мұсылманмын деп есептейтін, Ислам дінін ұстанатын кей жұрт "Наурыз табиғатқа табынудан қалған мереке, оны тойлау Аллаға серік қосу" десе, мерекені күтіп, тойлауға асығып жүргендер "Наурызыма тимеңдер, ата-бабамның мейрамын тойлаймын" деп жауап беріп жатыр. Stan.kz тілшісі Наурызды қуана тойлайтындар мен оны құптамайтындардың пікірін біліп көрді әрі ҚМДБ өкілі мен этнографтың бұған қатысты ұстанымын сұрады.
Коллаж: Stan.kz
“Наурызды тойламай келе жатқаныма 3 жыл болды”
Биыл әсіресе Threads әлеуметтік желісінде Наурыз мейрамына қатысты пікірлер қаптады. Ислам дінін өміріне енгізіп, жақын тұтатын намазхан азаматтар Наурызды зороастризмнен шыққан мереке деп атап, тойламайтынын, тойлауға қарсы екенін жаза бастады. "Наурыз зороастризмнен келген. Не істеп жүргендеріңізді дұрыстап ойланыңыздар" десті кейбірі.
"Наурыздың тарихы зороастризм дінімен байланысты. Бұл діннің негізін салған – Заратуштра. Зороастризмде от пен күн ерекше құрметтелді. Сондықтан олар күннің жаңаруына байланысты күн мен түннің теңелу күнін қасиетті күн санаған. Олар бұл күні от жағып, айналасында билеген, су шашып, тазарту рәсімдерін жасаған. Күнге қарап, оны мадақтап дұғалар айтқан. Наурызды түркі халықтары, оның ішінде қазақтар да қабылдап, оны өз мәдениетіне бейімдеген. Бірақ оның астары мен шығу тегі күнге, табиғатқа табынумен байланысты. Біз мұсылманбыз, біз үшін ең бастысы таухид. Ширктен барынша сақ болуымыз керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) “Кім бір қауымға ұқсаса, ол солардан болады” деген. Қазақстан муфтиятына келсек, олар да адам, олар да қателесуі мүмкін. Олар “Наурыз шариғатқа қайшы емес” дегенімен, бұл Құран мен сүннетке сай келе ме деген сұрақты өзіміз қоямыз", – деп жазды желу қолданушы.
Наурызды қатарынан бірнеше жыл тойламай келе жатқан қазақстандықтар да бар екен.
"Наурызды тойламай келе жатқаныма 3 жыл болады. Қараңғылықтан жарыққа шығарған Аллаға мадақ. Тойлайтындарға ешнәрсе демеймін, өз пікірімді тықпаламаймын. Бірақ Исрафил ұстаз бен Чубак ажы ұстаздың уағызы менің Наурыздан бас тартуыма жеткілікті болды. Екеуін де шындықты жасырмай айтқан ұстаздардан деп білемін және бұл ойым өзгермейді. Әсіресе Чубак ажының айтқаны қатты ойландырды, себеп болды", – деп жазды ол.
Пікірін ғылыми түрде жеткізуге тырысқандар бар. Оның сөзінше, Аллаға серік қосу кешірілмейтін күнәлардың бірі.
"Ғылыми түрде түсіндірейін. Бұл пұтқа табынушылықтың мейрамы. Мұндай мейрамға қатысу басқа ұлы күштер мен басқа құдайларды мойындау болып саналады. Ал мұсылманға мыстанға да, ырымға да, бойтұмарлар мен пұтқа табынушылардың мейрамына да сенуге болмайды. Себебі бұл ширк. Ал серік қосу деген Алла кешірмейтін күнәға жатады. Сенімді бұзатын мұндай нәрселерден аулақ жүру керек. Бірақ мұсылманға басқа діннің мейірімді өкілдеріне жақсы қарауға тыйым салынбаған", – деп жазды тағы бір қазақстандық.
“Наурызымда шаруаларың болмасын”
Бірақ пікірлер біржақты болып қалған жоқ. Өзін мұсылман деп есептейтін қазақстандықтар Аллаға сенсе де, Наурызды ата-бабадан қалған, ұлттық құндылықтарға негізделген мейрам ретінде қуана тойлайтынын жазып жатыр.
"Ораза ұстап жүрмін. Керемет діни адаммын деп айта алмаймын. Бірақ дін – мен үшін интим дүние. Біреуге “мен ораза едім, мынаны жасама” деп айта алмаймын. Оны не үшін айтып жатырмын? Наурызда шаруаларың болмасын. Ата-бабамның тойлап келген мейрамын жақсы көремін, тойлаймын. Әркімнің өз оразасы өзіне, ол басқаға міндет емес", – деп жазды Еркебұлан Әріпбай.
Желі қолданушылары мейрамның қарсаңында Наурыздың тарихын еске түсіріп, Наурызды тойлауға 62 жыл бойы тыйым салған кезеңдерді еске түсірді.
"1926 жылы оны "ескінің сарқыншағы" деп тыйым салды. Халықтың далаға шығып тойлауын, дәстүрлерді өшіруге тырысты. Дегенмен адамдар өз арасында үндемей тойлап жүрді. Ауылдарда наурыз көже пісіріліп, дәстүрді атадан балаға жеткізді. Кейін КСРО құлаған соң барып Қазақстанда және басқа Орталық Азия елдерінде Наурыз ресми мемлекеттік мереке ретінде статус алды. 60 жыл бойы Наурыз адамдардың есінде ғана қалған еді. Наурыз құтты болсын", – деп жазды қазақстандық.
Қазақ халқы Наурыз бірлігіміз бен молшылығымыздың символы дейді.
"Наурыз – қазақ үшін жай ғана мереке емес, бұл ұлттың тарихымен, дәстүрімен астасқан ерекше күн. Көктемнің келуімен бірге жаңа өмір басталады, ал Наурыз – осы жаңарудың, бірліктің және молшылықтың символы. Оразаға қарамастан, бұл мейрам өз мәнін жоғалтпауы керек, өйткені ол – ата-бабамыздан қалған рухани мұра", – деп ой қосты желі қолданушы.
Кейбір компанияларда да Наурыз мерекесін тойлауды сәуірге қалдырып жатқан көрінеді. Бұған қызметкерлері шағымданып жатыр. Олардың айтуынша, көктем кешігіп келмейді, уақытында келеді. Сондықтан Наурызды Рамазан айымен қатар келгенінен қарамастан өз уақытында тойлау керек.
"Жұмыста Наурызды сәуірге жылжытып тастады, себебі біразы ораза ұстайды екен. Кетіңдерші... Ораза ұстайсыңдар ма, ұстамайсыңдар ма, көктем де, Наурыз да уақытында келеді. Ораза ұстағандар ерекше ме не? Неге бәрі соларға ыңғайлануы керек? Кім үшін ораза ұстайсыздар?", – деп шағымданды ол.
“Көшпелілер өзін табиғаттың бір бөлшегі санайды, бұл табыну емес”
Этнограф Досымбек Қатранұлының айтуынша, Наурыз табиғатқа табынумен емес, табиғатпен үндестікте өмір сүрумен байланысты туған.
"Көшпелілер өзін табиғаттың бір бөлшегі ретінде санайды. Адам табиғаттың бір бөлшегі деп есептеледі. Осы тұрғыда қарым-қатынас жасап, ештеңені бүлдірмей, бұтақты да сындырмай, суды да лайламай, отырған жерін тазалап кететін болған. Суға түскеннің өзінде етегінде басқа біреу су ішіп отыр ғой, соны ойлаған. Бұл – табиғатқа бағыну емес, табиғатпен үндестікте, үйлесіп өмір сүру. Бұл тау суға табыну емес, оны қастерлеу, жөнді пайдалана білу. Егер ішіп отырған суыңды, отырған жеріңді, жан-жануарды сыйлап қадірлемесең, киесі ұрады деп есептейді. Мұндай ырым-тыйымдар әдет-ғұрыптан шығады. Ал әдет-ғұрып дегеніміз көшпелілер үшін заң ережелері ретінде қабылданатынын арабтар да, еуропалық саяхатшылар да айтады. Көшпелі жұрттың заңы әдет-ғұрып еді. Қазақстан әлі де деколонизацияланған жоқ. Халықтың санасы әлі өзгеруі керек, құлдық санадан арылуымыз керек", – дейді этнограф.
Оның сөзінше, Наурызды Исламды ұстанатынның бәрі емес, тым қатты сенетіндер діни мереке емес деп мойындамайды. Дегенмен ол бұл мереке елде ұлттық қадір-қасиетті дамыту үшін өте қажет деп есептейді.
"Наурыз – Қазақстан үшін өте керек, маңызды мереке. Дін мен дәстүрді былай қойғанда Наурыз күнтізбелік мереке ғой. Біз сияқты дамушы елде ұлттық қадір-қасиетті дамыту өте қажет, мұны үкімет жиі-жиі қолға алып, қолдауы керек. Наурыз ұлттық дүниені, адамның наным-сенімін насихаттауға көмектеседі. Халық діни қасиетін емес, ұлттық қасиетін жоғары қоюы керек. Ұлттық қасиеттің ішінде дін де, тіл де, діл де бар. Бірінші кезекте діл тұруы керек, одан кейін ғана дін тұрады", – деп түйіндеді этнограф Досымбек Қатранұлы.
“Отқа табыну Жаратушыға серік қосқандық, бірақ Наурыз шариғатқа қайшы емес”
Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Наурыз мерекесі зороастризмнен шыққан жоқ деп пікір білдірді.
"Бұл мерекенің шығу тарихын кейбір ғалымдар зороастризм дініндегі отқа табынумен байланыстырса, Мәшһүр Жүсіп бабамыз "Нұх, Наурыз тарихы" еңбегінде Ашура мен Наурыздың шығу тегі бір екенін көрсеткен. Әдебиетші ғалымдар мен өнертанушылар наурыз мерекесін қазақ халқы ислам дінін қабылдамай тұрып тойлағанын айтады. Олардың пікірінше Наурыз – қазақ халқының көшпелі тұрмысының қуанышты кездерін бейнелейтін ұлық мереке. Белгілі әдебиеттанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов "Наурыз мерекесін көшпелі түркі жұрты зороастризм сенімінен бұрын тойлаған" деп, оған дәлел ретінде көне "Афрасиаб" жырын мысалға келтіреді. Бұл жырда көшпелілер көктем шыға ұлыстың ұлы күнін тойлаған. Ал "наурыз" – Иран мәдениетінен Тұран мәдениетіне сіңіскен термин. “Яғни, көшпелі түркі жұртының ұлыстың ұлы күнін тойлауы "наурыз" терминімен бекітілгенмен мазмұн тұрғысынан алып қарағанда ежелден түркі жұртында бар дәстүр" дейді ғалым", – деп пікір білдірді ҚМДБ.
Басқарма мәліметінше, ертеде шығыс халықтары 21 наурызда түнде от жағып, жаңа жылды жарықпен қарсы алған. Осы күнге дейін парсы тектес ұлыстар Наурыз мерекесінде отты маздатып жағып, үстінен секіріп, өздерін пәле-жаладан тазартып жатады. Ал қазір еліміздің Наурыз мерекесінде отты алаулатып жағу үрдісі үзілген.
"Отқа табыну ислам сенімі бойынша Ұлы Жаратушыға серік қосқандық болып саналады. Ханафи мәзһабының фиқһ және пәтуа кітаптарында кездесетін ғұламаларымыздың наурызға қатысты "тойлау харам, тойлау күпірлік" секілді үкімдері тікелей зороастризм (отқа табыну) дініне қатысты айтылған. Яғни, зороастризм дінін ұлықтау мақсатында рәсімін жасау хақ сенімге қайшы болғандықтан бұл мерекені тойлаған кісі "күпірлікке түседі, харам іс жасағандардың қатарына жатады" деп үкім берген. Қазір наурыз мейрамы діни емес, ұлттық мереке ретінде тойланады. Қыстан аман-есен шығып, күн нұрына бөленіп, жаңа жылды қарсы алу мерекесі. Наурызда көріскен жандар бір-бірін құшақ жая қарсы алып, игі тілектер айтады. Наурыз мерекесі қазақ елінің, жалпы түркі жұртының салт-санасымен біте қайнасқан мереке ретінде шариғатымызға қайшы келмейді. Ұлыстың ұлы күнін тойлау – ежелден түркі жұртында бар дәстүр. Еліміздегі наурыз мерекесі шариғатқа қайшы емес әрі Ислам дінінен бастау алатын мереке де емес. Мұсылман жұрты бұл айтулы мерекені атап өткенде отты айналу, оттың үстінен аттау т.б. зороастризм дініне тиесілі әрекеттерден аулақ болуға тиіс", – деп түйіндеді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы.