"Не деген сұмдық бұл?": Қызылордада тергеу соты коронавирус жұқтырып ауыр күйде жатқан күдіктіні қайта изоляторға қамамақ
Қызылордада коронавирустан өкпесі қабынып ауыр халде ауруханаға түскен күдіктіні тергеу соты уақытша ұстау изоляторына қамамақшы. Бұл толық емделмеген науқас адамды темір торға қамап өлтірумен бірдей деп күдіктінің жақындары мазасызданып отыр. Бұл туралы Stan.kz апарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Әлі қылмысы дәлелденбесе де, сот неліктен қатал қадамға барғаны түсініксіз дейді әділдік іздеген жанұя.
4 айдан бері тергеу абақтасында болған Арлан Аңдасов осыдан 10 күн бұрын өкпесі қабынып, қалалық ауруханаға жатқызылған. Науқастың екі өкпесі де қабынған, тест нәтижесімен коронавирус жұқтырғаны да анықталған.
Ал әлі де емі жалғасып жатқан күдіктіні қайтадан тергеу абақтасына апаратыны туралы ақпарат оның туыстарының наразылығын тудырды.
"Не деген сұмдық бұл? Ауырып жатқан адамды күзетпен қадағаламақшы. Уақытша ұстау абақтысында оны емдейтін адам да жоқ қой, қазір сау адам да өліп жатыр мына аурудан", - дейді күдіктінің әпкесі Клара Аңдасова.
Оның сөзінше, ауруханадағы адамдардың өзін әрең аман алып қалып отырғанда, науқасты абақтыға апарып, дертін асқындырып алады. Сонымен қатар, Арлан Аңдасовтың жағдайы жақсарса да, түрмеге қамалғаннан кейін басқа адамдарға жұқтырмайтынына ешкім кепілдік бермейді. Ал дәрігерлер күдіктінің созылмалы ауруы бар екенін атап өтті.
"Қант диабеті, артериялық қан қысымы жоғары көтерілетіні анықталды. Қазір көрсетілген емдеу оң нәтижес көрсетуде. Емі жалғасып жатыр", - деді Қызылорда қалалық провизорлық стационарының дәрігер-терапевті Назерке Бейсенбекқызы.
Сот бұл жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартты. Енд3 күдіктінің туыстары оны үй қамаққа жіберсін деп президенттен көмек сұрамақ.